ads_hero

Астанаға арналды

О.Шонаев атындағы орта мектепте де соңғы қоңырау салтанаты өтті.

«Ел жүрегі-Астана» атты салтанатты жиынға аудан әкімі С.Рысқалиев, Атырау облысы бойынша Дін істері басқармасына қарасты Ақпараттық-талдау орталығының басшысы М. Құбышев арнайы қатысты. Үш тілде жүргізілген бағдарламаға сай биылғы жылы мектеп бітіретін он екі түлек сынып жетекшісі Қансұлу Қабдолқызымен бірге ортаға шықты. Сонымен қатар бұл жиынға осыдан 20, 30 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер де қатысты. Мектеп директоры Айгүл Бердешқызы шараға жиналған оқушылар мен ата-аналарды соңғы қоңырау салтанатымен құттықтады. Озаттар мен дарындылардың «Жұлдызды шеруі» мен "Ұстаздар шеруі" сән-салтанатымен сап түзеп, ортаны толтырды. Аудан әкімі Сырым Мұратұлы оқушыларды бүгінгі ерекше күнмен құттықтап, түлектерге толайым табыстар, сәт сапар тіледі.

Атырау облысы бойынша Дін істері басқармасына қарасты Ақпараттық-талдау орталығының басшысы М.Құбышев та өз ақжарма тілегін арнады. Ол Елбасының Жолдауларында, «Бес әлеуметтік бастамасындағы» «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сай мектептерде ІТ сыныптарын ашу, шілде айында Астананың 20 жылдығы тойланатынын айтып, соған үлес қосуға шақырды. Аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Орынбасарқызы ақ тілегін жолдап, түлектерге сәт сапар, алдағы ҰБТ-ні ойдағыдай тапсыруға тілектестік білдіріп, бірнеше мұғалімге «Үздік педагог» және «Қазақстан Республикасының Құрметті педагогі» төсбелгісін тапсырды. 2017-2018 оқу жылында үлгілі тәртібімен, озат оқуымен үлкен жетістіктерге жеткен бір топ оқушыға «Мақтау қағазын» берді. «Өнерпаз» мәдениет үйінің қызметкері Дана Ғасырбек өнерімен ел-жұртты тамсандырып, ән өнерін биікке шарықтатып жүрген мектеп түлегі Ғали Ізбасаровқа ұжым атынан демеушілік көрсетіп, алғыс хат пен сый-сияпат ұсынды. Осыдан 30 жыл бұрынғы, яғни 1988 жылғы түлектер атынан Нұрғали Аруев сөз алып, мектепке белгілі қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Оңай Шонаевтың майлы бояумен салынған үлкен портретін сыйға тартты. Ал 20 жыл бұрынғы түлектер бірнеше функциясы бар, үлкен музыкалық орталық сыйлады. Биылғы мектеп түлектері болса, сабаққа қажетті, соңғы заманауи үлгідегі екі интерактивті тақта сыйлады. Үш жылдың түлектері өздерін оқытқан ұстаздарына, сынып жетекшілеріне кәрзеңкедегі гүлдер мен бағалы сый-сияпаттарын ұсынса, бірінші сыныптықтар да сыйлықтан құр қалмады. Аудан, облысқа танымал өнерпаз, жезтаңдай әнші Әли Төлеуов «Родина моя» әнін асқақтата шырқап, онымен бірге өнер көрсеткен мектептің ең кішкентай жұлдыздарының композициясы да сәтті шықты. Міне, ең соңғы шешуші сәт те келіп жетті. Соңғы қоңырау соғу құрметіне 1 сынып оқушысы Наргиз Мирланқызы мен 11 сынып оқушысы Ғали Ізбасаров ие болды.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.

Super User

ads_hero