ads_hero

Жұмекеннің әңгімесін жүректерге жеткізді

Жуырда ғана тағы бір тамаша премьераның тұсауын кескен Атырау жастар театры біздің ауылға арнайы ат басын бұрып, Махамбеттің киелі сахнасында өнер көрсетті.

Көрнекті ақын, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР Әнұраны авторларының бірі, жерлесіміз Жұмекен Нәжімеденовтің сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген балалық шағының ауыр көріністерін бейнелейтін «Хат тасушы» драмасы жиналған көрерменнің көзіне еріксіз жас алдырды. Жазушы әңгімесінің желісі бойынша қойылымның инсценировкасын жасаған жергілікті ақын, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері Бақытгүл Бабаш болса, туындының қалың көрерменге жол тартуына қолдау білдірген Атырау облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Жас интеллектуал» жастар ұйымы екендігін атап өткен жөн.

q

q

Аты айтып тұрғандай спектакльдің басты кейіпкері Жұмекеннің бала күнгі досы, хат тасушы – Темірхат. Балалықтың кермек дәмін татқан байқұс балаға «Гитлер», «Қара хабар жеткізуші» деген лақап ат та таңылған екен. Оның бар жазығы сұм соғыстан суық хабар жеткізген бір жапырақ қағазды иесіне апарып табыстағаны еді.

q

Қимастарын қан майданға аттандырып, зарыға күткен ауыл балалары онымен ойнамақ түгілі, маңдарына да жуытпай, тас лақтырып, табалай жөнелетін. Кінәні тағдырдан емес адамнан іздейтін қамкөңіл бала психологиясы, сонша адамның мұң-наласын, қайғы-қасіретін қара сөмкеге салып алып, жалғыз өзі көтеріп жүрген хат тасушының жан арпалысын, автордың ауыр күрсінісін, әке мен баланың махаббатын, соғыстан келген солдаттың ашу-ызасын бір қойылымға сыйдырып, жүректерге жеткізе білген жас дарындардың өнеріне тәнті болдық.

qoiylym2

koiylym

«Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын» деген екен қазақ өнерінің алыбы Шәкен Айманов. Өкінішке орай, осы бір киелі өнерді қадірлеп келетін көрермені әлі де сирек арамызда. Негізін қалағанына көп болмаса да, көзайым болып жүрген Атырау Жастар театрының жанкүйері жоқ деген сөз емес, өз арамызда театрсүйер қауымның азайып кеткендігі айтпағымыз. Құр делебе қоздырып, алаңға шығып, айқай салатын даңғара диджейлер келсе, бала-шағамызбен шығамыз, ал жан тыныштығын сыйлайтын, өмірлік мәні бар өнер туындысын тегін көрсетем деген театр ұжымын қолдауға қара таппай қалатынымыз өкінішті.

Айнұр САТАЕВА

Кенжегул

ads_hero