ads_hero

Мемлекет қаржысын тиімді пайдалану басты міндет

Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы өңірлік комиссияның отырысын өткізді,-деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

Отырыс барысында өңірлерді дамыту және моноқалаларды дамыту мемлекеттік бағдарламаларының орындалысы талқыланды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айдар Нұралиевтің мәліметінше, соңғы 3 жылда өңірлерді дамыту бағдарламалары аясында 146 млрд. теңге бөлінген.

f3c1fe

- Аталған бағдарлама аясындағы жобаларды қаржыландыру бойынша оң динамиканы көріп отырмыз. Қаржыландырудың негізгі көзі – жергілікті бюджет, сонымен қатар, республикалық трансферттердің де едәуір өскені байқалады. Жобалардың тиімді іске асуы, тұтастай алғанда, өңірдің дамуына да оң ықпал етеді,-деді А.Нұралиев.

edefc

Көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. 24 елді мекенде 761,8 км. автомобиль жолдары жаңғыртылды. Жақсы және қанағаттанарлық дәрежедегі облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың үлесі жыл сайын артып келеді. Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 51% болса, жыл аяғына дейін 57% жеткізу жоспарланып отыр.

348

Елді мекендерді газдандыру, электр қуатымен және ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілді: 317,8 шақырым су құбырлары желісі мен су тазарту құрылғылары, 500шақырымнан астам газ құбырлары желісі салынды. Бұлар халықтың өмір деңгейін жақсартады. Сонымен қатар, облыс әкімі жұмыстардың сапасына да назар аударды.

- Біздің міндетіміз бөлінген мемлекет қаржысын игеріп қою ғана емес, сонымен қатар, аяқталған жобаларды қадағалап, мониторинг жасауымыз керек. Президентіміз халықтың әл-ауқатын көтеріп, өзекті мәселелерді шешуді тапсырды. Соның ішінде, сапалы ауыз суға қолжетімділік бойынша әлі де шешімін таппаған тұстары бар,-деген пікір айтты Н.Ноғаев.

Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Мұрат Иғалиев, ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша қосымша түсінік бере отырып, пайдалануға берілген сумен қамту обьектілерін қадағалап отыруға сауатты мамандардың жетіспейтінін айтты.

- Қазір аудандардағы көптеген су құбыры желілерін «Атырау Су Арнасы» КМК-ның балансына беріп жатырмыз.Бұл кәсіпорынның объектілерді пайдаланып, қызмет көрсетуге қажетті жабдықтары мен мамандары бар,-деп атап өтті М.Иғалиев.

Моноқалаларды дамыту бағдарламасының арқасында Құлсары 3 жылда 7 млрд. теңге қаражат алды: балабақшалар, мектептер, ауруханалар, басқа да әлеуметтік нысандар салынды. Жыл аяғына дейін, Құлсарыда мектеп, 2 балабақша, өнер мектебі, кітапхана және музей пайдалануға берілмек. Электр қуатын жүргізу, абаттандыру, қоғамдық қауіпсіздік бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Отырысты қорытындылай келе, өңір басшысы мемлекет қаржысын тиімді пайдаланып, сыбайлас жемқорлық белгілерін болғызбауға, бұл мемлекеттік қызметшілердің басты міндеті екеніне назар аударды.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

Сурет:ӨҚК

Кенжегул

ads_hero