Қырық екі көше шамын кім сындырды?

Ағымдағы жылдың қаңтар айының 3-нен 4-не қараған түнде аудандық орталық саяжолда бір топ кәмелет жасқа толмаған жасөспірім қылмыс үстінде ұсталды.

lampa

Ауданымызда жасөспірімдер арасындағы бұзақылық, соның ішінде қоғамдық орындардағы тәртіпсіздік, бүлдіріп, қирату, мемлекеттің мүлкіне зиян келтіру әрекеттері азаймай отыр. Ағымдағы жылдың қаңтар айының 3-нен 4-не қараған түнде аудандық орталық саяжолда бір топ кәмелет жасқа толмаған жасөспірім қылмыс үстінде ұсталды. Бір емес, екі емес, қатарынан 42 жарық шамды қасақана сындырып, қашып кетуді көздеген бұзақыларды тәртіп сақшылары көп ұзамай қолға түсірген.

Әйтсе, де үкіметтің қаржысына қондырылған көше шамдарын бүлдіріп, ата-анасын қып-қызыл шығынға қалдырып отырған олар өздерінің осы әрекетінен қаншалықты ұялады білмейміз. Біздің білгіміз келетіні: елдің ертеңі, болашағы деп сенім артып отырған жастардың осыншама сорақылыққа, заң бұзушылыққа баруына не себеп? Мұның астарында жастардың санасын улаған вандализм түсінігі ме, әлде көше бұзақыларының кезекті қояншық әрекеті ме анықтап көруге тырыстық.

Бір емес, екі емес

Жалпы тұрғындар тарапынан мұндай өрескел әрекеттер бір емес, бірнеше мәрте қайталанып отыр. Мәселен, ауданның орталық алаңында тұрған «Мен Махамбетті сүйемін» атты композициялық жазуды бүлдірген, ауылдың кіреберісінде Атырау-Орал тас жолының бойына орнатылған жылдамдықты анықтау құрылғысын сындырған, жасыл белдеудің есігі болса да, торын жыртып, тесік жасап жүргендер де өзге ауылдың адамдары емес, өзіміздің жергілікті тұрғындар, сол жүгенсіз кеткен жасөспірімдер.

Айтуға азуың бармайды, бірақ шындығы сол. Тіпті, бірер айдың турысында редакциямыздың алдындағы қоқыс жәшігін тал түсте өртеніп жатырғанын көзіміз көрді. Айыпты, алыстан болмас. Сол маңдағы автотұрақтың такси жүргізушілерінің бірі шеккен шылымдарын жәшікке сөндірмей салса керек. Жіпке тізсе, мұндай жайттар жетерлік. Бірақ, қоғамдағы осы мәдениетсіздікпен қалай күресеміз? Мәселе сонда болып отыр. Шетелдің көшелері таза, тап-тиянақты деп мақтап жатамыз, ал өзіміз жолымызда бір соқа қисайып жатса, аттап өтеміз. Сонда біздің, туған жерге, елге деген сүйіспеншілігіміз, құрметіміз қайда? Бұл рухани құндылық үлкендерден үлгі болмаса, жастардың санасына қайдан жетпек? Қалталарынан қаржы шығарып, Махамбетті гүлдендірмесе де, барымызды бүлдірмесе болмай ма?

l

Қылмыстық іс қозғалды

Алайда, күні кеше көше шамдарын сындырғандардың әрекеті ұсақ қылмысқа жатпайды. Махамбет аудандық полиция бөлімінің тергеушісі, полиция капитаны Е.Ақкөзовтің ақпараты бойынша: -2020 жылдың қаңтар айының 3-нен, 4-не қараған түні бір топ кәмелетке толмаған жасөспірімдер «Марсель» такси тұрағынан ұсталып, мезгілсіз уақытта ата-ананың қарауынсыз көшеде жүргені үшін жауапқа тартылған болатын. Жауап беру барысында анықталғандай, олар көше сақшыларының қолына түспес бұрын, орталық саяжолдың жарық шамдарын сындырып, 150 метрлік жарық бергіш тоқты үзген. Оқиғаға қатысы бар 6 баланың 2-і О.Шонаев және Е.Ағелеуов орта мектептерінің 10-сынып оқушылары.

Қалғандары Атырау қаласындағы колледждердің 1-курс студенттері. Қазіргі таңда аталмыш оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің №202 бабына сәйкес іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Жасөспірімдердің өздерінен де, ата-аналарынан да толықтай жауап алынып, келтірілген шығын есептеліп, шешім шығарылатын болады. Осы салада бірнеше жыл еңбек етіп, талай бұзақымен тілдескен тергеушіден бұл жолғы жауап алуда балдардың бойында қорқыныш, ұялу сезімдері болды ма? Олар өз әрекеттері үшін қынжылып, кешірім сұрады ма? деген сауал қойған едік:

- Маман ретінде қазіргі жасөспірім жеткіншектердің бойында ар-ождан сезімі азайып бара жатырғаны анық байқалады. Туған жерге деген патриоттық сезім оларда жоқтың қасы. Тіпті, жасаған істерінің себебін де нақты түсіндіре алмады,-деген жауап алдық.

Бұдан шығар түйін мынадай:

Махамбеттей батыр бабаның есімі берілген қасиетті жердің ұландарына, болашақ азаматтарына бұл әрине, үлкен сын. Иә, мейлі «ханның да қызы қателеседі» деп кішкентай бұзақыларымызды бұл жолы да ақтап алармыз. Алайда, олар ертең қандай азамат болып өспек? Қазақ 13-де отау тіктіріп, ел басқартқан балдарымыздың, 16 жасқа келсе де шалалығы басылмай жүргені қалай? Елдің, жердің қадірін түсінбесе де, ата-ананың, достарының, бауырларының, ұстаздарының алдында айыбын сезінбеу, солардың бетіне қалай қараймын деп қорықпағандары қорқытады бізді. Бүгін шамды сындырып, тоқты үзіп, істі болса, ертең қандай қылмыс жасайтынын кім біледі?

Тәрбие тал бесіктен деп бекер айтпаған ғой. Осы орайда ата-аналар да, баланың бүлдіргенін түзетуге емес, оларды қоғамға, ортаға сай азамат ретінде қалыптастыруды ойлауы керек сияқты. Түнгі уақытта көше кезіп кеткен баланы, бұзақылықты жасап, таң ата тәртіп сақшыларына ұсталғанша іздемей қамсыз ұйықтап жатқан әке мен анаға не дейміз? Өткен жылы елімізде жастар жылы, биыл міне, еріктілер жылы жарияланып жатыр. Мектептен бос уақытында ұл-қыздарыңызды аудандағы жастар ресурстық орталығына жіберіңіз. Қоғамдық жұмысқа аралассын, өздеріндей ауданның белсенді жастарымен танысып, бірге жаңа жобаларды жүзеге асырсын, бойындағы артық энергиясын игілікті іске, қайырымдылыққа жұмсасын. Осыған ата-аналар мен ұстаздардың ықпалдасатын уақыты келген сыңайлы.

Қазақтың біртуар ғалымы Қаныш Сәтбаев: «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес» деген екен. Түсіне білген жанға осы екі ауыз сөздің астарында да үлкен мән, мағына жатыр.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521