ads_hero

«Біреу тойып секіреді...»

Арнасынан тасып аққан өзендей жолындағысының бәрін жайпап келе жатқан жаһандану, нарық қатынастары үстемдік құрып тұрған заманда ештеңеге таңдануға болмайды.

Сананы тұрмыс билеген кезеңде тоңып секіретіндер мен тойып секіретіндер таразы басын теңестіріп тұрған сияқты. Олай дейтініміз, біреулер ішер ас, киер киімге жарымай отырғанда, мейманасы тасыған бай-бағыландар үріп ішіп, шайқап төгіп, өмірден баз кешуде. Әрине, адал ақы, маңдай терімен тапқан табысына шалқып өмір сүргенге не жетсін! Тек кейде «бояушы, бояушы дегенге сақалын бояйды» дегеннің керімен өрескелдеу іс-әрекетке барғандарын көргенде қаралай қарның ашады. Мектеп бітірушілерге арналған соңғы қоңырау салтанатынан кейін Махамбеттің орталық көшелерімен ұзындығы есік пен төрдей «Лимузин» көлігіне тиеліп жүрген көңілді топ жұртшылықтың назарын өздеріне еріксіз аударды. Қымбат көліктердің терезесінен, төбесіндегі қосалқы есіктерінен бастарын қылтитқан өрімдей жастар «бізді көрдіңдер ме?» дегендей, қолдарын ербеңдетіп, ысқырып, айналаны азан-қазан қылды. Көбіне-көп үлкен қалаларда тойларға жалданып, жас жұбайларды серуендетіп жүретін қымбат көлік мұнда қайдан жүр? дегендей, көшеден өтіп бара жатқан адам тұра қалып, тамашалайды. Ал, велосипед мінген балақайлар қызық көріп, арттарынан тұра жүгіреді. Мұндай бақыттан басы айналып жүрген кім болды екен десек, сол жаңа ғана алтын ұя мектептерімен қимай қоштасып шыққан оқушылар болып шықты. Балаларына мектеп бітіру құрметіне тосын сый жасамақ болған ата-аналар осындай шоуды ойлап тауыпты. Елбасымыз бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу жөнінде нақты тапсырмалар беріп, ел ертеңі-жастарға үлкен сенім артып отыр. Сондықтан олар әрбір қадамын ойлап басып, кеуделеріне қонақтаған ақ қанат армандарын әлдилеп, қияларға қанат қағу үшін осы бастан жан-жақты дайындық қажет.

"Маған қайда барсам да алдымнан жасыл шам жанып тұрады" деп менменсіген бала ұзаққа бармасы белгілі. Ата-аналар да осыны ой елегінен өткізіп, «өзінде бармен көзге ұрып,» «Лимузин» жарыстырып, бәсекеге түсуді доғарғандары жөн. Жалпы түрлі кездейсоқ оқиғалардың алдын алу мақсатында бәленбай мың ақша жинап, көңіл көтеру сауық кештерін ұйымдастыруға, тапсырыспен арнайы қымбат киімдер тіктіруге тыйым салынбағанмен аудан басшылығы, білім бөлімі тарапынан ата-аналарға сыпайы түрде ескерту жасалған болатын. Алайда, кейбір ата-аналар оған құлақ асқан жоқ. Мұның өзі әлеуметтік жіктелуге әкеліп соғуы мүмкін. Өйткені әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары жарқыратып киініп, мейрамханаларда тамақтанып, қымбат көлікпен серуендеуге жағдайлары тартпайды. Олар өздерімен қатар жүрген құрбыларының сән-салтанатымен сауық-сайран салып жүргендерін көріп, қызғаныш сезімдері оянып, іштей мүжіледі. Осы жағын бір ойланып көрдік пе? Әрине, жағдайлары тартқан ата-аналар баласына «кәмелет жасына жеттің, енді бәленшекеңнің баласы жаяу жүр демесін» деп шетелдік қымбат көлік алып берсе де ешкім оған қой демейді.

Бірақ балалардың психологиясы әртүрлі. Біреулер осы көлікке қажетті ақшаны жинау үшін ата-анасы қаншама жыл еңбектеніп, тер төккенін сезінсе, қайсыбірі ата-ана баласына бар жағдайды жасау керек деп келте ойлайды. Онсызда ата-анасының айналайыны өтіп кеткен күлшелі балалар «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруге дағдыланады. Республикалық баспасөз беттерінде Маңғыстау облысындағы бір мектептің түлектері өзара ақылдаса келіп, мектеп бітіру кешіне жинаған қаражаттарын сол өңірдегі науқас баланы ота жасатуға жұмсаған көрінеді. Міне, үйренетін үрдіс. Өздеріндей замандас құрбылары өлім мен өмір арасында жатқанда шарап ішіп шалқып, естен танғанша билеп, бір сәттік рақат сезімге бөленуді әбестік санаған маңғыстаулық түлектердің тірліктері әбден құптарлық. Мұндай жан-жадыратар рухани, имани дәстүр, бізде де жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр. Өйткені, жаңа өмірге қадам басқан түлектер өздерін болашақта үлкен өмір сынақтары күтіп тұрғанын сезініп, осы бастан бойларына сабырлы мінез қалыптастырып, жаман әдеттерден бойларын аулақ ұстаса, жолдарында кездес- кен қандайма қиындықтарды да оңай еңсереді. Данышпан Абай да: «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой, бес асыл іс сенсеңіз, өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, бес дұшпаның білсеңіз» деп жастарды құр даңғойлықтан, даңғазалықтан сақтандырған. Біз мұның бәрін тәптіштеп неге айтып жатырмыз? Өйткені, өмірде «әттең-ай» дегізетін кездейсоқ оқиғалар аз емес. Сонда кезінде неге айтпадық екен, неге дұрыс жолға салмадық, қай жерден қате жібердім? деп опынып, бармақ тістейтін жағдайлар да кездесетінін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан ата-аналар баламыз түрлі тыйымдар мен шектеулер қоятын мектебімен қоштасты, енді не істесе де өз еркі деп арқаны кеңге салуға болмайды. Қанша жерден айтып, ескертіп жатса да, он бір жыл бойы бірге оқыған сыныптастар емін-еркін отырып бас қосып, сырласатын жайлы орындардың бірін жалдап, салтанатты кеш ұйымдастыратындары даусыз. Сондайда кеше ғана мектепте ұстаз алдынан дәріс алған моп-момақан шәкірт аяқ астынан өзгеріп шыға келуі де мүмкін. Сан жылдар бойы булығып іште жатқан ғашықтық сезімін құрбысына білдіруге батылы жетіп, тәуекелге баруы да мүмкін. Ал, сынаптасының бұл қылығы біреулерге ұнамайтыны айдан анық. Сөйтіп, арадағы кикілжің ұрыс-керіске ұласып кетуі кәдік. Міне, осы жерде ұстамдылық, сабырлылық керек-ақ. Мұндайда жайымен айтып түсіндіріп, «тәртіпке» шақыратын ұстаз жаныңнан табылмайды. Қайтпек керек? Осы орайда, бар жауапкершілікті өз мойындарына алған ата-аналарға салмақ түседі. Сондықтан сақ болу керек. «Біз кімнен кембіз?» деп кештің шырайын келтіру үшін сыныптастар енді бір емес, бірнеше «Лимузин» жалдап, дарақыланып, Махамбеттің көшелерін бастарына көтеріп жүрген желөкпелерді көріп қалуымыз да ғажап емес. Тек жүрсе, тыныш жүрсе бір сәрі, ал бірдемені бүлдіріп жатса не істей аламыз? Жол-көлік оқиғасы орын алса қайтеміз? Ондайдың беті әрмен, ал алда-жалда оқыс оқиға орын алып жатса, олармен енді заң орындары басқаша сөйлеседі. Соны естен шығармау керек. Сондықтан ата-аналар да балаларын қуантамыз деп тым еркінсітіп жіберіп, кейін ащы өкініш өзектерін өртеп жүрмесін. Өйткені, өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Оны мағыналы да мәнді өткізу өз қолыңда, жас түлек!-деп шынайы жанашыр, достық пейілден шыққан жүрекжарды тілегімді арнасам, артық болмас деймін.

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Super User

ads_hero