ads_hero

«Ашық есік күні»: Тұрғындармен тілдесудің төте жолы

Облыс әкімі Н.Ноғаевтың тапсырмасына сәйкес өткен жұма күні барлық ауыл, аудан, қала әкімдіктерінде, мектеп, балабақша, спорт орталықтарында, аурухана, емханаларда және т.б. әлеуметтік, мемлекеттік мекемелерде «Ашық есік күні» өткізілді. Аудан әкімдігінде өткен шараға аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов пен бөлім басшылары қатысып, тұрғындар сауалына жауап берді.

Тұрғындарға аталған акция жөнінде алдын ала БАҚ құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы хабарланды. Алғашқы боп келгендердің бірі М.Тургалиева Береке ауылынан жаңадан салынған тұрғын үйіне электр желісін жүргізу жөніндегі мәселе қойды. Оған байланыс- ты барлық құжаттарының заңдылыққа сәйкестігі зерделенген соң алынатын шешім жөнінде бір аптаның ішінде жауабы берілетіні түсіндірілді.

Ауданымызда Атырау қаласынан қатынап қызмет ететін жандар үшін күн сайын жол жүру оңай емес, әрине. Оның үстіне ауа райы секілді мың құбылатын жолақысының да қалтаға біраз салмақ салатыны тағы бар. Сегіз жылға жуық уақыт бойы Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ Атырау облысы бойынша филиалы «Әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз ету бойынша аудандық бөлімінің басшысы қызметін атқарған З.Аманбаева қызметтік пәтермен көмектессе деген өтінішпен келді. Оның өтінішіне құлақ асқан аудан басшысы Жәрдемғали Бахуұлы бұл мәселе болашақта арнайы комиссия отырысында қаралатынын айтты.

Жайық өзені іргеде тиіп тұрса да әлі күнге дейін қысқы және жазғы судың тапшылығын сезініп келе жатқан бірқатар тұрғындар бұған дейін әкім қабылдауына келсе, аталған мәселемен ашық есік күнінде де төбе көрсетті. Әбілқайыр хан көшесінің тұрғыны М.Жиеншораев өткен қабылдауға келгенде «жазғы су мәселесі биыл оң шешімін табады» деген уәде алғанын айтады. Зейнеткер Т.Үмбеталиев Жаңа ауыл мөлтек ауданындағы Избулов көшесіндегі қысқы су мәселесін шешуді және Б.Нысанбаев пен Харькин көшелеріне балалар қауіпсіздігі үшін жол кедергісін орнатуды сұрайды. Сондай-ақ аудандық Жастар ресурстық орталығы мамандары ардагерлермен кездесулерді жиі ұйымдастырса деген тілектерін жеткізді.

Махамбеттік С.Қощанова мен З.Сұпығалиева жол мәселесімен келген екен. Тұрғындар өтінішіне орай Қ.Өміршін көшесіне жол салуға облыстық бюджеттен қаржы бөлуге сұраныс жолданса, А.Иманов көшесі биылғы жоспарда бары белгілі болды.

Ғ.Құбашев,Т.Титова, А.Дүсіповтердің өтініші жер мәселесіне қатысты болып отыр. Әрбір тұрғынның өтініші жеке-жеке жазылып, бөлім басшыларына бекітілген уақыт аралығында орындау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Аудан әкімі Ж.Ахметов көп балалы, жалғызбасты ана Р.Мұхитованың жағдайына қанық. Бұған дейінгі қабылдауларда болған оның мәселесі тұрғын үй алу. Өздеріңізге белгілі, жақында Мәжілісте көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларды жеке кезекке шығарып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан бірінші кезекте баспана алуға мүмкіндік беретін заң жобасы мақұлданып, Сенатқа жіберілген болатын. Көп ұзамай көпбалалы тұрмысы төмен отбасыларға 2-3 проценттік жеңілдетілген ипотека мамыр айының соңына қарай берілмек. Жалғызбасты анаға сәл шыдамдылық танытса, мамыр айында жақсы жаңалықпен қауышуы мүмкін екендігі айтылды. Махамбеттік, көп балалы ана А.Ұзақбаеваның өтініші де осы тақылеттес. Тұрғын үй алу және атаулы әлеуметтік көмек алудың шарттарына қатысты сала мамандарына көкейдегі сауалдарын қойып, нақты жауап алды. Көптеген тұрғындар аудан әкімдігінің әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы тікелей эфирге қосылып, сауалдарын жолдап, алғыстарын да білдіріп жатты.

Алдағы уақытта"Ашық есік күні" әр айдың соңғы жұма күнінде тұрақты түрде өңірдің барлық әлеуметтік, мемлекеттік мекемелерінде ұйымдастырылатын болады.

Б.САПАРОВА.

Super User

ads_hero