Ғажайып көпір пайдалануға берілді

Жайықтың Бұқар жақ бетін жайлаған Ақжайық, Есбол, Алға ауылдық округтерінде бес мыңнан астам халық тұрады.

Кейде қаланы айналып, кейде жүргенінен тұрғаны көп ескі паром өткелі арқылы аудан орталығына жол азабын тартып жететін жоғарыдағы ауылдың тұрғындарының тілектері қабыл болып, «көздері ашылғандай» қуанышты сәтті бастан кешіруде. Өйткені, Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында бұдан бірнеше жыл бұрын құрылысы басталған Жайық өзені үстіндегі аспалы көпір салтанатты жағдайда ашылды. Облыстық және республикалық бюджеттен қаржыландырылған көпір құрылысын қолға алған мердігер мекеме – «Атырауинжстрой» ЖШС-і теңдессіз алып құрылыс жобасын сапалы, әрі белгіленген мерзімде аяқтады. Жайық үстіне салынған бұл жаңа көпірдің арғы беттегі Атырау-Индер тас жолына дейінгі жалпы ұзындығы 68 шақырым, ал көпірдің ұзындығы 660 метр, ені 8 метр.

–Елбасы өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында халықтың жайлы тұрмысын қамтамасыз ету, инфрақұрылымдарды жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар беріп келеді. Міне, соның бір жарқын дәлеліндей осынау ел мен елдің арасын жақындатқан құрылыс-сәулет өнерінің тамаша туындысы-ғажайып көпірдің ашылу салтанатына куә болып отырмыз, – деді алғашқы сөз кезегін алған аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы.

–Бұл көпірді тек Махамбет ауданы тұрғындары пайдаланбайды, бұл көпірдің үстімен халықаралық транзитті жүк тасымалдары жүзеге асады. Яғни, көпірдің еліміз үшін стратегиялық маңызы зор. Дініне, діліне, нәсіліне қарамастан ұлт пен ұлысты ұйыстыра білген Елбасымыз Н.Назарбаев елдегі саяси тұрақтылықтың сақталуына мүдделілік танытып, татулықты ту етіп келеді. Бүгін де сол достықтың дәнекеріндей игілікті істің тындырылғанына ризашылығымызды білдіреміз. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей осынау Тұңғыш Президент күні мерекесімен тұспа-тұс келген мерейлі шарамызға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, республикалық ардагерлер төралқасының басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы бастаған бір топ мәртебелі меймандар, салалық министрлік өкілдерінің арнайы ат басын бұрып, елдің қуанышын бөлісіуі көңілімізді марқайтады. Осы көпір құрылысының басы-қасында болған барша жауапты тұлғаларға айтар алғысым шексіз, – деп сөзін тұжырымдаған Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев көпір құрылысын талапқа сай сапалы жүргізген мердігер мекеме басшыларына алғыс хат табыстады.

–Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Прагматизм-өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз» деп қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру туралы терең ойларымен бөліскені белгілі. Міне, сарапшылардың дәлелді дәйектемелеріне сүйенсек, мұндай тұла бойы құрыштай монолиттен соғылған заманауй көпір алыс-жақын шет елде жоқтың қасы. Бұл өркениеттіліктің жарқын бір көрінісі деуге болады, – деді келесі кезекте сөз алған астаналық мәртебелі мейман Бақтықожа Салахатдинұлы. Бала кезімізде Жайық өзені үстінен қалтылдаған қайықпен жанымызды жалдап, талай өткенбіз. Мұз жаңадан қатып, қабыршақтанып жатқанда Жайықтың үстімен өтпек болған талай адам оқыс мерт болғанын, өкінішке қарай ондай орыны толмас қайғылы жағдайлар жыл сайын қайталанатынын жергілікті халық әлі ұмыта қоймаған болар. Енді міне, сан жылдар бойғы халықтың арман-тілегі орындалып, қуанышқа кенеліп отыр. Бұл көпір құрылысы жобасының тиімділігі, талапқа сай, әрі қаржысы да қолжетімдігі ескеріліп, басқа өңірлерде де осындай көпір құрылысы жобасын жүзеге асыруға бағытталған сұраныстар түсуде. Бұл көпір Жайық өзенінің экологиялық жағдайын жақсартуға да септігін тигізеді. Өзен бойындағы балықтар емін-еркін өсіп, уылдырық шашатын болады. Олай болса, қуаныштарыңызға ортақпын, қадірлі жерлестер, – деді туған жер алдындағы перзенттік парызын терең сезінген Бақтықожа ағамыз тебірене сөйлеп. Аудан тұрғындары атынан сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нәсіпқали Саменов ағамыз да өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер Кеңесі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Махамбет аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нәсіпқали Сәменов салтанатты жағдайда жаңа көпірдің лентасын қиды. Ақ кимешек тартқан әжелер шашу шашты. Іле-шала сиреналарын қосып, айналаны азан-қазан етіп, қаздай тізілген отыз шақты «Камаз» жүк көліктері көпір үстімен арғы бетке асып түсті.

Енді бір сәтте төрт аяғын тең басқан ұзындығы есік пен төрдей тұлпарды сықырлауық трантасқа жекен ұлттық киімдегі қыз келіншектер сән-салтанаттарымен өздеріне жұрттың назарын аударып, көпірді бойлап келе жатты. Ал қолындағы аса таяғымен бірге алға адымдап келе жатқан Асан Қайғы бабамыз бір кездері осы өлкеге түйесін шөгеріп, елдің ырысына айналғалы тұрған құт мекен екен деп таң қалып, тамсанып, Жайық өзені үстінен алғаш рет тас көпір салғанын мақтанышпен айтып, «мың тәубе, халқым бар болыңдар, нар болыңдар» деп батасын берді.

Ал түйелерге тең артып, ырдуан ағаш арбаға жүктерін жайғастырған қарапайым қазақ ауылының көші де көз алдымызға сонау өткен ғасыр келбетін сағымдай көлбеңдетті. Көш керуеннің екі қапталында Исатай-Махамбет бастаған дулығалы батырлар сап түзеп келеді. Көпір үстіндегі нөпір халық осынау ғасыр қойнауынан шыға келгендей ғажайып көріністерге арбалып қалғандай жақыннан көріп қалуға тырысады. Сөйтіп, алысты жақындатқан жаңа көпір кемпірқосақтай Жайық өзені үстіне асылып тұра қалып, өзінің «қызметіне» кірісті.

Нұрым Ерғалиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521