ads_hero

Еңбекпен татқан нан тәтті

Мен Ұлы Отан соғысы аяқталған соң 1946 жылы Есбол ауылына қарасты «Жаңа күш» совхозының орталығында өмір есігін аштым.

Совхоз орталығындағы бастауыш мектепке 1 сыныптың табалдырығын аттап, 2 сыныпты да сол жерде оқып бітірдім. Әкем мен 2 сыныпта оқып жүрген кезімде өмірден озды. Ал 3-5 сыныпты Таңдай орта мектебінде жалғастырдым. Алтыншы сыныптан бастап Фурманов мектебінде оқып, онжылдықты да сол жерде аяқтадым. Тоғыз жасымнан бастап анама көмектесіп, сиыр баққаным есімде.

Совхоз анама бағымға 15 бас сиыр беріп, оны ауылдан 18 шақырым жердегі сиыр фермасында бағып, сүтін саууға көмектестім. Тұлымшағы желбіреген жас бала болсам да сол 15 сиырды 18 шақырым жерден жалғыз өзім айдап әкеліп, Жайықтан суарушы ем. Ол кезде мал-жанға шабатын аш қасқыр көп. Түз тағысынан қорықпастан сиырды жалғыз өзім айдап, аман-есен фермаға оралушы ем. Сиырды біз үш жыл бақтық. Бізге еңбекақыға деп аналық үш бұзау берді. Анамыз қатты науқастанып, малды тапсырып, үш бұзауды алып, Ортақшылға(13-ауыл) көшіп келдік. Алайда, сол жылы отбасымыздан екі бала бірдей суға кетіп, қан жұтып қалдық. Бұл қаза анамызға ауыр тиіп, науқасы онан сайын асқынып кетті. Ол балаларын жоқтап, Жайыққа жүгіретін...

МТС-та істейтін Тілекқабыл Дүрмұханов ағайдан үш айлық тракторшылар дайындайтын курста оқып, қолыма механизаторлық куәлік алып, егінде бір ауысым жұмыс істедім. Кейін Атырау мәдени-ағарту училищесі жанынан киномеханиктер курсын бітіріп, 11-13 ауылдарға 1962-1964 жылдары кино қоюға кірістім. Малшы ауылдарға да қызықты киноларымызды апаратынбыз. О кезде қазіргідей интернет, түрлі түсті теледидар деген жоқ. Бойжеткен соң он сегіз жасымда Ақжайық ауылының жігіті Санат Амантурлиев деген азаматпен шаңырақ құрдым. Кейін Ақжайықтан отбасымызбен Сарытоғайға көшіп келдік. Одан әрі 1965-1974 жылдары ауылдағы «Балбөбек» балабақшасына тәрбиешілік жұмысқа кірістім. Менің балабақшадағы балалармен қызықты жұмысым 13 жылға созылыпты. Ол кездегі балабақшада жұмыс 12 сағатқа созылатын. Ал 1974 жылдан бастап жұмысым Сарытоғайдағы алма бағында жалғасты. Бағбандық оңай шаруа емес. Бақтағы алма ағаштарына күтім жасауың керек. 1998 жылы зейнеткерлікке шыққанша осы алма бағында қызмет еттім. Сол уақытта «Озат егінші» атанып та үлгердім.

Жолдасым Санат екеуміз еңбек ете жүріп, 11 бала тәрбиелеп-өсірдік. Екі балам өмірден өтіп, бүгінде тоғыз балам бар. Бәрі де отбасылы, үбірлі-шүбірлі. Көзқуанышым немере-жиендерім желкілдеп өсіп келеді. Өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүреді демей ме. Тек биылғы жылдың қаңтарында жан жарым өмірден озғаны болмаса.

Мен зейнет жасына жеттім деп қол қусырып отырмай, «Амантұрлы» шаруа қожалығын құрдым. Қожалық жеріне бау-бақша, көкөніс өнімдерін егіп, 2000 жылдан бері жинаған бар өнімімді халыққа қолжетімді бағамен ұсынып келемін. Шыққан өнімдерді отбасымызбен, жиен-немере, тума-туыс, көрші-көлем болып, жинап аламыз. Биылғы сәуір айында аудандық әкімдіктен шаруашылық өнімдерін сататын арнайы орын сұраған болатынмын. Шілде айынан бастап маған Сарытоғай ауылына баратын аялдамадағы дүңгіршекті қараша айына дейін пайдалануға берді. Өнімімді екі айдан бері сол жерде сатып келемін. Бұл да болса, маған үлкен көмек. Бұғанамыз қатпастан тоғыз жастан бері 18 шақырым жерден өгіз арбамен су тасыдық. Еңбек бізді ерте есейтті. Бала болып, қуыршақпен ойнамадық, су тасу, қой-қозы, бұзау, сиыр бағу секілді қат-қабат жұмыстарды атқарумен шыңдалдық. Еңбек ерте қатайтты бізді. Еңбек етсең, міндетті түрде нәтижесін көресің. Аянбай, жалқауланбай, еңбек еткен дұрыс деп ойлаймын.

Қазақта «Еңбек етсең, емерсің», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демей ме. Біз аштық-тоқтықты да көріп өскен ұрпақпыз. Қазір әр істің басын бір шалып, жүретін адам көп. Кейбіреу жұмысқа көп тұрақтамай, жалақысы аз деп шығып кетіп жатады. Мен жастарды жалқауланып, жатыпішер болмай, адал еңбек етуге шақырамын. «Еңбектің наны тәтті» деп халық тегін айтпаған.

Қалиса Маханова,

көпбалалы ана, «Амантұрлы»

шаруа қожалығының жетекшісі.

Кенжегул

ads_hero