Ұсыныс-пікірлер ескеріледі

«А.Оңайбаев көшесіне жарық және қысқы су желісін қосу – толықтай орындалды.

Көпір құрылысы аяқталып тапсырылуға берілсе, 60 үйлік пәтердің құрылысы мен көше жарығын орнату және көшені асфальттау жұмыстары биылғы жылы жалғасатын табатын болады». Махамбет ауылдық округі әкімінің 2018 жылғы әлеуметтік – экономикалық даму қорытындылары және 2019 жылға алда тұрған міндеттері туралы тұрғындар алдында есеп беру кезінде ауылдық округ әкімі Б. Мыңбаев осылай деді.

Махамбет ауылдық округі бойынша барлығы 2242 үйде 12237 адам тұрады. Негізгі күнкөрісі ауылшаруашылығы өнімдері болып табылатын ауылда барлығы 21 шаруа қожалығы тіркеліп, олардың тарапынан барлығы 353 га егіс көлемінің, 70га картоп, 59 га бақша, 224 га көкөніс, өнімдері егілген. Жыл қорытындысымен ауылдық округ бойынша жеке және шаруа қожалықтарын қосқанда барлығы 16168 бас мал басы тіркелген. Жұмыссыздарды тұрақты жұмысқа орналастыру, қайта оқыту, қоғамдық жұмысқа тарту және жұмыспен қамтудың белсенді формаларымен әр ай сайын ауылдық округ тұрғындарына мониторинг жүргізіп, аз қамтылған отбасыларын кедейліктен шығаруға нақты шаралар алынып, нәтижесінде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» жылдарға арналған бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді курстарына 47 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 12 адам, жастар тәжірибесіне 26, қоғамдық жұмыстарға 278 адам тартылған. 3 адамға мемлекеттік грант, 29 адамға несие, 49 адамға «Бастау Бизнес» бойынша несие берілген. Бір жылдың ішінде ауылда 337 жұмыс орны ашылып, оның ішінде 138 адам тұрақты жұмысқа қабылданған. Мүгедектерді оңалту бағдарламасына сәйкес есептегі 68 мүмкіндігі шектеулі азамат Алматы, Ақтөбе, Көкшетау, Орал шипажайларына денсаулықтарын сауықтыру бағытында тегін жолдамамен қамтамасыз етілген. Денсаулық сақтау саласы бойынша диспансерлік есепте тұрған науқастарға тегін дәрі-дәрмектер беріліп, тұрғындар скрининг, флюрографиялық бақылаулардан уақытында өткізілген. Есепті жыл ішінде 6 жоғары білімді дәрігер келіп, жұмысқа орналасқан. 2017-2018 оқу жылындағы Е.Ағелеуов орта мектебі– 55,4 пайызды, О.Шонаев орта мектебі - 57,2%, Д.Төленов мектеп – гиназия - 69,4%, Қалыбеков орта мектебі – 52,2 % білім сапасын көрсеткен. Үш мектеп бойынша оқушыларға 261 мұғалім дәріс беруде. Олардың ішінде 53-і жоғары, 72-і бірінші, 68-і екінші санатты. ҰБТ-ның көрсеткіші 2017 жылы 64,8 пайыз болса, 2018 жылы 63,2 пайызды көрсеткен. Мәдениет саласы бойынша 2017 жылы Сарытоғай ауылынан бастап салынған 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы мен «Арай» сауықтыру лагерінің күрделі жөндеу жұмыстары қазіргі уақытта уақытша тоқтап тұрған жайы бар. Оның себебі бұрынғы мердігермен арадағы келісім шарт бұзылуымен байланысты болып отыр. Ауыл әкімінің айтуынша 2019 жылы жаңа конкурс жарияланып, алдағы жылы құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып пайдалануға берілетін көрінеді.

Өткен жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы бойынша Сарытоғай ауылына 1 ойын кешені пайдалануға берілсе, Ы.Алтынсарин көшесіне 1 дана ашық футбол алаңын салуға жобалау сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамадан өткізіліп, 2019 жылы демеушілер арқылы құрылыс жұмыстары іске асады деп күтілуде. Бұған қоса Махамбет ауылындағы жазғы саябаққа демеушілер арқылы баскетбол ойын алаңшасы қондырылса, Шұғыла мөлтек ауданындағы 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй маңына демеушілер арқылы көпфункционалды ойын кешендері салынып спортсүйер қауымның игілігіне берілген.

Шұғыла мөлтек ауданында 5 дана тұрғын үй салынып, білім беру, денсаулық сақтау қызметкерлеріне табыс етіліп, аймақтағы зираттарды сәйкестендіру мақсатында Махамбет ауылындағы «Өтеміс» зираты темір тормен қоршалған. Ауылды көгалдандыру, санитарлық тазалық, тұрғындардың арыз-шағымдарына жауап беру жұмыстары да өз дәрежесінде жүргізіліпті. 2018 жылдың қорытындысымен 91 әкімшілік-құқық бұзушылықтар тіркелген көрінеді. Атап айтқанда: ауыл тазалығы бойынша 19 адамға хаттамалар толтырылып ескерту берілсе, көшеде мас күйінде жүріп, тәртіп бұзған және әртүлі қоғамдық орындарда әкімшілік құқық бұзушылықтары үшін – 56 адамға, ит ұстау ережесін бұзғаны үшін 1 азаматқа, отбасылық қарым-қатынастағы құқық бүзушылық бойынша - 9 азаматқа, балық аулау қағидасын бұзған - 5 азаматқа, сот қаулысын орындамаған – 1 адамға хаттама толтырылып, істері сотқа берілген, жыл ішінде барлығы 540 мың тенгенің айыппұл түріндегі шарасы алынған.

Ашылған қылмыстар саны 23 немесе 52,3 пайызды құрайды. Кәмелетке толмағандар арасында 55 құқық бұзушылық тіркеліп, оларға ескертулер шаралары алынған. Өткен жылды осылайша қорытындылаған ауыл әкімі Б. Мыңбаев биылғы жылға жоспарланған жұмыстарды да қысқаша атап өтті.

-  Махамбет ауылындағы Ипотека ы/а-на кіре берістегі жолдың екі жағындағы Саябақты темір тормен қоршау, Сарытоғай ауылы М.Маметов көшесінің көше жарықтары және сол жерге жастар ойын алаңын салу жоспарлануда. Учаскелік инспекторға конторымен тұрғын үй құрылысына облыстық бюджеттен 35 млн.теңге бөлінді, тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы. Әрине жұмыс болғасын кемшіліктерде орын алған болар, алдағы жұмыс жоспарымызда ауыл тазалығына, бұралқы иттерді жою, еңбек тәртібі мен қоғамдық тәртіпті сақтау, сын-ескертпелері мен ұсыныс-пікірлерін жүзеге асыру мәселелері үнемі бақылауда болады – деді Б.Мыңбаев баяндамасының соңында. Келесі кезекте сөз алған ауыл тұрғындары Тыныштық Үмбеталиев пен Болған Масалимова ауыл әкімінің бір жылдық жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап алды. Есеп беру жиынын аудан әкімі Ж. Ахметов қорытындылап 2018 жылдың әлеуметтік экономикалық даму қорытындысы және алда тұрған міндеттер туралы мәлімдеп, бұған қоса жиналыста айтылған ұсыныс-пікірлер мен сын-ескертпелерден нәтиже шығаруға тапсырма берді.

Б.СҮЙЕУОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521