ads_hero

Көне сарайшықтың жоқшысы

Өлкемізде сонау өткен ғасырдың 60-70 жылдарынан бастау алатын өлкетану бағытының басы-қасында, туған өлкесінің тарихын жанындай сүйген азаматтың бірі де бірегейі қарапайым ауыл мұғалімі Мұстажап Намазғалиев тұратындығы белгілі.

Ол Абай атындағы педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) бітірген. Ғұмырын жас ұрпақ санасына ұлттық тарихымыздың мәйегін сіңіруге арнаған ардагер ұстаз. Көне Сарайшықтан табылған жәдігерлерді жинап, 1968 жылы мектепте тарихи музей бұрышын ұйымдастырды. Осы бір тынбай ізденістер мен қажырлы еңбекқор жанның ұшан-теңіз еңбегінің нәтижесінде музей бұрышы ауылдық музейге, облыстық музейдің бөлімшесіне айналды. Көп жылдар бойы жинақталған жәдігерлерді толықтырып, 1999 жылы 3 қыркүйекте көне Сарайшық қаласының тарихын, жалпы ХІ-ХVІІ ғасырдағы қазақ халқының тарихына арналған «Хан Ордалы – Сарайшық» музейі қорығы ашылды. Келесі жылы музей қорықтың ашылғанына да 20 жыл толады.

Туған жерінің киелі тарихын насихаттауда өлшеусіз үлес қосқан азаматтың асқақ арманы жүзеге асып, музей қорықтың ашылуы кең-байтақ еліміз үшін тың серпіліс, тарихи оқиға болды. Бүгінгі «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы қорындағы жәдігерлердің дені ағамыздың қажырлы еңбегімен жинақталған.

Мұстажап ағамыз көне қалаға қатысты «Сарайшықтың сыры көп», «Өскен ауыл», «Тағы да көне Сарайшық жөнінде», «Көне Сарайшық жөнінде не білеміз?» атты мақалалар жазып, ежелгі қаланың өткені мен бүгінгі ауыл тарихынан сыр шертті.

«Тағы да көне Сарайшық жөнінде» мақаласында тарихшы-өлкетанушы жазылған деректерді саралай келіп «... Сарайшықтан тіке жолмен шыққаннан кейін Отырарға елуінші күні жететін... Отырардан әрі Алмалыққа дейін 45 күн есептеледі. Бұл келтірілген үзінділерден орта ғасырлық Сарайшықтың едәуір маңызды қала болғандығын түсіну қиын емес. Есік обасы көне Алмалық қаласынан да көп қашық болмаса керек. Олай болса К.Ақышев жолдастың Есік обасы мен Отырардан табылған көне дүние көздерінің Сарайшық экспонаттарына ұқсас болуы заңды да», - деген өзіндік пікір білдіреді.

1974 жылдың көктемінде Сарайшықта болған КСРО Ғылым Академиясы археология институтының ғылыми қызметкері Л.Л.Галкин М.Намазғалиевпен кездесіп, көне қала орнындағы қазбалар жасалған жерлермен танысып, тың мәліметтер алған. Сол жылдың күзінде археолог-ғалым Москва қаласынан бандероль жібереді. Келген хатта:

«Қымбатты Мұстажап! Сізге қажет-ау деген бірнеше кітапты жолдап отырмын. Өзімнің жұмыстарымнан тек біреу ғана қалған екен, оны да жібердім. Бұлар сенің кітапханаңның қымбат қазыналары болады деп сенемін. Құрметпен Галкин. 10.VІ. 1974 ж.», - делінген (Малды өңір, 19 ноябрь 1974 жыл).

Л.Л.Галкин жіберген еңбектердің ішінде ірі ғалым Б.Н.Заходердің 1962 жылы Москвадағы «Шығыс әдебиеті» баспасынан шыққан «Шығыс Европа туралы Каспий шежіресі» («Каспийский свод о Восточной Европе») және сол жылы жарық көрген Амин аль-Холидің «Нил мен Волганың байланысы» (Связи между Нилом и Волгой») атты кітаптары бар болатын. Бір қызығы, археолог ғалым КСРО Ғылым Академиясының баспасынан жарық көретін «Советская археология» жинағының 1963 жылғы №4 санын да жолдаған екен. Осы жинақтағы «Жаңа Сарайдан табылған шоқпар» атты өз мақаласында жолдаған. Бұл мақалада Сарайшықтан табылған бір ескерткіш жөнінде айтылады. Аталған еңбектердің барлығы да өлкеміздің ертедегі тарихынан аса құнды мәліметтер беретіндігі.

Ал 1976 жылдың қараша айында Л.Л.Галкин бастаған бір топ ғалымдар Сарайшықта тағы да болып, мектеп оқушыларымен кездеседі. Кездесу барысында археолог-ғалым мектеп музейіне М.В.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университеті баспасынан шыққан көрнекті ғалым Г.А.Федоров-Давыдовтың «Кочевники Восточный Европы под властью золотоординских ханов» және өзінің «Одно из древнейших практических приспособлений скотоводов» атты кітабын сыйға тартқан. Бұл кездесу туралы Мұстажап ағамыз: «Ғалымдармен кездесу мектеп оқушыларының туған жердің тарихи және мәдени мұраларын қастерлеп, оны құрметтеуге, жинақтауға деген құштарлығын арттыра түсті», - деп жазды (Малды өңір, 18 ноябрь 1976 жыл).

Көне Сарайшықты қорғау туралы мәселені осыдан 40 жыл бұрын көтерген де сол ағамыз. 1977 жылы белгілі өлкетанушы былай деп жазды: «Жайық өзені өзінің арнасын жиі ауыстырып отырғандықтан, көне Сарайшық қаласының негізгі орны су астында қалған. Тек қаланың шет жағындағы кен балқыту, қыш ыдыстар құятын шеберханалар мен өте ертедегі бейіттердің орындары ғана қалған-ды. Жылма-жыл су тасуы кезінде өзен жарының құлауы нәтижесінде енді аз жылда бұл орындар да мүлдем жоқ болатын түрі бар. Жергілікті органдар бұған көңіл бөлсе демекпіз. Мәдени ескерткіштерді қорғаудың аудандық қоғамы осы мәселе төңірегінде ойланып, белгілі шара алса игі іс болар», - дейді (Малды өңір газеті, 19 март 1977 жыл).

90-жылдарың ортасында жазылған келесі бір «Көне Сарайшық жөнінде не білеміз?» мақаласында «Көне Сарайшықтың аты күні бүгінгі Сарайшық селолық округі мен сондағы орта мектептің атында ғана сақталған. Қазір ескі Сарайшықтың жайы қыл үстінде тұр. Бір кезде гүлденген қаланың болмашы шет-пұшпақтарынан қалған археологиялық экспонаттарды жинап, өзім құрастырған осындағы тарихи-өлкетану мұражайы бар. Алайда оның да болашақ тағдыры белгісіз. Оны «біресе облыс орталығындағы мұражайға, біресе аудан орталығына аламыз» деп оқтын-оқтын әңгіме жасап қояды. Біздің пікірімізше, бұл жердегі «Сарайшық» атауы жойылмауы керек, қайта кеңейтіле түскені жөн. Ал тарихи-өлкетану мұражайы шағын штат пен мемлекеттік дербестік құқығына ие болса дейміз», - деп дабыл қаққан. Туған өлкенің тарихына жанашарлық осындай болса керек-ті. Ағамыздың мақсат-тілегі орындалды. Қазір үкімет тарпынан көне қала орнына ерекше назар аударылып отырғандығы белгілі. Оның нақты дәлелі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 4 сәуірдегі №162 Қаулысы бойынша «Хан Ордалы – Сарайшық» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Мәдениет және спорт министрлігінің «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылуы.

Ол газет арқылы жұртшылыққа көне Сарайшықтан табылған жәдігерлерді кеңінен насихаттады. «Бұл жәдігерлердің өзі негізгі үш мәдени қабаттардан табылғанын жаза келіп, бірінші мәдени қабаттан қыш құмараның, екінші мәдени қабаттан табылған кішкентай құмыра өзінің бірнеше ғасыр топырақ астында жатқанына қарамастан ішкі бетінің эмалының жалты және беріктігімен таңдандырған. Ал үшінші мәдени қабаттан, тереңдігі үш метрдей топырақ астынан тас қазанның жоғары жақ жартысы мен түбінің сынығы өзіне үлкен құпияны сыр етіп сақтауда» дейді.

Ұстаз өткізген сабағында да қала жөніндегі алғаш мәліметтерді 1336 жылы бұл қалада болған белгілі араб саяхатшысы Ибн-Баттута, ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында Абул-Ғазы Баһадур хан өзінің «Родословное древо тюрков» еңбегінде, 1558-1559 жылдары Каспий бойында саяхат жасаған ағылшын көпесі Антоний Дженкинсон жазып қалдырғаны туралы мәліметтерді оқушыларға жеткізген. Сонау 1971 жылы тарих сабағында туған өлке шежіресіне қатысты материалдарды тарих сабағында сыналап енгізіп, оны оқушылардың таным-түсінігіне сай жеткізе білу дегеніміз өзінің пәні мен туған өлке тарихын жанындай жақсы көрген – Мұстажап сынды ұстаздардың қолынан ғана келетін іс еді. Сабақта көне Алтын Орданың астанасы Сарай қаласынан кейінгі кіші Сарай (Сарайшық) қаласының сол кездегі «Ұлысу» деп аталған Жайық өзенінің бойынан қалай пайда болып, гүлденіп көркейіп, кейін оның опат болуы туралы жан-жақты әңгімелеп, толыққанды мағлұмат берген.

Өлкетанушы М.Намазғалиевті бір таңғалдырған нәрсе, көне қала маңындағы ескі бейіттер құрылысы болған. Ол туралы М.Намазғалиев «...Төбедегі кішкене ойық арқылы ішіне енгенде қабыр төрт бұрышты, ауданы 4 метр шаршы метр, шетінен күмбез шаңырағының ең жоғары нүктесі 2 метр шамасы, іргесінен төбесіне дейін күйген кірпіштен қиюластырып қалануы, әрбір кірпіш бір-бірімен әк (алебастр) арқылы кіріктірілген», - деп сипаттайды. «Қабыр ішінде 5 адамның мүрдесі болған. Оның үшеуінің ағаштан жасалған табыттарының қалдығы сақталса, ал қалған екі мүрде шашылып жатқан. Өкініштісі, қабырға бұрын келгендер әрбір мүрденің сақталу тәртібін бұзып, олардың қойылу бағытын анықтауға мүмкіндік бермеген. Қабырдың ешбір қабырғасында есік жоқ болған. Жергілікті өлкетанушы-тарихшыны қызықтырған негізгі сұрақтарға келсек. Біріншіден, күмбезді жер астынан құпия салуға не себеп болғандығы болса, екіншіден, қабырдағы 5 мүрде бір күнде бірдей жарық дүниеден озған ба?. Үшіншіден, егер олай болса, олардың бірқатарына табыт, кейбірін жалаңаш күйінде неліктен жерлегені. Төртіншіден, әлде жаугершілік жағдайға байланысты кейбір мүрделерге табыт жасауға жағдай болмады ма? Олай болса, жер асты күмбезі қиюластырылып, өруге қалай мұрса болған, мүмкін тыныштық орнаған кезде өрілген шығар» деген өзіндік пікірлерін білдіре кеткен. Шын мәнінде бұл сұрақтарға дәл жауап беру өте қиын.

Сонымен бірге ізденпаз тарихшының пікірінше орта ғасырлық Сарайшықта кен балқыту іс де жолға қойылған. Оған балқытылған мыс рудаларының қалдығы, әртүрлі қортпа қалдықтары, шлак т.б. куәлікке тартады. Сарайшықтан табылған жәдігерлер арқылы қолөнердің дамығанын нақтылап, оны жіктеп қарастырады: 1) қыш құмыра күйдіру, 2) керамика, 3) руда балқыту, 4) кірпіш күйдіру, 5) әк (алебастр) даярлау, 6) су құбырын жүргізу, 7) шырағдан үшін шамдалдар даярлау.

Бүгінгі жаһандану заманында әрбір жас үшін өз өлкесінің тарихын зерттеп білуден қастерлі ештеңе жоқ. Мектептерде шағын өлкетану бұрыштары мен музейлер ашылса, біздер одан ешқандай ұтылмаймыз, керісінше өсер ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігі қалыптасады деген ойдамыз. Ал оның нақты дәлелі өз өлкесінің тарихын насихаттап, зерттеген М. Намазғалиевтың өнегесі үлгі болмақ.

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Мәңгілік Ел» ғылыми-зерттеу орталығының директоры,

қауымдастырылған профессор,

тарих ғылымдарының докторы.

Super User

ads_hero