Қайыршылар қаптап кеткен

«Қазақтар көп жиналатын орынды ата» деп әлеуметтік сауалнама жүргізсеңіз: банк, базар деген жауап алар едіңіз. Иә, әйел, бала-шағасын ертіп жүрген небір жақсылар мен жайсаңдарды осы арадан жолықтыратыныңыз кәміл. Ал соңғы кезде «ақылдан дәме» еткендей бұл адам көп шоғырланатын орындарда алақан жайып, қайыр сұрайтындар көбейіп кетті.

Тіпті мойындарына жәшік іліп, ауру баланы емдетуге қаржы жинаймыз деп жазып алатындарын қайтерсің? Демалыс күні «Дина» базарына барғанымызда анадай жерде топталып тұрған бірыңғай бөріктілерді көріп, қапелімде төбелес болып жатыр ма, әлде баяғы «алик, малик, где шарик?» қалта қағу ойыны қайта келіп қалды ма?- деп ойладық. Жақындай бере топ жігіт алдымызды кес-кестеп, ауру балаға ақша жинап жүргендерін айтты, өтірік емес, рас деп арасында біреулері ант-су ішіп жатыр. Ал келесі топ өздерінің барылдаған дауыстарымен: «айналайын, немерем, бар жақсыны берер ем» деп әндетеді. Танымал әннің мәтінін де жатқа білмейді. Қане, қайырмасын тағы қайталайық,-деп өздерінше қалың жұртшылықтың «жүректерін жаулап» алып, оңай олжаға қарық болмақшы.

Бұлайша «жарапазандатып» жүргендер не жоғары сынып, не колледж оқушылары болулары кәдік. Әрине, шын ниеттерімен қайырымдылық жасағылары келсе, қарекеттерін құдай қош көрсін дейміз, әрине. Бірақ төрткүл дүние таныған Тәуелсіз Ел ұландарының бұлайша көшеде қол жайып, қайыр сұрағандары ұят емес пе? Нағыз көмектескілері келсе, барлығы бір жерге жалданып, көтерме жұмысқа барса, немесе шәкіртақыларын ауру балаға емдеуге жұмсаса, кім қолдарын қағады?

Базардың орта тұсынан естілген құйқылжыған жаныма жақын таныс әуен еріксіз өзіне баурап алды. Жақындап барсам, орыс жігіті таза қазақ тілінде Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасын» сырнайын созғылап, еңіретіп отыр. Бір түрлі тұла-бойың шымырлап кетеді екен. Қақпағы ашық тұрған сырнайдың қабына ойланбастан қалтамдағы сөлкебайымды сүңгіттім. Бұл енді бір кездегі өнер адамының таза еңбегі. Бәлкім күйініп, ішіп кеткен болар... Мұқағали ақын айтпақшы: «сүрініп кетіп, бүлініп кеткен тағдырлар...»

Н.ЕРҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521