Ел боламын десең – бесігіңді түзе

Жуырда «Алтын-ай» бөбекжайында тәрбиеші Жайнагул Қорғанбайқызының бастамасымен «Отбасы. Бала. Балабақша» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.

Оған «Тұлпар» тобының ата-аналары қатысып, тәжірибе алмасып, пікір бөлісті. Адам баласының бұл дүниедегі мақсат-міндетінің ең үлкені – ертеңгі күнге өнегелі, парасатты ұрпақ қалдыру. Бала – әке-шешесінің перзенті, ұрпағы, ата-ананың көз нұры, көңіл қуанышы. Балабақшаға келер алдында бала отбасында тәрбиеленеді. Отбасы – шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өзіне тән өндіріс, өнім, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс-шығыс бюджеті, тәртібі, заңы болады емес пе? Сол сияқты әр отбасының тәлім-тәрбиелік ерекшеліктері, өзіндік қағидалары болады. Сонымен қатар отбасы – жақын туыстық қатынас. Қазақтың отбасы негізінен үш ұрпақтан тұрады. Ол – ата, әке, бала.

Ата-әжелер ауыл-аймақ, ағайын арасының берекесі, ақылшысы болып келеді. Олардың әрқашанда мәртебесі биік болып, сый-құрметке бөленген. Олар жыр, дастан, ертегі айтып немере-шөбелерін рухани байытып тәрбиелеп отырған. Әке – әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Әке үйі барлық балалары үшін үлкен үй, қара шаңырақ есептеліп, киелі саналады. Әйел, яғни, ана – отбасының ұйытқысы, берекесі, мейірім мен шапағат көзі. Аналардың басты міндеті – отбасының ұйытқысы болу, бала тәрбиелеу, ерлерін сыйлау, рухани қолдау көрсету болып табылады. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дегендей, ата-ана отбасында балаларына қандай тәрбие берсе, ертең сондай бала өседі, ата-анасына сондай абырой алып береді. Сол себептен «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше назар аударған. Кішкентайынан мейірімділікке, имандылыққа, әдептілікке, адамгершілікке баулып өсірген. Үнемі жанұясында осындай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып шыға келеді. Әр ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, үлкендерге сыпайылық танытуды, ешкімді кекетіп мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар, балаларының білім алып, халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған. Баланың ата-ана алдындағы ұлы парызы – мейіріммен, жақсылықпен қартайған кезенде бағу, еңбектерін қайтару.

Міне, осындай маңызды ой-пікірлер айтылды. Дөңгелек үстел үстінде қойылған «Отбасы – алтын бесік» деген сөзді қалай түсінесіз?, «ХХІ ғасырдың ата-аналары қандай?», «Баланыздың тәрбиесіне ата-ененің араласқанын қалайсыз ба?», «Балабақшаға балаңызды не себептен алып келдіңіз?», «Тәрбие» деген сіздің ойыңызша не?, «Балабақшадан не күтесіз?», «Сіз өзіңізді жақсы білесіз бе?», «Сіз өзіңізді кім деп санайсыз (Наполеон, Президент, қожайын, құл, квартирант т.б.)?», «Балаңызға көп назар аударасыз ба?», «Балабақшаның қандай қажеттілігі бар?» деген сынды сауалдарға жауап берген ата-аналар өз ойларын ашық айтты. Қазіргі заманда ата-әжелердің немерелеріне ертегі, жыр айтып бермейтінін, ал, әке-аналар бірыңғай тұрмыстық жағдайға, ақша табуға көп назар аударатынын, бала тәрбиесінің балабақша мен мектептерге жүктелгенін де жасырмады. Мектепке дейінгі тәрбиенің міндеті баланы жан-жақты тәрбиелеу, дамыту болса да, «Алты аға бірігіп – әке болмас, Жеті жеңге бірігіп – ана болмас» — дегендей, ата-ана тәрбиесінің орны бөлек екендігі, ол орынды ешкім баса алмайтындығы да айтылды. Барлығы балабақша баланың отбасында алған тәрбиесін тек толықтыратынын, бағыт-бағдар беріп тұратынын, әр отбасымен бірлесіп болашақ ұрпақты жақсылыққа тәрбиелейтінін ескеру керек деген пікірге тоқталды.

Топ тәрбиешілері Жайнагүл Қорғанбайқызы мен Арайлым Айтмұқашева ата-аналарға көңілді ойындар ойнатып, сергіту сәтінде караокемен «Ана-Әке» әнін орындатып, «Қарлы кесек» тренингін жасады.

Ата Заңымыздың 27 бабында жазылғандай, «Балаларына қамқорлық жасау және тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы, әрі парызы» екенін әрқашан есте сақтап, балаларымыздың бойына тәрбие нәрін сіңіріп, білім бұлағын құйып, ой-өрісін дамытуды, жан-жақты тәрбиелеуді әдетке айналдырайық, аяулы ата-аналар! – деп өз ойымды аяқтағым келеді.

Б.АЛЬПИЯРОВА,

ата-ана.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521