Жат жерде от кешкендер

Биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толып отыр.

Деректерге сүйенсек, оқ пен от алаңына елімізден қатысқан 22 мыңнан астам қазақстандықтың 924-і жат жерде қаза тапқан. Оның ішінде 1015 жауынгер мүгедек атанып, 21 адам хабарсыз кеткен. Облыс бойынша соғысқа аттанған 800-ге тарта жауынгердің, 13-і ұрыс даласында мерт болып, 1-і хабарсыз кеткен. Осыншама адамның өмірін қиып, енді бірін мүгедек атандырған сұрапыл соғыстың жүректе өшпес ізі, көңілді сызы қалды. Ауданымыздан қатысқан 35 азаматтың, бүгінде 14-і өмірден өткен.

Қазіргі таңда «Ауған халқы атынан жауынгер-интернационалистерге алғыс», «КСРО Қарулы Күштеріне – 70 жыл», «Кеңес әскерінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылуына 15, 20, 25, 30 жылдық» медальдарымен марапатталған 21 жерлесіміз бар. Біз атаулы күн қарсаңында жерлестерімізден майдан даласындағы қиын-қыстау күндері жайлы естеліктерімен бөлісуін сұраған едік.

qumarovnurlan

Құмаров Нұрлан Қалиоллаұлы 1965 жылы 1 қарашада Гурьев облысы, Қызылқоға ауданы, Мұқыр селосында дүниеге келдім. 1968 жылы Махамбет ауданы, Алмалы ауылына қоныс аударып, 1982 жылы Алмалы орта мектебін бітірдім.Сонымен қатар ДОСААФ мектебінде білім алып, автокөлік жүргізуші мамандығын игердім. 1984 жылы мамырда КСРО Қарулы Күштері қатарына Махамбет аудандық әскери комиссариатынан шақырылдым. Әскери дайындықты Түркіменстан Республикасының Ашхабад қаласында көздеуші-оператор болып өтіп, 1984 жылдың қазан айында Кабул қаласына әкелді. Одан кейін Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі континенті құрамында Газни елді мекенінде әскери борышымды өтедім. БМП-2 машинасының көздеуші – операторы болып, бірнеше жауынгерлік ұрыс қимылдарына қатыстым. Бір рет минаға түсіп, Алла сақтап аман қалдым. Біздің негізгі міндетіміз тамақ, оқ-дәрі әкелген коллонаны қорғап, белгіленген жерге дейін апару болды. 1986 жылы 1 маусымда әскери борышымды толықтай өтеп, елге оралдым. Қазіргі таңда «Бұлбұл» бөбекжайында жылу қазанының операторы болып, қызмет атқарудамын. Үш ұл, бір қыздың әкесімін. «Интернационалист жауынгерге Ауған халқы атынан», «КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 15,20 жыл» медальдарымен, «КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының грамотасымен» марапатталдым.

qadyrbek

Шаймарданов Қадырбек Қадыржанұлы 1961 жылы 6 қыркүйекте Гурьев қаласында дүниеге келдім. 1976 жылы Сарайшық орта мектебінде 8-ші сыныпты аяқтап, СПТУ-91 училищесіне оқуға қабылдандым. 1979 жылы Ақтөбе қаласындағы индустриалдық-педагогикалық техникумға оқуға түстім. 1980-1982 жылдары Кеңес Армиясы қатарында Ростов на Дану қаласында оқу-жаттығудан өтіп, кейін Өзбекстан Республикасының Термез қаласындағы №74578 ерекше батальонында болдым. СССР мен Ауғанстанның Ташкурган, Пули-Хумри, Кабул провинцияларында іссапармен қару-жарақ, тамақ, отын тасуға қатыстық. 1982 жылы желтоқсан айында елге оралып, Сарайшық кәсіптік-техникалық училищесіне өндірістік оқу шебері қызметіне орналастым. Кейін біраз жыл мұнай саласында жұмыс жасап, 2016 жылдан бастап Махамбет көпбейінді ауылшаруашылығы колледжінде қайта келіп, қызметімді жалғастырудамын. Отбасылымын, 3 ұлым, 2 қызым бар. «Интернационалист жауынгерге Ауған халқы атынан», «КСРО Қарулы Күштеріне – 70 жыл», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 15,20,30 жыл» медальдарымен марапатталдым.

farifylla

Есенғалиев Ғарифолла Халықұлы 1966 жылы 19 сәуірде Махамбет ауданы, Сарытоғай ауылдық округінде өмірге келдім. 1973-1983 жылдары Сарытоғай мектебінде оқып, білім алдым. 1983-1984 жылдары Гурьев ауылшаруашылық техникумын бітірдім. 1984 жылы сәуірде Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Самарқанд қаласында жас жауынгер курсынан өттім. Сол жылы маусым айында Ауғанстан Демократиялық Республикасы Шиндант провинциясында әскери әуе күштерінде, күзет батальонында, әскери бөлімінде интернационалдық борышымды өтедім. Мамандығым инженер-механик. Елге жылы оралған соң «Орал» совхозына инженер болып орналастым. «Интернационалист жауынгерге Ауған халқы атынан», «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 25, 30 жыл» медальдарымен марапатталдым. Отбасымда 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған әкемін.

Б.Сапарова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521