Төрт түліктің төресі жылқы туралы не білеміз?

Қазақтың көрнекті қаламгері Асқар Сүлейменовтің: «басқасын білмеймін, білетінім қазақ жылқы мінездес» деген ауызекі айтыла салған сөзі әлдеқашан афоризмге айналып кеткені ақиқат.

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты танымдық мақаласында да: «Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді.Бұл дәстүр - жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі» деп ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан атқа міну мәдениетін, өр рухты ерлік дәстүрін дәріптейді. Осыған байланысты соңғы кезде оқыған бір-екі кітапта жазылған қисынсыз жайдан алған әсерімді қозғап, осы бір ойларыммен бөліскім келді. Ондағы мақсат – аттан түспеген жауынгер бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы төрт түліктің төресі-ат туралы не біледі, түсінік қандай деген сауалдарға қадіри-қалімізше жауап беру. Мақаламызда белгілі жазушы С.Балғабаевтың «Алтын сағым» жинағындағы «Ай астында кеткен ат» повесі мен Өтепберген Әлімгереевтің «Кіші жүздің би-шешендері» туралы жазған дүниелерін қарапайым оқырман ретінде талдауға тырыстық.

С.Балғабаев аталған жинаққа кірген төрт повесі мен сегіз әңгімесіне түгелге жуық ауыл өмірін арқау еткен. Оның ішінде малшы тұрмысын қаузайды. Соған қарағанда жазушы бұл тақырыпты жетік білемін деп есептейтін сияқты.Бірақ бір нәрседен мүлт кеткендей. Аталған повесть қаракөк деген жүйрікке арналған.Оның өмірін адам өміріне ұқсастырып, автор қызықты баяндайды. Алайда бір жерінде (84б) әлгі қаракөк басқа аттармен жарысып келе жатқанда иесі: «жамандатқыр, мә, саған!» деп кіжініп, атты құлаштап тұрып бастан періп жіберді,-дейді. Осындай жағдай екі рет қайталанады. Мәре сызығына жақындаған бала атты сауырдан қамшымен көміп жіберді делінген. Балғабаевтың елінде білмеймін, жалпы қазақ малды басқа соқпайды.Мейлі ол ат шабан болсын басқа ұрмайды. Жылқы адамнан көрген зәбірін ұмытпайды. Кейін ондай кінәмшіл ат кез келген кісіге жүген-ноқта салғызбайды. Оны қазақ бас асау дейді. Енді бір жерде бәйгеге шауып келе жатқан ат сүрініп кетіп, бала ат үстінен ауып түсіп, аяғы үзеңгіге ілініп қалады. Қаракөк тоқтай қалады. Шамасы автор сүйікті атының ақылдылығын көрсетпек болған шығар. Бірақ бәйге атына ер салмай, жайдақ шабады. Ерттеп, екі жерден айыл-тартпамен буып тастаған ат қалай көсіліп шабады? Ал бәйгеге шапқан бала атты тек сипай қамшылап, демеп отырады.

Ал этнограф-ғалым, жерлесіміз Ө.Әлімгерееев кіші жүздің би-шешендерінің өмір жолдары мен шешендік сөздері туралы кітап шығарыпты. Он алты-он тоғызыншы ғасырларды қамтитын бұл кітап оқырмандардың көңілінен шыққан болар деп ойлаймыз. Ал кітаптың деректілігіне жол білетін кітапқұмар таласа қоймас, сірә? Себебі, ол ел аузынан жинақталғандығымен құнды. Менің айтпағым, басқа мәселе. Кітапты бұрынырақта оқығандықтан аттарын есіме түсіре алмай отырмын. Оның қажеті де болмас. Әңгіме оның салтымызға сыйымсыздығында.

Атақты билердің бірі өзі теңдес замандасының үйіне қыдырып келсе, үй иесі жоқ екен. Бәйбішесі қонақты құрметтегені сондай, қонағасыға қожайынның өзі баптап мінетін төл атын алдырып, сойғызады. Бұл қазақ дәстүрінде жоқ нәрсе. Құрметті қонаққа әдетте қысырдың тайын, қулықтың байланбаған құлынын, әрі кетсе ту бие сояды.Еркек малды, оның ішінде жұмыс көлігін, мініс атын жоқшылықта болмаса, соғымға да соймайды. Оның ішінде бәйге аттарының еті спортшылардың бұлшық еттері сияқты сіңірлі, бірыңғай қаракесек болып келеді. Қадірлі деген төл аттары бір ғана жағдайда сойылады.Оны иесі өлгеннен кейін жал-құйрығын күзеп, тұлдап жібереді де, жылына сояды.

Енді қолымызға қалам алғызған аталған мақалаға келейік. Автордың жылқы малы жөнінде айтылған жылы сөзіне талас жоқ.Әңгіме сол текті жануар туралы айтылған мақал-мәтелдерде болып отыр.Ол ішінде жылқы, ат деген сөз болса, бұлардың бәрі сол түлікке арналған деп ойлайды екен. Оның мақалының кілті ретінде алынған: "сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» деген мақал тіпті де ат туралы емес, ол сырын білмейтін адаммен байқап, қатынас жаса дегенді меңзейді. Автор келтірген мақалдардың бәрінде осындай астарлы мағына бар. «Ат айналып қазығын табар, су айналып, жазығын табар»-ағайыныңнан, туысыңнан қол үзе алмайсың, «тұлпардың өз тұяғы өзіне дәрі»-туысқаныңа ренжіме, «Байсалды айғыр үйірін ат жақтайды»-іскер басшымен қызметтес болуға әркім әзір, «тістеуік жылқы тісін көрсетпес»-жаулық ойлаған адам сырын ашпайды, «Жақсы атқа бір қамшы, жаман атқа мың қамшы»-жақсы адам бір айтқанда түсінеді, тағы сол сияқты. Мақал айтайын деген ойын алмастыру арқылы (метафора) береді.Ол көбіне екі тармақты болады.Мәтел де соған ұқсас, бірақ онда айтайын деген ой тура беріледі. Мысалы: «адам аласы-ішінде, мал аласы-сыртында». «Ауру-астан, дау-қарындастан». Екі ой қатар алынады.Бұл жерде шендестіру әдісі қолданылып отыр. Сондай-ақ онда асыра сілтеу (гипербола), кішірейте суреттеу (литота), бүтіннің орнына бөлшегін алу (синекдоха), қарама-қарсы қойып, суреттеу (антитеза) тәсілдері жиі қолданылады.

«Жайық шұғыласы» газетіндегі «Қазанаттар туралы қызықты ақпараттар» авторсыз, танымдық мақала бар. Онда «қазанат» деген жалпы жылқы деген мағынада алынып отыр. Бұл да дұрыс емес, ол мініс атының бір ғана түрі. Мініс аттары төмендегідей түрге бөлінеді.

Қазанат-денелі,сымбатты, алыс жолға төзімді ат, оны көбіне жас жігіттер мен бойжеткен қыздар мінеді. Тұғыр-мініске, жегінге төзімді жуас ат. Жабы-етті, сүтті, табиғат ерекшелігіне бейімделгіш қазақ жылқысы. Арғымақ-ең асыл, таза тұқымды мініс жылқысы.Оған араб, ақалтеке, Қазақстанда Қостанай Буденный тұқымдары жатады. Тұлпар-ерен жүйрік бәйге аты. Оны сұлы беріп баптап, ерекше күтіммен ұстаған. Кез келген уақытта міне бермейді, өте көп семіртпейді. Бұрын батырлар жаугершілікте мінген.

Жылқының семіздігі-қазысының қалыңдығымен өлшенген. Пышақ сырты, орақ шыбығы,шынашақ елі,иелі, екі елі, үш елі, төрт елі, сіре (бас бармақ пен бірінші саусақтың арасы). Қатты семіріп кеткен атты қазысы жарылып кетеді деп мінбеген, жекпеген. Жылқының жасына қарай да атауларын біліп жүрген жөн. Алты айға дейін құлын, бір жасқа дейін жабағы, одан кейін тай болып, жалғаса береді. Мақалада айтылғандай, байтал-жылқының жасын білдірмейді, аналық екенін білдіреді. Тай байтал-бір жастағы, құнажын байтал-екі жастағы, дөнежін байтал-үш жастағы ұрғашы жылқылар. Еркек болса, оларды құнан шығар, құнан дөнен, одан кейін бесті деп атайды. Жылқы негізінен 25-30 жылдай өмір сүреді. Мініс көлігі болмаса, сауын биелерге қарттық жоқ.

Жылқы түсіне қарай торы, жирен, бурыл, боз, ақ боз, кер, құла деп аталса, басқа түліктерде бұлай аталмайды. Қаланы айтпағанда, ауылдық жердегі біздің балаларымыздың өзі қазақ халқының ырыс-құты, мал жайын дұрыс білмейді. Бұрын қазақтың байлығы малымен өлшенген. Айыппұлды тоғыз (бас тоғыз, орта тоғыз, кіші тоғыз) деп бөлсе, «ердің құны-100 жылқы» деп есептелген.

Осылардың бәрін жас ұрпақтың біліп өскені жөн-ау, бірақ оны үйретеді деген мұғалімдердің өздері білмей отырса, өз қолымызды өзіміз кесеміз бе? Мектептерде халқымыздың тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын балалар санасына қалай сіңіруге болады? Осыны да ойлау керек сияқты. Бұған не дейсіз, ағайын!

Мұрат АТАШҰЛЫ,

зейнеткер,

Ақтоғай ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521