Спорт мектебінің мерейлі мерейтойы

Аудандағы жарты ғасырлық тарихы бар спорт мектебінің мерейлі мерейтойы аудан орталығындағы «Өнерпаз» мәдениет үйінде жоғары деңгейде атап өтілді.

Салтанатты шарада алдымен мектеп директоры Абат Қабеновтің мерекелік баяндамасы тыңдалды. Сахна төріне көтерілген аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов ауданның барша спортшыларын мерекелерімен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.

-Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барлық жастағы адамдарға спортпен шұғылдануға жағдай жасалуы керектігін айтқан болатын. Осыған орай облыс басшысы Нұрлан Асқарұлының қолдауымен ауданымыздың спорт саласы жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді. Биылғы жылы аудан орталығындағы спорт кешенін күрделі жөндеуден өткізсек, Ақжайық ауылында жаңа спорт кешенінің тұсауын кесіп, халық игілігіне ұсындық. Махамбет және Сарытоғай ауылдарынан, «туған жерге туыңды тік» деген қазақ нақылын ту еткен кәсіпкер жерлестеріміздің қолдауымен екі ашық спорт алаңдары салынды. «Жасыл белдеу» саябағынан баскетбол ойнайтын алаң пайдалануға берілді. Сарытоғай ауылының тұсынан жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды. Келесі жылы аудан көлемінде тағы бес кешеннің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ауданымызда ардагер спортшылардың құрметіне арналған турнирлер жиі өткізіліп тұрады. Ардагер спортшылардың жеткен жетістігін жеткілікті деңгейде насихаттап, жастарға үлгі қылу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады – деген Ж.Бахуұлы бір топ ардагер спортшыларға, атап айтар болсақ Ж.Сұлтановқа, М.Ибрашевқа, Е.Маменовке, М.Қартқожақовқа, Е.Андашевқа марапат қағазы мен бағалы сыйлық табыс етті.

5

Одан әрі өмірден озып кеткен ардагер спортшылар Д.Төленовтің, А.Жұмалиевтың, А.Бисенғалиевтың,М.Таңатаровтың, Қ.Андашевтың, М.Өтеғалиевтың, Қ.Ағелеуовтің, Т.Ташимовтың, Қ.Құсайыновтың отбасы мүшелеріне спорт мектебінің жас қызметкерлері ескерткіш сыйлық таратты.

5

Келесі кезекте сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Марат Мырзашев спорттың бұқаралығын арттыруда, жасөспірімдерді шыңдауда аудандық спорт мектебі жаттықтырушыларының қосып жүрген үлесі зор екенін атап өтті. Мектеп әдіскері С.Тәжбентай, есепші Ж.Мурзағалиева, Ақжайық спорт кешенінің меңгерушісі С.Маев, мектептің 2000 жылдардағы есепшісі Т.Мурзағалиев, футбол бөлімінің жаттықтырушысы Ә.Идрисов,мектеп қызметкері Ә.Есенов, дзюдо бөлімінің жаттықтырушысы А.Маменов, бокс бөлімінің жаттықтырушысы М.Қайрош, волейбол бөлімінің жаттықтырушысы С.Сыдықов, үстел теннисінен ҚР-сы спорт шеберлігіне үміткер М.Қуангеревтер спорт саласынан қосқан еңбектері үшін аудандық мәслихаттың алғыс хатымен марапатталды.

5

«Қазақстандық салалық, мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрайымы Гүлнар Шайхашева да мерекеге орай жүрекжарды лебізін білдіріп, мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары А.Алдешовке, іс жүргізуші А.Сұлтановаға, мектеп қызметкері Г.Өтешқалиеваға, дзюдо бөлімінің жаттықтырушысы А.Қабеновке филиалдың алғыс хатын табыстады. Мектеп директоры А.Қабенов өз атынан бір топ қызметкерлер мен зейнеткерлерге алғыс хат пен ескерткіш сыйлық сыйлады. Махамбеттік әріптестерінің қуаныштарын бөлісу үшін облыс орталығынан және көршілес аудандардан арнайы келген спорт мектептерінің басшылары мектеп директоры А.Қабеновке құттықтау хаттарын табыс етті.

s

Мерекелік жиынға қатысқан спорт саласының ардагерлері мен өмірден озып кеткен саңлақ спортшылардың жұбайлары өткен күннің естеліктерінен сыр шертіп, осындай керемет шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.

Ауданымызға танымал өнерпаздар Қ.Жұмашев, П.Жазылбекқызы, Н.Нұрмолдаева, І.Ғаниұлы, Д.Сатқандар мерекелік шараны әдемі әуендерімен әрлеп, салтанатты шараның сәнін кіргізді. Спорт мектебінің 50 жылдық мерейтойына арналған атаулы шараның шымылдығы үштіктің орындауындағы «Чемпиондар әнімен» жабылды.

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521