Дәстүрлі жыл санау

Қазақ халқының ауа-райын бақылауы өз алдына үлкен бір ілім.

Бұл іліммен айналысатын астроном есепшілер өте көп болған. Оларды әр ауылдың адамдары ауық-ауық іздеп барып, сол жылы табиғатта қандай өзгерістер болатынын, жауын-шашын, ыстық-суықтың деңгейін сұрап, ұғып, соған сәйкес мал-жандарының қам-қарекетін ерте бастан жасап, түрлі апаттардан сақтанып отырған. Мұндай ауа-райын болжаушылар күн есептеудің дәстүрлі әдістерін құпия ұстап, оны атадан балаға мұра етіп қалдырған. Олар аспан денелері мен табиғат құбылыстарын бақылап қана қоймай, ел-жұртқа жайлы, құтты қоныс таңдауда да шешуші рөл атқарған. Олардың жандарынан тастамай алып жүретін ерекше кісесі болған. Ал оның ішінде әр күн, әр айдың табиғат өзгерістерін жазып отыратын бір беті ақ, бір беті қара кездемеден жасалған дорба орналасады. Оның ақ кездеме жағында қаз-қатар етіп он-он отаудан тігілген 180 кішкене қалта болады. Оларға тігінен қарағанда 9 отауы бір-біріне жақын, оныншы отауы олардан оқшаулау болады да, көлденеңінен қарағанда әрбір 40 отаудың арасынан азырақ бос орын қалдырылады. Дорбаның қара кездеме жағында да 180 қалтасы болады да, ақ кездеме жағындағы қалталарға жазылған естеліктер көктем, жаз айларын, қара кездемеге жазылғандары күз, қыс айларын көрсетеді. Одан тыс жоғарыдағы дорбада 5-6 отау бір бөлек орналасады да, ол үлкен жыл есебіне кіргізбей жеке дара есептейтін күндерді меңзейді.

Жаз есебі

Ауа райын бақылаушылар жаз есебін күн мен түннің теңелген тоғысынан бастайды. Онда ең алдымен сол күнгі төрт түлік малдың қимыл қылығын ерекше қадағалайды. Егер сол күні кеште өрістен қайтқан қой қораға алшаңдай басып кірсе, түйе ернін жиі жыбырлатып, жылқы оқыранып жұтынса, көктем ерте келеді деп жорамалдайды. Наурыз күні қар жауса, жаз мал жанға ерекше жайлы болады деп тұжырымдалады. Қар үстіне құмалақ шашқанда құмалақ қыдырып кетсе, көктем 40 күн кешігіп келеді, ал құмалақ қарға бата түссе, көктем ерте келеді деп көрсетеді. Шолпан жұлдызы ерекше жарқырап туса, жазда шөп мол шығады. Бұдан басқа бұлақ бастау көзі, өзен-көл деңгейі және жер асты суларының азайып көбеюіне байланыс- ты да жаздың қандай болатындығына кесім жасап отырған. Торғайлар суға шомылса, сиырлар сәске болмай оқыраласа, күн жауады деп жорамалдайды.

Қыс есебі

Қыс есебіне қазан айынан бастап бақылау жүргізіледі. Мысалы, 22 қазан күні мал бір жағына ықтап жайсыз жатып, мазасызданып шықса, онда сол жылы қыс қатты болады. Ал күзде кейбір ағаштар гүл ашса, қыс жай түседі деп топшылайды. Бір жылды алты ай жаз, алты ай қыс деп екіге бөліп қарайды. Яғни «үркерлі айдың бәрі қыс» деп сүмбіле туып, үркер көтерілген уақытты түгел «қыс», ал үркер төмен түсіп, таразы туғанға дейінгі аралықты түгел «жаз» деп есептейді. Бұл халықтық күнтізбе жүйесі бойынша 21 қазаннан 21 наурызға дейінгі уақыт жаз, 21 қазаннан 21 наурызға дейінгі уақыт қыс деген сөз.

Үш бунақ

Әдетте ауа-райын болжаушылар бір жылды үшке, төртке, жетіге және тоғызға бөлу әдістерін қолданған. Мысалы, бір жылды үшке бөледі яғни, 120,3+360 ыстық, салқын, суық мерзім. Бірінші мерзім 9 ақпаннан 9 маусымға дейінгі аралық. Бұл қара қатқақ, ашөзек, қой қоздап, көк тебіндейтін шақ. Екінші мерзім 9 маусымнан 9 қазанға дейінгі аралық. Бұл шөп қуаты басына шығатын шақ. Үшінші мерзім деп қалған аралықты, «тоқты тоймас, шөміш кеппес» мерзімді айтады.

Төрт тоқсан

Ертеде қазақтың ауа-райын болжаушылары бір жылды төртке бөліп, 90,4+360 «төрт тоқсан» деп атаған. Мұнда бірінші тоқсанға көктем айлары жатқызылады да, оны «жас тоқсан», екінші тоқсанға жаз айларын жатқызып, оны «жаз тоқсан», үшінші тоқсанға күз айларын жатқызып, «терме тоқсан», төртінші тоқсанға қыс айларын жатқызып, «қыс тоқсан» деген.

Жеті амал

«Жеті амал» деп күннің тоқырауы, қарашаның қайтуы, үркердің түсуі, мұздың қатуы, киіктің матауы, айдың тоғамы, қыс тоқсанның кіруін атайды. Жазғы күнгі тоқырау 22 шілдеде аяқталады. Ал қысқы тоқырау 22 қаңтарда аяқталады. Қар жауғанда қараша қайтады. Үркер төмен түскенде мүлде көрінбей кетсе, онда «үркер жерге түсті жаз қағыр болады» деп тұжырымдайды. Ал үркер жерге жетпей көкжиекте көрініп жатса, онда оны «суға түсті деп есептеп, жаз жаңбырлы болады» деп қарайды. Егер үркер көкжиектің қарабарқыт жолағынан көрінсе онда «Үркер тасқа түсті жаз мал жанға жайсыз болады» деп болжайды. Қазан айында су бетіне қаймақ мұз қатады. Қаңтардың он бірінде арқар-құлжа, тауешкі, таутекелер үйірге түседі. Міне, бұл кез «теке бұрқылдақ» деп аталады.

Тоғыс

Тоғыс – ай мен Үркердің қатар көрінуі. Егер тоғыс кезінде ай мен үркер бір-бірінен қашық тұрса, онда есепшілер «мыналар бір-біріне салқын қабақ танытқан екен, мал, жанға залалы тиер» деп, алдын ала сақтық шараларын жасайды. Ал бір-біріне жақын тұрса, «мына екеуі жақындаса қалған екен, ауа-райы мал-жанға жайлы болады екен» деп болжайды.

Он екі апат

Қазақ халқы он екі апат деп мыналарды айтады: 1.Жұт 2. Қуаңшылық 3.Зілзала 4.Індет 5.Сел 6. Өрт 7. Соғыс 8. Содыр 9.Салақ 10.Олақ 11. Жалқау 12.Қорқақ Мұның алдынғы жетеуін – «апат», соңғы бесеуін «кесапат» деп атайды. Сонымен бірге ауыр қырғынды «нәубет», ел басқарған адамдар мен хан-патшалардың, жат жұрттың озбырлығы мен зұлымдығын «зұлмат» дейді.

Жазып алған: Б.СҮЙЕУОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521