«Денсаулық алауы» Құрманғазы ауданына жол тартты

Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы мен Атырау облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы 27 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу туралы» №188 өкімін және облыс әкімінің 2018 жылғы 5 ақпандағы 2018-2020 жылдарға арналған «Саламатты өмір салты жылы» кешенді өңірлік іс-шараларының бірлескен жоспарын іске асыру мақсатында ағымдағы жылдың 26 мамыр-9 маусым аралығында «Астанаға – 20 жыл» ұранымен ұйымдастырған «Денсаулық алауы» эстафетасы Махамбет ауданынан бастау алды.

 

Бұл шараны өткізудегі негізгі мақсат – денсаулықты сақтау мен нығайту, қазақстандықтар арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Осынау денсаулық мерекесіне жиналған еңбек ұжымдары белгіленген тәртіппен орталық алаңда сапқа тұрды. Ауданның намысын қорғап, спорттық сайыс түрлері бойынша байрақты бәсекелерде топ жарған балғын спортшылар алаңда спорттық жаттығулар жасап, бой сергітті. Танымал әншілер Е.Ғафуров пен Б.Аруева «Мерекем» әнін шырқап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. -Денсаулық күні - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрылған 1948 жылдан бастау алады. Бүгінгі таңда әлемнің 191 елі осы ұйымның мүшесі болып табылады және жыл сайын осы мерекені атап өтеді,-деді мінберге көтерілген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Аймурзиева,біздің еліміз бойынша Денсаулық күнін атап өту 1950 жылдан бастап, бұлжымас дәстүрге айналды. Әр іс-шара денсаулық туының астында өтеді. Адамдардың спортпен жүйелі шұғылданып, шымыр да ширақ, сұлу да сымбатты болып өсуі үшін салауатты өмір салтын ұстанудың қаншалықты пайдалы, сонымен қатар қаншалықты маңызды екендігін білулері, сезінулері үшін ұйымдастырылатынын қаперге берген Мәншүк Құдайбергенқызы денсаулық алауы эстафетасының дауылпаз ақын, халық батыры Махамбет атымен аталатын ауданнан бастау алуы кездейсоқ емес, талай тұлпарлар тұяғының ізі қалған киелі топырақ жігерімізді жанып, рухымызды асқақтатады деп ойын түйіндеп, эстафетаға қатысушыларға ізгі ниетін білдірді.

Танымал әншілер Ә.Төлеуов пен Б.Сапиевалар орындаған «Астана» әні ашық аспан астында қалқып, елордамыздың мәртебесін одан сайын биіктете түскендей болды. Келесі кезекте сөз алған Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б. Бауыржанұлы денсаулық мерекесінің маңыздылығына тоқталды. Аудан әкімі С.Рысқалиев барша жиналған қауымды денсаулық мерекесімен құттықтап, салтанатты жағдайда «Денсаулық алауын» тұтатты. Қазақтың даласының кеңдігін паш еткендей Қ.Жұмашевтің орындауындағы «Сарыарқа» әні жүректерге жол тауып жатты. Үстеріне «Қазақстан» деген жазуы бар ұлттық нақыштағы спорттық кастюм киген аудан әкімі Сырым Рысқалиев бастаған топ қолдарындағы алауды лаулатып, сөре сызығын аттап, аудан көшелерін бойлап, жүгіре жөнелді. Соңдарынан аудан дәрігерлері, спортшы жастар ілесті. «Денсаулық эстафетасын» мәреден күтіп, қабылдап алатын Құрманғазы ауданы. Спорт – денсаулық кепілі. Дені сау ұрпақ халықтың болашағының іргесін қаламақ. Тән мен жанның саулығы бір-бірімен тығыз байланысты. «Денсаулық» алауын Құрманғазы ауданына апару құрметіне ие болғандар: Рысқалиев Сырым Мұратұлы, Махамбет ауданының әкімі, Қарагужиев Мәди Мағзомұлы, денсаулық сақтау саласының ардагері, Андашев Ержан Сағынұлы, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, спорт саласының ардагері, Меденов Саян, жас мемлекеттік қызметші. Дені сау адам табиғаттың ең қымбат жемісі – адамдардың өз денсаулығына көңіл бөлгені - өзін - өзі сыйлағаны. Адамның денсаулығы - өмір тіршілігінің ең бірінші шарты болып табылады. Сол күнгі ұйтқи соққан желмен бірге Е.Ғафуров орындауындағы рухты асқақтатар «Жерім менің!» әні төңіректі жаңғыртып, шартарапқа самғап бара жатты. Жасай бер, менің, кең- байтақ Қазақстаным!

Н.ТЕЛЬМАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521