ads_hero

«Аққу» сауда үйі

Қашан көрсең де есігі тарс бекітулі тұратын, терезелері кір қожалақ, сыртқы сылақтары түскен осы бір ескі нысан көшенің әркенін алып тұратын.

Бұл Кеңестік кезеңнен қалған көненің көзіндей ескі мұра десе де болады. Өйткені аудандық тұтынушылар қоғамына қарайтын «Аққу» сауда үйінің құрылысы 1980 жылдары салынып, іске қосылған. Қызыл Үкімет тараған кезде бұл нысан иесіз, қараусыз қалған. Бұған дейін кәсіпкерлікке батыл бет бұрып, біршама тәжірибе жинақтаған М.Кенжеғалиева «қабырғасымен кеңесе келіп», бұл ескі ғимаратты жеке меншігіне сатып алуға тәуекел жасады. Барлық істің басы-қасында жүретін ұлы Еркебұлан да бұған қарсы болмады. Дереу іске кірісті. Құрылыс жұмыстары қызу қарқын алып, архитектуралық кескін-келбетін де барынша талапқа сай өзгертуге тырысты. Қолы ұсынақты құрылыс шеберлерінің қолынан өткен «Аққу» айдынына қайта оралғандай, сыланып шыға келді. Ғимараттың айналасы да әдемі брюсчаткалармен көмкеріліп, абаттандырылған.

«Аққу» сауда үйінің ашылу салтанатында аудан әкімі Ж.Ахметов, отбасылық бизнесті дамытуға бағыт-бағдар беріп отырған берекелі шаңырақтың отағасы М.Кенжеғалиев жүрекжарды тілектерін жария етті. Ал, жаңа нысанның лентасын қию құрметіне ауданның Құрметті азаматы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Сәменов пен аудандық мәслихат хатшысы М.Мырзашев ие болды. Сауда үйі жылы да, жарық, жұмыс істеуге ыңғайлы он сегіз бутикке бөлінген. Демек, осыншама адам өзінің кәсібімен айналысатын болады.

Super User

ads_hero