«7-20-25»: заңнамалық кедергілер жойылды

Ағымдағы жылдан бастап ипотекалық тұрғын үй қарыздарының көлемі бір жылда 202 млрд. теңгеге ұлғайып, 1,3 трлн. теңге болды. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкі Қаржы нарығының әдіснамасы департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев айтып берді.

- Өткен жылы Қазақстан Ұлттық Банкі ипотекалық кредиттеуді жандандыру үшін жұмыс жүргізді. «7-20-25» бағдарламасының талаптары бекітіліп, Парламент депутаттарының қолдауымен ипотекалық нарықты дамытуға кедергі келтірген заңнамалық кедергілер жойылды, оператор – «Баспана» ИҰ құрылды. «7-20-25» бағдарламасын іске қосу 2018 жылғы шілдеде орын алды. Аздаған кезеңге қарамастан, қабылданған шаралар отандық ипотекалық кредиттеу нарығының жай-күйіне оң әсер еткені анық», - деді Д. Сәлімбаев.

Банк секторының несие портфелінде ипотекалық тұрғын үй қарыздарының үлесі бір жылда 8,3%-дан 9,7%-ға дейін ұлғайған.

- ІЖӨ-де ипотекалық портфельдің үлесі 2018 жылы 2,1%-дан 2,3%-ға, ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру көлемі бір жылда 47%-ға немесе 168 млрд. теңгеге ұлғайып, 525 млрд. теңгені құрады. Осы тұста банктердің ипотекалық қарыздар беру көлемі бір жылда 2,5 есеге көбейгенін атап өткен маңызды», - деп хабарлады Д. Сәлімбаев.

«7-20-25» бағдарламасын және тиісті шаралар кешенін іске қосу ипотекалық нарықтың ахуалын айтарлықтай жандандыруға мүмкіндік беріп, оның арқасында мыңдаған азаматтар меншікті баспанасын сатып алуға қолжеткізді. «Жалпы алғанда бағдарлама жақсы серпінді көрсетіп отыр. Үстіміздегі жылдың 6 наурыздағы жағдай бойынша 70 млрд. теңге сомаға 5 983 өтінім мақұлданды, 56 млрд. теңгеге 4 700 қарыз берілді», - деп түсіндірді Д. Сәлімбаев.

«7-20-25» бағдарламасының дамуын тежейтін негізгі фактор ел бойынша, әсіресе өңірлерде байқалатын бастапқы тұрғын үйдің жетіспеуі болып табылады. «2019 жылға шамамен 16 мың пәтер қажет. Әкімдіктер «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй ұсыныстарын арттырады деп үміттенеміз. Ол үшін біз тұрғын үй құрылысын қаржыландыру тетіктерін қарастырдық – «Баспана» ИҰ әкімдіктердің муниципалдық облигацияларын сатып ала отырып, «револьверлік» қағидат бойынша қаржыландыру үшін 150 млрд. теңге бөлуге дайын. Бұл мүмкіндікті Шымкент қаласының әкімдігі пайдаланды, ол 10 млрд. теңге тартты», - деді Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілі.

Д.Сәлімбаев 2018 жылғы желтоқсанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған немесе жеке құрылыс салушылардан сатып алынған тұрғын үйлерді сату қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізгенін де атап өтті. Енді «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үй «7-20-25» бағдарламасы аясында сатып алуға тең дәрежеде қолжетімді.

Бұл шара бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін бастапқы тұрғын үй көлемін арттыруға да мүмкіндік береді.

Махамбет МАДЕНОВ,

Ұлттық Банкі Атырау филиалының экономикалық талдау және статистика бөлімінің жетекші маман-экономисі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521