ads_hero

Аудан 90 процент газбен қамтылып отыр

«Нұр Отан» партиясы Махамбет аудандық филиалы Саяси кеңесі Бюросының кеңейтілген отырысын аудандық партия филиалы төрағасы Рысқалиев Сырым Мұратұлы ашып, жүргізіп отырды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе- Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуі бойынша Махамбет аудандық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі,Саяси кеңесі Бюросының мүшесі А.Құрманбаев хабарлама жасады.

Бірінші бастама-әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру. Елбасының әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру бастамасына орай ауданда да жаңа міндеттер айқындалып,бұған дейін де қарқынмен жүргізіліп жатқан тұрғын үй құрылысына жаңа серпін берілмек.

Өткен жылы, өздеріңіз білесіздер, аудан орталығында пайдалануға берілген көппәтерлі үйден тұрғын үйге мұқтаж әлеуметтік жағынан әлсіз 20 тұрғынға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 11 жасқа, үйі апаттық жағдайдағы 1 тұрғынға және 22 мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлеріне жаңа пәтер берілді. Бұдан басқа полиция қызметкерлеріне 6 тұрғын үй сатып алынып берілсе, Сарытоғай ауылындағы 10 жанұяға тұрғын үй берілді.

Үстіміздегі 2018 жылы құрылысы басталған 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. 2019 жылы тағы бір 60 пәтерлік үйдің құрылысын жүргізу көзделуде. Сонымен бірге биылғы жылы «Жас отау» бағдарламасы бойынша 50 тұрғын үйдің құрылысы басталуы керек. Сонда аудан тұрғындарының тұрғын үйге сұранысы толық қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Екінші бастама- Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту. Салықтық жүктемені төмендету мақсатында жалақыны аз алатын адамдарға салық 1%-ға дейін төмендейді. Бұл әлемдік тәжірибеде болмаған шешім. Бастысы үнемделген қаржы осы санаттағы адамдардың еңбекақысын көтеруге жұмсалады. Бұл-2 миллионнан астам азаматтың табысын арттыруға жасалған қадам.

Ауыл шаруашылығында еңбек ететін адамдардың табысы төмен екені белгілі. Біздің аудан да негізінен аграрлық салаға арқа сүйеп отырған аудан болғандықтан сала еңбеккерлерінің табыс салығын 1 пайызға дейін азайту бастамасын аудан еңбеккерлерінің қуана қабылдағаны анық. Сол сияқты ауданда өзін-өзі жұмыспен қамтитын адамдардың қарасы әжептәуір. Айлық табысы орташа көрсеткіштен аспайтын олар үшін де үміт оты тұтанғандай.

Үшінші бастама-«Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасы да еліміздегі бірқатар өзекті мәселелердің оң шешілуіне ықпал етпек. Елбасы ЖОО, колледждерге мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауды тапсырды. 2022 жылдың соңына кемінде 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырды. 2016-2017 оқу жылы қорытындысымен аудан бойынша 259 оқушы бітіріп, олардың 135-і ЖОО-ға,110-ы колледждерге оқуға түсті. ЖОО-на түскендердің 26-сы мемлекеттік грантқа ие болса, 21-і облыс әкімінің грантымен оқып жатыр. Колледждерге түскен 110 түлектің 33-і грантпен оқиды.

Алға қарай білім гранттарының көбеюі оқуға ынталы жастардың көнілін бір демдесе, студенттердің жатақханамен қамтылуға қатысты мәселесінің шешімін табуы да оларды қанағаттандырары сөзсіз. Төртінші бастама- «Шағын несие беруді көбейту». Еліміз бойынша 2017 жылы 32 млрд. теңге құрайтын 7200 шағын несие берілген, 2018 жылы қосымша 20 млрд. теңге бөлінбек. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мәселесін шешуде елдің әлеуметтік жаңғыруына базалық жағдай жасалып отыр.

Өткен жылы ауданда «Бизнестің жол картасы - 2020», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікпен дамыту» бағдарламалары және өзге де қаржы институттары арқылы 83 адамға 764,1 млн. теңге несие берілді. Барлығы 125 жұмыс орны ашылды. «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасының 1-бағыты бойынша «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ арқылы 7 кәсіпкер 441,3 млн. теңге несие алды және олардың сыйақы мөлшерлемесінің 10 пайызы субсидияланды. / 2016 жылы 6 кәсіпкер 1731,7 млн.тенге/. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде 2 кәсіпкер мемлекеттік грантқа ие болды. Алға қарай шағын кәсіпкерлікті қаржыландыру одан әрі жалғасады.

Бесінші бастама- Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру. Жалпы әлеуметтік дамудың негізгі белгілері ауыл инфрақұрылымы, елді мекендердің басым бөлігін газбен қамтамасыз ету. Елбасы ұсынған бесінші бағыт бойынша елді мекендерді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру жұмыстары біздің ауданда да толыққанды жүзеге асып жатыр деуге толық негіз бар. Қазір аудан халқының 98 %-ы табиғи газ отынын пайдаланып отыр, бұл 23 елді мекеннің 17-сі. Қалған 6 елді мекеннің 4-не газ желісінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда.

Ауданның елді мекендеріндегі жаңа мөлтек аудандарға газ желілерін жүргізу жұмыстарына «Гранд Мастер» ЖШС-мен келісім шарт жасасып, жалпы ұзындығы 76200 метр газ құбырлары жүргізілді, 2 газ қысымын реттеу пункті орнатылды. Алға қарай бұл жұмыстар жалғасын табатын болады.

Хабарлама бойынша сөз алған аудандық мәслихат хатшысы, саяси кеңесі Бюросының мүшесі М.Мырзашев халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін Елбасы үндеуі қалың бұқара арасында кеңінен талқыланып, үлкен қолдауға ие болып жатқанына тоқталды. Сондай-ақ Елбасы осы әлеуметтік бес бастаманың орындалысын бақылауға алуды «Нұр Отан» партиясына тапсырғанын айтып, бұл бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізілетінін қаперледі.

-Елбасы әлеуметтік бес бастамасында баспана мәселесін оңтайлы шешу үшін «7-20-25» бағдарламасын ұсынды. Онда жұмыс істейтін әрбір қазақстандыққа 20 пайыздық алғашқы жарна төлеу арқылы 25 жыл мерзімге төлеу үшін жеті пайыздан аспайтын үстемемен несие алу ұсынылған. Менің ойымша, 35-40 мың теңге жалақы алатындар бұл бағдарламаға қатыса алмайды, сондықтан әлі де зерделей түскен жөн сияқты,-деді Елбасы үндеуіне байланысты өз ойын білдірген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Саменов. Сондай-ақ студент жастарға грант бөлгенде әділеттілік орнауы тиіс. Жатақханадан орын бөлгенде де алыс ауылдан келген студент жастардың мүддесі ескерілуі керек деген ұсынысын айтты.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе-Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылдың 3 қарашасында өткен Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін партия Саяси кеңесі Бюросының 2017 жылғы 14 желтоқсанында № 021 қаулысымен Партиялық жаңғырудың нақты жоспары бекітілген болатын. Осы Партиялық жаңғырудың жоспары жөнінде аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Р.Әженов хабарлама жасады.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы Махамбет аудандық филиалы жанындағы Саяси кеңес және Саяси кеңесі Бюросының 2018 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Күн тәртібіндегі төртінші мәселе— аудандық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының 2018 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Күн тәртібіндегі бесінші мәселе «Нұр Отан» партиясы Махамбет аудандық филиалынан аудан әкіміне, аудан әкімінің орынбасарына, аудандық мәслихат депутаттарына, ауылдық округ әкімдеріне кадрлық резерв бойынша үміткерлер ұсынылып, бюро мүшелерінің дауыс берулері арқылы аудандық партиялық, кадрлық резерв құрамының тізімі бекітілді.

Күн тәртібіне сәйкес «Нұр Отан» партиясы Махамбет аудандық филиалына қарасты Партиялық бақылау комиссиясының құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, өзгертілген тізімде көрсетілген партия мүшелері комиссия құрамына енгізілді. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Бюро отырысы қаулы алды. Осымен «Нұр Отан» партиясы Махамбет аудандық филиалы Саяси кеңесі Бюросының кеңейтілген отырысы өз жұмысын аяқтады.

Н.ЕРҒАЛИЕВ

Разработка расширений Joomla

Super User

ads_hero