300 теңгелік автобустың жыры бітер емес

Атырау-Махамбет аралығына қатынайтын арзан автобус шықты деп, ел-жұрттан сүйінші сұрап едік, қуанышымыз ұзаққа бармады.zh-shugylacy.kz

Такси құнының қымбаттауына байланысты, қалаға тұрақты қатынап жүргендерге жолақысын 300 теңгеден тиімді етіп шығарған автобустың төңірегінде алып-қашпа әңгімелер көбейіп кетті.

Газетіміздің instagram әлеуметтік желісінде «Автобустың жүру уақыты тиімді ме?» деген сауалнама жасап көрген едік. Оған сан алуан пікірлер жазылды. Бірі: «уақыты тиімсіз десе, бірі демалыс күндері неге жүрмейді, енді бірі Теңіз қалашығындағы жұмысшыларды тасымалдауға арналған ба?» деп сұрақтың астына алды.

Бекітілген кестеге сәйкес: автобус таңғы сағат 7:00-де Атырау бағытына аттанып, кешкі сағат 19:00-де Махамбет бағытына жолға шығуы тиіс.

Алайда, түстен кейін де қалаға барғысы келетін тұрғындарға бұл тиімсіз болып отыр. Әлеуметтік желідегі пікірлер де осы тұста екіге бөлінді. Мәселенің мән-жайын білмекке аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары Асылан Сапаровқа хабарласып едік:

- Атырау-Махамбет бағытында жолаушылар тасымалдайтын 45 орындық «KIA» маркалы автокөлігінің иесімен, яғни жеке кәсіпкермен арадағы келісімнің заңды күші жоқ. Құжаттардың кешіктірілуіне байланысты кәсіпкер шығынының бір бөлігін өтеуге қажетті субсидияны ала алмады. Сондықтан күніне екі мезгіл жолаушы тасымалдау оған да тиімсіз.

Алдағы уақытта халықтың ұсыныс-тілегін ескеріп, жұмыс кестесін өзгертуге тырысатын боламыз. Ескере кететін жайт, Атырау-Орал тас жолы республикалық дәрежеде болғандықтан субсидиялау конкурсына қатысатын әрбір кәсіпкердің құжаты жіті қаралып, келісім тікелей Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан беріледі,-деп қысқа-нұсқа жауап берді.

Айнұр САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521