Чемпиондар ауылдан шығады

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тұжырымдамалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2018 жылдың 13 сәуірі күні «Туған жерге тағзым» тақырыбында жерлестер форумы ұйымдастырылған болатын.

Сол алқалы жиында іс басында жүрген азаматтар «көрпелеріне қарай көсіліп» әркім шама-шарқынша туған жерді көркейтуге өз үлестерін қосуға уағдаласып тарасқан-ды. Сол уәде үдесінен шыққан «Сәби» қайырымдылық қорының басшысы Әсел Иманғалиқызы Тасмағамбетова өзі туып- өскен Махамбет ауданының 90 жылдығына тамаша тарту жасады.

Ол өз қаржысына үстіміздегі жылы пайдалануға берілген көп қабатты 60 пәтерлік үйдің жанынан балаларға арналған көп кешенді ойын, футбол, волейбол, баскетбол алаңдарын салып, сәбилерге шаттық сыйлады. Осынау спорттық сауықтыру орталығының ашылу салтанатында аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы сөз сөйлеп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деген жүрекжарды лебізін тілге тиек етіп, киелі туған топырағына деген перзенттік парызын ұмытпай, игілікті істі қолға алып, сәбилерді шексіз қуанышқа бөлеген Әсел Иманғалиқызына аудан тұрғындары атынан ризашылық сезімін білдірді.

-Осыдан он алты жыл бұрын Әсел Иманғалиқызының бастамасымен құрылған «Сәби» қайырымдылық қоры облыс аумағында ұйымдастырылатын қайырымдылық шараларынан қалыс қалып көрген емес,-деді келесі кезекте сөз алған аталмыш қордың өкілі Досымжанқызы Ырысжан. Сонымен қатар бірнеше ауқымды жобаларды жүзеге асырып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған көп балалы отбасыларына грант бөліп, жоғары оқу орындарында алаңсыз оқып, білім алуларына жағдай жасап келеді. Ел намысын қорғап, түрлі халықаралық білім сайыстарына қатысып жүрген талантты оқушыларға да қаржылай қолдау көрсетуде. Осы қордың қаржысына облыс орталығынан үлкен спорт кешені салынып, пайдалануға берілді. Алға қарай да мұндай қайырымдылық шаралары жалғасатын болады.

Бұдан кейін ата-аналар атынан сөз алған ардагер ұстаз Қалыш Лотқызы балаларға ерекше тарту жасаған Әсел Иманғалиқызын нағыз туған жерінің патриоты деп бағалап, оған шынайы алғыс сезімін білдірді. Қаладағыдан бірде кем емес ғажайып спорт кешенін күтіп ұстау-барша аудан тұрғындарына сын екендігін де ескертіп өтті. Аудан әкімі Ж.Ахметов пен ардагер спортшы Ж.Сұлтанов спорттық сауықтыру орталығының лентасын қиып, тұрақты түрде спортпен шұғылданып, игілігін көріңдер деген жүрекжарды тілектерін арнады. Жаңа нысанның ашылуына жиналған жұртшылық көп бейімді спорт кешенін аралап көрді. Ойын алаңында он жеті түрлі дене шынықтыру жабдықтары жайғасқан. Қазірдің өзінде спортты серік еткен жасөспірімдер жаттығу жұмыстарын бастап кеткен. Иә, чемпиондар ауылдан шығады десек, махамбеттік Әселдің бұл игілікті ісі ауыл спортын дамытуға ерекше серпін берері сөзсіз.

Н.ЕРҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521