Жайылым жоқтықтан мал азайды

САРАЙШЫҚ.

Тұрғындар алдында атқарған жұмыстарынан есеп берген Сарайшық ауылдық округінің әкімі Н.Досқайыров слайд арқылы біраз цифрды тізіп, хабарламасын сылдыратып оқып шықты. Өкінішке қарай, ауыл тұрғындарының күткені басқа еді. Содан да болар хабарлама аяқталған бойда сұрақтар қарша жауды. Ардагер ұстаз Н.Құрмашев сұрақты төтесінен қойды. Өткен жылы мамыр айында аудан әкімінің қатысуымен тұрғындар жиыны өтіп, сонда санап тұрып, шешімін күткен проблемаларды айтқан болатынбыз. Соған хаттама жасалды ма, соның қаншасы орындалды, хабарламадан біз сол сұрақтарға нақты жауап берілетін болар деп күткенбіз...

Жиында аяқ жетер жерде мал жайылымының жоқтығы жан-жақты сөз болды. Өйткені, ауылдың маңайындағы жерлердің бәрі кезінде шаруа қожалықтарына, кәсіпкерлерге беріліп кеткен. Олар айналасын сыммен қоршап алған. Аудан әкімінің тапсырмасы бойынша Сарайшық ауылының мал жайылымдық жерінің шекарасын белгілеп, картасын жасап әкелген аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғ.Мырзағалиев слайд арқылы түсіндірген болды. Жайылым жоқтығынан жылдан-жылға ауылдағы жеке қожалықтағы мал басы да азайып барады. Бұрындары ауылдың әр тұсынан шығатын қой-ешкілер алты кезекпен бағылатын болса, қазір соның біреуі ғана қалған. Ауылда отырып, мал ұстамау деген не масқара деген тұрғындардың жанайқайын түсінуге болады.

Бұралқы иттерді атудың төңірегінде де біраз түсінбестік болған тәрізді. Жергілікті тұрғындар ит атушылар алдын ала ескертпейді десе, енді бірінде ит атушыларға арнайы рұқсатың жоқ деп учаскелік инспекторлар тыйым салған көрінеді. Бұған аудандық ветеринария бөлімінің бастығы М.Сидеғалиевтың айтар уәжі бар. Алдын ала ескертіп келсек, тұрғындар иттерін байлап, ауласында ұстап отырады да, біз кеткен бойда иттерін босатып жібереді. Жалпы оның айтуынша, облыстық мәслихат сессиясымен бекітілген үй хайуанаттарын ұстау ережесі бар. Соған сәйкес ауладағы байлаулы итті атуға рұқсат етілмейді. Атылған ит суретке түсіріліп, акт жасалатын көрінеді. Бұрын иттерді отты қарумен ататын болса, қазір оқтың орнына ине салып, 8-10 метр қашықтықтан атады, яғни ондай қауіпті емес. Сондықтан жергілікті полициядан рұқсат алу да міндеттелмеген.

Жиын барысында қаз өсірумен айналысып отырған бір кәсіпкер ортақ пайдаланып отырған суды бүлдіріп отыр деген шағым да айтылды тұрғындар тарапынан. Бұған байланысты кәсіпкерге каналдан жырып, жеке су қоймасын салуға ұсыныс берілді. Жергілікті пошта қызметіне де сын айтылды. Түрлі себептерге байланысты жаңа жылдың газеті он күн кешіктіріліп таратылған. Осыған дейін талай мәрте көтерілген ескі Сарайшыққа медпункт ашу, Сарайшық ауылынан спорт кешенін салу, көшелерге жылдамдық шектейтін жол белгілерін қою жөніндегі мәселелер тағы да алдан шықты.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы құрылымын өзгерткен Сарайшық мұражайының жұмысын жандандырып, оны болашақта отандық туризмді дамыту мақсатында ауқымды жобалар қолға алынғалы жатқанын жеткізді. Соған байланысты ауыл да гүлденіп, инфрақұрылымдары жаңғыртылатыны жөніндегі жағымды хабарымен де көңілдерге үміт отын маздатты. Тұрғындар көтерген осыдан алты ай бұрынғы жиынның хаттамасын көтеріп, сол бойынша жасақталған іс-шаралардың орындалысын қайтадан пысықтау жөнінде аппарат басшысы Н.Қалиевке тапсырма берді. Ауылға кіреберіс жолдың екі қапталына тал егу туралы ұсынысты да қолдайтынын айтып, ол үшін арнайы жоспар, жоба жасақталып, қоршауына, күтіп ұстауына қажетті қаражат көзін іздестіруге жұмыстанатынын жеткізді. Ал мектепке қосымша құрылыс салу 2020 жылға жоспарланған. Жалпы мүмкіндігіне қарай барлық елді мекендерде заманауи спорт кешендерін салу ойда бар. Бірақ оның бәріне уақыт, қаражат, алдын ала жасақталып, сараптамадан өткен жоба қажет.

- Жастардың бос уақытын тиімді пайдаланулары үшін қолөнер үйірмесін ашу жөніндегі тұрғындар ұсынысын қолдаймын. Бұл Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларында айтылған ойлармен сабақтас,-деді сөзін одан әрі жалғаған Жәрдемғали Бахуұлы. Бұл жұмысты З.Ещанова атындағы өнер мектебінің ауылдардағы филиалдары арқылы ұйымдастыруға болады. Мал бақташысына қосымша ақша төлеуді ақылы қоғамдық жұмыс арқылы шешуге болады деп есептеймін. Ал көптен күткен ең өзекті мәселе-ауылдың ауыз суын қалыпты жүйеге келтірумен өзім тікелей айналысатын боламын,-деді сөзін қорытындылаған аудан басшысы.

Жиын соңында аудан әкімі Ж.Ахметов жеке өтініштері бойынша тұрғындарды қабылдады.

Е.НҰРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521