Игерілмеген жер қайтарылуы тиіс

БЕЙБАРЫС.

Ауылдық округ әкімі М.Сәрсенғалиев былтырғы тұрғындар алдындағы есеп беру жиынында айтылған ұсыныс-пікірлер негізінде жасақталған іс-шаралар жоспары мен облыс және аудан әкімінің кеңейтілген мәжілістерінде берілген тапсырмалардың күні бүгінгі орындалысына тоқталды.

Талдыкөл ауылы бойынша 2018 жылы атқарылған жұмыстар:

Мердігер «ГаммаСтрой»ЖШС мекемесі. 160 орындық балабақша құрылысы аяқталып, қазір жұмыс жасауда. Жасанды төсеніші бар спорт алаңының ЖСҚ жасақталған.

«Атыраукөлік» ЖШС-і мекемесі жалпы ұзындығы бір шақырым болатын ауылішілік жолдың Ә.Құскелдиев, Аман Есалы көшелеріндегі құрылысын аяқтаған. Бес көшенің ауылішілік 3,4 км жолының ЖСҚ дайындалып, конкурсқа ұсынылуда. Таза су қондырғысы күрделі жөндеуден өтіп, қазіргі уақытта тұрғындарды таза сумен қамтуда.

Жазғы су құбыры тартылып, пайдалануға берілген. Боздақтарға арналған ескерткіш құрылысына ЖСҚ жасақталып, қаржыға сұраныс түсірілген. Талдыкөл ауылының судан қорғау бөгетін көшіріп салу құрылысы үшін ЖСҚ жасақталып, қаржыға сұраныс берілген.

Бейбарыс ауылы бойынша атқарылған жұмыстар: Ауылішілік 4,5 км жол мен 1,8 км жаяу жүргінші (тротуар) жолдарының құрылысының ЖСҚ жасақталды, сараптамадан өтуде. Жаңа мөлтек ауданға инфрақұрылым құрылысы, жылу, жарық желісіне ЖСҚ жасақталып, сараптамадан өтуде. «Балдырған» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу осы жылға жоспарланып отыр. ЖСҚ жасақталды, биыл сараптамадан өткізіп, конкурсқа беріледі. Аққайың ауылы бойынша (мердігер «Атыраукөлік» ЖШС) ауылішілік 1км жолдың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ 2. 0,6 км жол құрылысын салуға сұраныс түсірілген.

Ауыл шаруашылығы.

Округ бойынша барлығы 63 шаруа қожалығы тіркелген. Оның ішінде 22-і мал шаруашылығымен, 7-і егін шаруашылығымен айналысады. Екі шаруа қожалығы демалыс орындарын ашып отыр, «Олимпик-Атырау», басшысы Ибрагимов Руслан, «Мунбаев» басшысы Мунбаев Болат. Егін салумен округте «Сарекенова Г», «Первомайский» ЖШС-і, оның ішінде «Ким Виктория» тамшылатып суару әдісімен 33 га егін егіп отыр. Пайдаланбай жатқан жерлерді өз еркімен қайтару үшін түсінік жұмыстары жүргізіліп келеді. Сонымен қатар шаруа қожалықтарының жерлерін электронды жайылымдық базасына енгізу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 42 мың га жердің 30 мың га жайылымдық базаға енгізілді. Есепті кезеңде жеке қожалықтарда мал саны төмендеуі байқалады.

Кәсіпкерлікті дамыту.

Ауылдық округ бойынша барлығы 23 кәсіпкер тіркелген. Округ көлемінде 19 дүкен, 3 тойхана, 1 кафе, 1 кондитерлік цех, жақында ашылған 1 дәріхана халыққа қызмет көрсетуде. Онда 37 адам еңбек етеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы №919 қаулысымен "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған" бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама жаппай кәсіпкерлікті дамыту, микрокредит көлемін ұлғайтуды, оқыту арқылы кәсіпкерлік дағдыларды арттыруды қамтитын болады. «Бастау-бизнес» жобасымен оқыту ауыл тұрғындарына өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Округте бұл жобамен 5 адам оқыды, оның ішінен бір адам (Қорған Т) мал шаруашылығын дамыту мақсатында 4 млн. несие алды.

Халықты әлеуметтік қорғау.

Елбасының жыл сайынғы халыққа арналған Жолдауларында халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, жұмыспен қамтуға баса назар аударылып келеді. Аталған мақсатты орындау бағытында жұмыссыз азаматтарға тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп отырады. Жыл ішінде округ бойынша 122 адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 69 тұрақты жұмыс орны. Есепті кезеңде округ бойынша барлығы 25 адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Жұмыссыздық деңгейі 1,5 пайызды құрады. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес аз қамтылған азаматтарды қолдаудың жаңартылған түрі –атаулы әлеуметтік көмек әрекет ете бастады. Бейбарыс ауылдық округ бойынша 6 отбасы шартты ақшалай көмек, 1 отбасы шартсыз ақшалай көмек алды. 7 отбасының 40 адамына 1499212 теңге тағайындалып төленді.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша округтегі кәсіпкерлер ауыл қарттарын, мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық танытып, демеушілік жасап отырады. Олардың арасынан тұрақты демеушілеріміз «Первомайский» ЖШС-і және «Первомайский» БК, «Хамзаұлы» шаруа қожалығы және дүкен иелері мен мекеме ұжымдары айрықша атауға болады. Биылғы жаңа жылды қарсылауға 100 балаға және 14 мүмкіндігі шектеулі балаларға жеке кәсіпкер Әсел Есениязова шара ұйымдастырып, сыйлықтар берді.

Шешілмейтін мәселе болмайды.Жиын бұдан әрі сұрақ-жауап, ашық пікір алмасу бағытында өрбіді. Қисамеденов көшесінің тұрғыны жарық, жол жоқтығын айтты. Ауыл әкімі М.Сәрсенғалиев бұл мәселелер өңірлік даму бағдарламасына енгендігін түсіндірді. Жиынға қатысып отырған аудандық электр жүйесінің басшысы Д.Хайрушев электр желілерінің әбден тозығы жетіп тұрғандығын, ауылға жаңадан қоныстанушылар саны көбейген сайын электр қуатының күші әлсіз болып отырғандығына тоқталды. Құрсай каналына су жіберілсе, мал ауылдан ұзап жайылар еді деген ұсыныс айтылды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы О.Мырзабаев 2015 жылы арнайы комиссиямен Қосымбай каналын іске қосу мәселесін зерделеп көргендерін, бірақ каналды қалпына келтіру үшін елу млн. теңге шамасында қаражат керек екендігін, ол қосылған күнде де экономикалық жағынан тиімсіз, өзін-өзі ақтамайтынын айтып түсіндірді. Әңгімеге араласқан аудан әкімі шешілмейтін мәселе болмайтынын алға тартып, шаруа қожалықтарына су барып тұрған канал бойынан жер беріп, бір бағытқа шоғырландыру жөнінде тапсырма берді.

Мал ұрлығына байланысты түсінік берген аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы А.Закариев мал бақташысы, мал иесі, ауыл әкімі болып, үшжақты келісім-шарт жасақтап, малды бақтырмай болмайтынын айтып түсіндірді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қысқаша баяндап, алдағы міндеттерге тоқталып өтті. Бейбарыс ауылы бойынша 20 шаруа қожалығы жерін пайдаланбай отырғандығын алға тартып, ол жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде ауыл әкімі мен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысына тапсырма берді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін түсінік жұмыстарын кеңінен жүргізіп, тренингтер ұйымдастырған жөн.

Е.ҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521