ads_hero

Бір сәттік даудың қырық күндік кесірі бар

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының халықтың құқықтық мәдениетін арттыру, қоғамның кең ауқымды бөлігіне дауды сотқа жеткізбей, соттан тыс шешу мүмкіндіктерін түсіндіру, істерді медиация, татуласу және бітімгершілік рәсімдері арқылы қараудың артықшылықтарын насихаттау туралы тапсырмасына сәйкес Махамбет аудандық сотының төрағасы Б.Қадырғалиев Ортақшыл ауылының тұрғындарымен кездесу жиынын өткізді.

Сот процестерінің аудио-бейне жазбаларының құрылғылары орнатылған залдарда өткізілуі, әділ сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігіне судьялар мен сотқа қатысушылардың процесуалдық нормаларды сақтауына оң ықпал етті, жаңа ақпараттық технологияға негізделген электрондық бағдарламалар өз нәтижесін көрсете бастады. Олардың қатарында төрелік, сот кабинеті және басқа да сервистер бар. Пошта байланыстарының ешбір қаражат шығындамайтын электронды пошта, смс хабарлама, электронды бағдарламалар мен сервистер, гибридті электронды пошта және басқалары басты. Қазір сот процестерін қосымша уақыт пен қаражат шығындамай-ақ қашықтықтан бейне-конференция арқылы өткізу қалыпты құбылысқа айналды. Қазіргі таңда сот саласындағы заманауи жетістіктеріміздін бірі «Сот кабинеті» ақпараттық жүйесі. «Сот кабинеті»- бұл Қазақстан Республикасы соттарының сервистеріне электрондық түрде қол жеткізуге арналған бірыңғай терезе. Сервис сот отырысына қатысатын азаматтар үшін ашықтық, қолжетімділік және айқындықты қамтамасыз етеді.

Билер билігінің жалғасы

Қазақ билері — ерте заманда осы күнгі соттың да, тергеушінің де қызметін атқарған. Билер өздерінің бір ғана сөзімен қазақ еліндегі кез келген даулы мәселелерді бітімгершілікпен шешімін тауып отырған. Махамбет аудандық сотта судьялар мен мамандар арасында өткізілетін семинарлық сабақтардың жоспары бойынша аудандық соттың судьялары мен сот қызметкерлері арасында семинар сабақтары өткізіліп, 2017 жылы және 2018 жылдың бірінші тоқсанында сот төрелігін жүзеге асырудағы аудандық сотпен атқарылған жұмыстар туралы БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифингтер, аудандық мекеме өкілдерінің қатысуымен «Медиация туралы» Заңының тәжірибеде қолдану тиімділігі», «Сот кабинеті сервисінің артықшылықтары», «Медиацияның пайдасы зор», «Қазақ тілі - ұлтымыздың мақтанышы, еліміздің айнасы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жастар көзімен», «Тиімді сервис», «Медиация мақсаты бітімгершілік», Сот кабинеті сервисінің артықшылықтары тақырыбында дөңгелек үстелдер мен семинар сабақтары өткізілді. Соның нәтижесінде дау-дамайларды сотқа жеткізбей-ақ, бітімгерлік жолды таңдайтын азаматтар қатары артқан.

Медиация – дауды сотқа дейін реттеу

Дауды сотқа дейін реттеу, тараптардың татуласуы сотта және соттан тыс тараптардың дауларды өзара келісіммен аяқтауы, яғни, татуласу екі жақтың арасындағы қақтығысты шешуді көздейді. Татуласу тәсілі сан алуан құқықтық қайшылықтарды шешу үшін пайдалануға жатады. Азаматтық процестік кодекстің 174-бабына сәйкес, сот тараптардың татуласуы үшін шаралар қолданады, дау- ды процестің барлық сатыларында келісіммен реттеуге оларға жәрдемдеседі. Тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап, не осы кодексте белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады. Татуласу рәсімдерін қолдана отырып, дауды реттеу туралы өтінішхат, егер осы Кодексте немесе заңда өзгеше көзделмесе, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын істерден басқа, талап қою ісін жүргізудің кез келген ісі бойынша берілуі мүмкін. Тараптар өз еріктері бойынша сотта қаралып жатқан дауды толықтай немесе бір бөлігіне татуласу рәсімдерін қолдануға құқылы. Татуласу келісімі бірінші, апелляция- лық, кассациялық сатылардағы соттарда сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейінгі уақытта, сот талқылауының кез келген сатысында, сондай-ақ, сот актісінің орындалуы кезінде жасалады. Азаматтық процестік кодекстің 176-бабында көзделгендей, тараптар келісімді жазбаша түрде дайындап, оған тараптар немесе олардың өкілдері қол қояды. Бұл құжатта келісімді орындау мерзімі мен тәртібі міндетті түрде көрсетілуі шарт. Татуласу келісімінде кейінге қалдыру немесе ұзарту мерзімдері көрсетіле отырып, жауапкердің міндеттемелерді орындауын кейінге қалдыру немесе ұзарту, талап ету құқығын басқаға беру, борышты толық немесе кешіру, не мойындау, сот шығыстарын бөлу, татуласу келісімін мәжбүрлеп орнату туралы шарттар және заңға қайшы келмейтін өзге де шарттар қамтылуы мүмкін.

Татуласу келісімін бекіту

Азаматтар өз шарттарын қойып, оған өзара келіскен жағдайда ғана татуласу келісімін сот бекітеді. Сот татуласу келісімін жасаудың құқықтық салдарын бекітілгенге дейін тараптарға түсіндіреді. Жалпы тараптардан түскен өтінішті қарау нәтижелері бойынша келісімді бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату не татуласу келісімін бекітуден бас тарту туралы ұйғарымды шығару соттың құзырына жатады. Егер татуласу келісімі заңға қайшы келсе немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін бұзса, сот келісімді бекітпейді. Сот татуласу келісімін бекітуден бас тартқан жағдайда ұйғарым шығарады, шығарылған ұйғарым шағым жасауға не наразылық келтіруге жатпайды. Сот татуласу келісімін тек қана бұл келісім басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайтынын және заңға қайшы келмейтінін анықтап барып бекітеді. Біздің мақсатымыз дауларды сотқа дейін реттеудің дұрыстығын халыққа түсіндіру, жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы заңдастыру болып табылады. Татуласуға тараптар өздері ерікті болуы керек. Адамның ішкі көрінісінде жанжалды шешуге ұмтылыс болса, сыртқы көрінісінде оны жүзеге асыру үшін татуласу жөніндегі жазбаша арызы бола алады. Татуласу – құқық саласында татуласуды бір жағынан кешенді құқықтық институт деп алатын болсақ, ал екінші жағынан құқықтық қарым-қатынасты тұрақтандыратын құқықтық тәсіл деп білеміз. Бүгінгі таңда аудандық сотта азаматтық, қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық істерде тараптардың медиациялық келісімге келуіне аса көңіл бөлініп, дөңгелек үстелдер, құқықтық сауат ашу бағытындағы шаралар қолға алынуда. Істі медиация тәртібімен аяқтауға судья медиаторлар мен кәсіби емес ме- диаторлар да мүдделілік танытуда.

Электронды ақпараттық сервис

Кездесу жиынында жаңа жүйе-«Сот кабинеті» электронды ақпараттық сервисі туралы аудандық соттың кеңсе меңгерушісі Сағынова Гүлшат Мақсотқызы қысқаша түсінік беріп өтті. Оның айтуынша «Сот кабинеті» - сот органдарының сервистері мен қызметтерін онлайн қолдануға мүмкіндік беретін бірыңғай сервис, яғни азаматтар, олардың өкілдері мен қорғаушылары өздеріне қолайлы уақытта үйден немесе жұмыстан интернет жүйесі арқылы, сондай-ақ «ХҚКО» РМК-ның филиалдарынан электронды түрдегі арыздар мен шағымдарды жолдай алады. Сонымен қатар, азаматтарға мемлекеттік бажды онлайн түрінде төлеуге, сот құжаттарын қарауға және істің қаралу барысын қадағалауға мүмкіндік берілген. Аталған жаңа жүйе арқылы тараптарға өндірістегі істің қарау мерзімдерін бақылауға болады. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен сервистік онлайн қызметін сот отырысына қатысушылары мен азаматтардың қолдануына және олардан пікір алу арқылы әрдайым бақылау жүргізіледі. Осылайша сот өндірісін оңайлату мен онлайн сервисті жетілдіру жөніндегі мәселелері шешіледі. Бұдан әрі кездесу жиыны сұрақ-жауап, ашық пікір алмасу бағытында өрбіді. Кәсіби емес медиатор Мұрат Есжанов өзінің араласуымен бірнеше дау- ды сотқа жеткізбей шешкенін айтып, өзінің тәжірибесімен бөлісті. Кездесу жиынын Есбол ауылдық округінің әкімі М.Есқалиев қорытындылады.

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ.

Super User

ads_hero