ads_hero

Махамбеттік шаруалар науқандық жұмысқа кірісіп кетті

Көктемде ырыздығын жерден терген диқандар бұл мезгілдің әр күнін тиімді пайдаланып, ойдағыдай өткізуге тырысады. Осыны ескерген Махамбет ауданының шаруалары көктемгі науқандық жұмыстардың сапалы әрі уақтылы жүргізілуіне бар күш-жігерлерін жұмсап жатыр.

 ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ

2017 жылы аудан бойынша 3323 га егістік егілді (2016 ж 2941га). Жыл соңында тиісінше 8556 тонна картоп, 23315 тонна көкөніс, 11703 тонна бақша өнімдері алынды.

Биылғы жылға «АгроФеликс» ШҚ-дан фючерстік келісім шарт негізінде қаражат алуға 90 млн. теңгеге сұраныс жинақталды. 2018 жылғы алдын ала болжам бойынша 102 шаруашылық жеке сектормен қоса есептегенде 540 га жерге картоп, 700 га жерге көкөніс, 300 га жерге бақша өнімдері егіледі деп жоспарлануда. Мал азықтық дақылдар барлығы - 2200 га бөлініп, оның ішінде: 500 га жерге сүрлемдік жүгері дақылдары, көпжылдық шөптер 1000 га, бір жылдық шөптер 700 га, 4 га жерге жылыжай, 5 га жерге жеміс ағаштары егіледі деп отырмыз. Жалпы алғанда барлық егіс көлемі 3749 га жерді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 114 %-ға өсетін болады.

Дәл бүгінгі таңда көктемгі дала жұмыстарының қалай жүріп жатырғандығын баяндайтын болсам, өткен жылдың қазан-қараша айларында 1780 га жер жыртылып, дайындалса, қалған егіс алқаптарында бұл жұмыстар енді басталуда. Жалпы биылғы егіс жұмыстарында аудан бойынша барлығы 811 адам жұмыспен қамтылады. Алдын ала есеппен, оның ішінде - картоп 1350 тн, көкөніс 2,1 тн, бақша 0,9 тн , мал азықтық дақылдарға -17,3тн, барлығы 1370,3 тн тұқым қажет етіледі. Қазіргі таңда қолда бары 200 тн тұқым болса, қалған 500 тн тұқымға сатып алуға келісім шарттары жасақталған. Ал, 670 тн жетіспейтін тұқым сәуір, мамыр айларында қаладағы арнайы тұқым сататын базарлардан алынатын болады.

 ТЕХНИКАМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛДЫ

Тұқымнан бөлек техникалық жабдықтарды да басты назарға қойып отырмыз. Өткен жылы егіс жұмыстарын жүргізуге «ҚазАгроҚаржы» АҚ-нан 27,2 млн. теңгеге, 4 шаруашылық Беларусь 82.1 маркалы 2 дана, КУН-0,8 маркалы 1 дана трактор, престегіш 2 дана және 1-дана шөпжинағыш сатып алды.

Биылғы көктемгі дала жұмыстарына да 221 трактор дайындалса, оның ішінде шынжыртабандысы 79 дана, соқа – 25 дана, плоскарез -16 дана, қопсытқыш-15 дана, дән аршушы-15 дана, тырма-15 дана, дән сепкіш-22 дана, бүріккіштер -23 дана деп бөлінді. Сонымен қатар, шаруашылықтардан арзандатылған дизель отынына сұраныстар жинақталуда.

ТЫҢАЙЫТҚЫШ ТА ТАБЫЛЫП ЖАТЫР

Бұл саланы түсінетін, жетік білетін мамандарға аян, егін шаруашылығында тыңайтқыштардың алатын маңызы зор. Өйткені, біздің аймақтағы қуаңшыл, жауын-шашынсыз экологияның салдарынан, тың жерден тыңайтқышсыз өнім алу мүмкін емес. Күні бүгінде 16 шаруашылықтан аммиак селитрасына - 667,6 тн, аммофосқа -101 тн сұраныс жинақталып, электронды субсидиялауға өтінімдер қабылдануда. Осыған сәйкес, «МинАгро » электронды порталына шаруашылықтардың егіс алқаптарын енгізу жұмыстары да нәтижелі жүргізілуде.

 ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ ҰЛҒАЙДЫ

Жаңа технологияларды енгізу бағытында 2017 жылы тамшылатып суару әдісімен барлығы 27 шаруа қожалық, 1219 га егіс алқабы қамтылған болатын. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 111,0 % - ға ұлғайған-ды. Биылғы 2018 жылда тамшылатып суару технологиясын қолдана отырып, егілетін егіс көлемін 1320 га-ға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштерді көктемгі дала жұмыстары науқаны аяқталғанға дейін жүзеге асырамыз деген ойдамыз.

МАЛ ТӨЛДЕТУ МАҢЫЗДЫ ШАРУА

Көктем шыққалы қора маңында қозы-лақтың құлаққа жағымды маңыраған үні естіліп, малсақ жанның екі езуіне күлкі үйіріп, қуанып жатқан жайы бар. Жаңа туған төлдің көп ұзамай енесіне еміреніп, құлдыраң қағып, ойнап кететін көрінісінің өзі бір керемет. Қай істің де бейнетінен соң зейнетін көргің келетіні заңды құбылыс емес пе? Көктем шықса, төрт түлігім шығынсыз төлдеп, өлім-жітім болмаса екен деп шаруалардың тілеп отыратыны белгілі. Махамбет ауданында қазіргі таңда егіс жұмыстарымен қатар мал төлдету науқаны да жүріп жатыр. «Қой қоздап, қорада шу» деген осы болса керек. Жауапты іске малшылар қауымы қызу кіріскен. Өйткені, олар үшін төрт түлікті табысты төлдету маңызды шаруаның бірі саналады. Бұл – тек мал ұстағандарға ғана емес, сондай-ақ бүтін бір ауыл шаруашылығы саласы үшін де маңызы зор кезең. Бір сөзбен айтқанда, көктемгі науқан жұмыстарына қатысты жағдай қалыпты әрі тұрақты назарға алынған. Биылғы жылдың бастамасына бұл көрсекткіш те ойдағыдай. Барлық алынған төл күні бүгінде: бұзау- 893 бас, қозы-лақ- 3839 бас, құлын- 12 бас, бота- 22 бас.

 АЛЫНҒАН ӨНІМ ОЙДАҒЫДАЙ

Айналаны барлап отырсаңыз, көктемнің күндеріне аман-есен жеткен төрт түлік түрі де көктеудегі шөптен басын алар емес. Қалай десек те, мал бабын тап¬қанға бітетіні белгілі. Уақтылы жемшөбін беріп, дұрыс күтіп-баптай білсең ғана еңбегің жанып, өтеледі. Осыны жақсы білетін аудандағы шаруашылық иелері төрт түлікті шығынсыз, өз төлі есебінен өсіруге мықтап ден қойған. Қожалық басшылары да бүгінде мал басын асылдандырып, санын көбейтуге ерекше көңіл бөліп отыр. Атакәсіпті ойдағыдай игеріп, төрттүлікті өсіріп, өнімімен халықты қамтамасыз етіп қана қоймай, аудан шаруалары оларды көбейту жұмыстарын белсенді түрде атқарып келеді. Әлбетте, шығындары да жоқ емес.

 КООПЕРАТИВ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ

2017 жылы аудан бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы арқылы несие алып, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы бағытындағы 2 өндірістік кооперативтер тіркеліп, өз жұмыстарын бастады: «Бақсай» және «Ынтымақ Махамбет» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері. «Бақсай» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі Волгоград қаласынан құны 15 млн. теңгені құрайтын қуаты күніне 15 бас арнайы модульді мал сою цехын сатып алу келісім шартын жасап, мұздатқышы бар рефрижератор сатып алды. Күні бүгінде 230 бас мүйізді ірі қара бордақыланып, шарт арқылы ет тапсырып отыр. «Ынтымақ Махамбет» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне 61 мүше тіркеліп отыр. Кооператив 43 млн. теңге жеңілдетілген несиеге 227 бас мүйізді ірі қара малын сатып алған. Күніне 15 бас мал союға арналған жеке мал сою орны Махамбет ауылында орналасқан.

ТҮЙІН

Биыл көктем кеш шығып, әлі салқындық сақталып тұр, бірақ соған қарамастан егін алқабының басында жер жырту, өңдеу, топырақ үю, су жүйелерін қалпына келтіру, қоршау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Алдағы амалдар кезінде ылғалдың жылдағыға қарағанда көп болғаны жақсы. Қатты жел жерді құрғатып үлгермейді. Жер әлі салқын, сондықтан қызуын күтпей болмайды», - дейді диқандардың өзі. Қазір егіс алқаптарында, шаруа қожалықтарында өмір қайнап жатыр. Бұл ерен еңбектің жемісі, жарқын өмірдің өрісі, келелі келешектің көрінісі деп білемін. Алдағы уақытта да Елбасының қолдауымен еліміздегі ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарламалар жүйелі жүргізіліп, соған тамшыдай болсын үлес қоссақ, біздің шаруагерлеріміздің еңбегінің бағаланғаны, маңдай терлерінің өтелгені деп білемін.

Олжас МЫРЗАБАЕВ, Махамбет аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Super User

ads_hero