ads_hero

Ұлттық аспаптар ұмытылмасын

Тарихқа көз жүгіртсек, ертеде ата-бабаларымыз қолда бар дүниелерден дыбыс шығаруға арналған алуан түрлі аспаптар жасап, кәдеге асырған. Оның ішінде тастан, ағаштан, өсімдік, малдың терісі, сүйегі, мүйізі, ішектен, қылдан т.б. бар. Ағаштан ойылып, шанағы ешкі терісінен қапталып, ішегіне аттың қылы тағылатын халқымыздың көне ішекті музыкалық аспабының бірі – шертер.

Қазақ халқының музыкалық мәдениетіне өткен ғасырдың 80 –ші жылдары енген шертер аспабын зерттеген Болат Сарыбаев еді. Бұл аспап негізінен домбыра мен қобыздың арғы тегі болып саналады. Сыртқы түрі қобызға келгенімен, көлемі жағынан домбырадан кіші. Ойнау тәсілі домбыра тартуға ұқсайды. Дыбыс күші қапталған тері мен шектердің қалыңдығына байланысты. Бастапқы кезде аспапта перне болмаған. Көп ұзамай перне орналастырып, аспаптың беткі жағы біраз өзгеріске ұшыраған. Жалпы аспаптың даусы қоңыр, диапазоны екі октавалық.

–Атырау қаласына ең алғаш шертер аспабы 1997-1998 жылдары келді. Ол менің Д.Нұрпейісова атындағы музыка училищесінде домбыра-прима мамандығы бойынша оқып жатырған кезім. Мұғалімім Досқали Ижанов ағамыз 1997 жылы күзде шертер аспабы келгенін, сынақ ретінде алғашқылардың бірі болып, маған ойнауды тапсырды. Егер үйлессе, шертер сыныбын ашамын деген ойымен бөлісті. Уақыт өте келе шертер аспабымен көптеген шығармаларды, күйлерді үйрендім. Мемлекеттік емтиханда Т.Момбековтің «Бозінген» күйін орындадым.

Бұл аспап 1998-1999 жылдан бастап облыстық Н.Жантөрин атындағы филармонияда «Нарын» ансамблінде қолданысқа енгізіле бастады. Кейіннен шертер сыныбы ашылып, облыста кеңінен танылды. Шәкірттерімнің бірі – Наурызбек Жұмағали- ев 2005 жылы Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық колледжге түсіп, 2009 жылы аталған оқу орнын шертер сыныбы бойынша тәмамдап шықты. Көптеген облыстық байқаулардың жүлдегері, республикалық «Шабыт» фестивалінің лауреаты атанды. Қазіргі таңда ол З.Ещанова атындағы аудандық өнер мектебінде өзіммен бірге ұстаздық етуде. Оның дайындаған оқушылары да түрлі байқауларға қатысып, білімдерін оқу орындарында жалғастыруда, – дейді "Халықаралық ұстаздар одағының мүшесі", "Есбол" КМҚК-ның басшысы Елжан Қамашев.

Б.Сапарова.

Super User

ads_hero