ads_hero

Ауқымды жобалар қолға алынуда

Тұрғындар алдында атқарған жұмыстары жөнінде есеп берген Ақтоғай ауылдық округінің әкімі Б.Орынғалидың айтуынша, өткен жылғы жиында қозғалған Бала Ораз және Ө.Атамбаев елді мекендеріне газ желісін жүргізу мәселесі оң шешімін тапқан.

Яғни, Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы өткен жылы жоба жасақтау үшін 5 млн 067 мың теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда газ желісі тартылып, орталық газ құбырына жалғау жұмыстары қалған.

- Өңір экономикасының негізгі тірегі ауылшаруашылығы болғандықтан, жетекші сала әрдайым басты назарда,-деді сөзін одан әрі сабақтаған ауыл әкімі Бақытжан Орынғали. Округ бойынша барлығы 69 шаруа қожалығы тіркелген, оның ішінде қазіргі таңда жұмыс жасап тұрғаны – 37, оның ішінде мал шаруашылығымен – 30, егін шаруашылығымен – 7 қожалық айналысады. Егістік алқабының жер көлемі жоспар бойынша 190га, электрондық картаға 100 пайыз енгізілді. Жайылымдық жер көлемі жоспар бойынша 21026га, енгізілгені -15 820га.Бұл 75,2 пайызды құрайды.

Ақтоғай ауылында 200 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Таза су мен жазғы су желісі бірқалыпты жұмыс жасайды, қалған елді мекендер суды Жайықтан тасымалдап ішеді. Ақтоғай ауылы бойынша таза суға - 140 үй, жазғы суға - 89 үй қосылған. Сенімгерлік басқарушы ЖК «Лотов». Су уақытымен беріліп отыр. Ақтоғай ауылы бойынша қазіргі таңда 30 нүкте көше шамдары бар, көше шамдары жеке тұрғын үйлердің ауласында орналасқан және тозығы жеткен. Осыған орай, Ақтоғай ауылын толық қамтитын 150 нүктеге (5,0 км) көше шамдарын орнатуға, Ақтоғай елді мекеніне 2896 м жаяу жүргіншілер жолын салуға, ауылішілік жолдың 2018 жылы жасақталған жобасына енбей қалған көшелерге ұзындығы 2993 м жол жүргізу үшін, малдарды эпизотиялық ауруларға қарсы егуге арнайы қора салу үшін жобалау сметалық құжаттамаларын жасақтауға ұсыныс берілді. Сонымен қатар Атамбаев елді мекеніне 750 м, Бала Ораз елді мекеніне 2100 м жазғы су желісін жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттарды жасақтау жоспарлануда.

Осындай ауқымды жобаларды жүзеге асыруға жұмыстанып жатқан Ақтоғай ауылдық округінің әкімі Б.Орынғали аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлынан жоғарыда аталған жұмыстардың құрылысын жүргізу үшін қаржы бөлуге ықпалдасуға көмек сұрады. Жалпы Ақтоғай ауылының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін барлық сала бойынша салыстырмалы түрде талдап түсіндірген ауыл әкімі Б.Орынғалиға тұрғындар тарапынан сұрақтар болмауы да заңды. Өйткені атқарылған жұмыстар көз алдында, ал міндеттер мен тапсырмалар орындалу үстінде. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Базарбаев ауыл әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.

Бұл жөнінде жыл меценаты атанған қайырқом жан, шаруа қожалығының жетекшісі Ж.Досқайыров өз ойымен бөлісіп, жастар жылында жастарға қолдау көрсету туралы үндеу тастады. Ол сөз арасында 1995 жылы шаруа қожалығын құрып, содан бері қадіри халінше, көрпесіне қарай көсіліп, халықты қолжетімді ауылшаруашылығы өнімдерімен қамтып отырғандығын айтты. Атырау агро колледжі мен Сарайшық көпбейінді колледжі басшылығымен келісім-шартқа отырып, ауыл шаруашылығы саласы бойынша оқып жатқан шәкірттерді шаруа қожалығы базасында өндірістік практикадан өткізуді тәжірибеге енгізген. Сондай-ақ, технолог мамандығына оқыған қолындағы келінін жұмысқа тарту мақсатында кондитерлік өнімдер дайындау цехын ашқандығын да алға тартты. Мұның өзі күні кешегі Елбасы бастамасымен ресми түрде ашылған 2019-жастар жылына қосылған үлес деп бағалауға болады.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысына қысқаша тоқтала келіп, Ақтоғай ауылына байланысты өз ұсыныстарын айтты. Алға қарай да, белгіленген операторлар арқылы ауылшаруашылығы өнімдерін қолжетімді бағамен тұрақты түрде сатуды ұйымдастыру жөнінде ауыл әкіміне тапсырма берді. Сонымен қатар егістік көлемі азайып бара жатқандығына, шаруа қожалықтарының жартысына жуығы жұмыс істемей тұрғандығына, кәсіпкерлік салада серпін жоқтығына назар аударды. Ақтоғай орта мектебінің білім сапасында төмендеу бары байқаланыны, балабақша тәрбиешілері толық еместігіне тоқтала келіп, цифрлы Қазақстан бағдарламасын одан әрі жетілдіріп, жастардың ауылда тұрақтануына жағдай туғызу туралы тапсырма берді.

Н.ЕРҒАЛИЕВ.

Super User

ads_hero