ads_hero

ТІРКЕЛУ ТӨҢІРЕГІНДЕ ТҮЙТКІЛ КӨП

2017 жылғы 7 қаңтарда «Халықтың көші-қоны туралы» және «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына енгізілген өзгертулер күшіне еніп, азаматтың уақытша келу орны бойынша тіркелу міндеті, сондай-ақ меншік иелері немесе тұрғын үйді жалға беруге уәкілетті адамдардың онда тұратын адамдарды тіркеу міндеті көзделді. Алайда, әлі күнге қайда тіркелерін білмей, мәселесінің шешімін мекемелерден күтіп жүрген тұрғын көп.

ТҰРАҚТЫ ЖӘНЕ УАҚЫТША ТІРКЕУ БАР

Елімізде тұрғылықты жері бойынша тіркелудің 2 түрі бар - тұрақты және уақытша. Тұрақты тіркеу – бұл тұрғылықты жері бойынша тіркеу. Уақытша тіркеу – бұл азаматтың 1 айдан артық уақытша келу (тұру) орны бойынша тіркеу.

«Уақытша тұрғындар» түсінігі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2 бабында анықталған (уақытша тұрғындар – жалдаушы (меншік иесі, тұрғын үй кооперативінің мүшесі) тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төлем алусыз тұрғын үйге уақытша тұру құқығы ұсынылаған азаматтар). Уақытша тұру орны бойынша 1 айдан артық мерзімге келген азамат 10 күн ішінде тіркелуге міндетті.

Қазір уақытша тіркеу үшін келесі құжаттар қажет: МИТК кодын көрсетумен тұрғын үй иесінің келісімі (немесе жалдаушыны тіркеуге нотариалды расталған сенімхатпен сенімді адамның); тұрғын үй иесінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке қатысу міндетті); тіркелушінің жеке басын куәландыратын құжат.

ПӘТЕРДІ ЖАЛДАУ ҚҰНЫ 42500 ТЕҢГЕДЕН АСУ КЕРЕК

Азаматтардың уақытша келу орны бойынша тіркеусіз тұруы әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Сөйтіп, уақытша келу орны бойынша 10 күнтізбелік күннен бір айға дейінгі мерзімде тіркеусіз болғанда ескерту жасалады. Бір ай өткеннен кейін 7 АЕК мөлшерінде айыппұл санкциялары қолданылатын болады. Әкімшілік жауапкершілікке пәтерлерін жалға беріп, онда өзінің пәтер жалдаушыларын тіркемеген жалға берушілер де әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.Айыппұл мөлшері 10 АЕК құрайды (сонымен қатар бұзушылықтар жыл бойында қайталану кезінде айыппұл – 20 АЕК).

Көп жағдайда жалдамалы пәтерді пана етіп жүргендерді әсіресе, студенттер мен жалғызбасты аналарды үй қожайыны тіркеуге қоспай, әлек қылады. Мұның ақыры жалған мекен-жайға тіркелушілердің көбеюіне немесе бір үйде бірнеше адамның тіркеуде болуына алып келеді. Осы орайда заңның да солқылдақтығы сезіледі. Өйткені, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда пәтерді жалға беруші тұрғындарды өз үйіне тіркемесе, жеке тұлғаларға 10 АЕК (22,600 теңге), шағын кәсіп иелеріне - 15 АЕК (34 мың теңге), ал ірі кәсіп субъектілеріне - 50 АЕК (113,5 мың теңге) айыппұл салынады делінген. Ал аудандық кірістер басқармасының мамандарының берген мәліметінше: Қазақстан Республикасының «Салық кодексіне» сәйкес, кез келген пәтерді жалға беруші ай сайынғы қосымша табысы 42500 теңгеден асса ғана кәсіпкер ретінде тіркеліп, жалға алушыларды тіркеуге міндеттеледі. Ал мұндай сомаға пәтер жалдаушылар тек қалалық жерлерде ғана кездеседі. Ауылдық жерде жалға беру құны 15-30 мың аралығында болғандықтан көптеген пәтер жалдап жүрген тұрғындарымыз тұрғылықты мекен-жайынан тіркеу ала алмай жүр.

АУДАН ӘКІМІ АЙТПАСА ШЕШІЛМЕЙ МЕ?

Мәселесін құзырлы органдардан шеше алмаған соң аудан әкімінің алдына барып, көмек сұраған жандардың бірі Жасұлан Жаумытбаев:

-Жұбайым екеуміз 5 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ата-анамыз. Аудан әкімдігінің қолдауымен өткен жылы «Шаттық» мөлтек ауданынан жеке баспана алып, көшкенбіз. Қараша айында жаңа пәтердің келісімшарты қолымызға тиіп, АӘК-ге құжат жинақтауға кірістік. Алайда, осы аралықта бізге тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркеудің жоқтығы кесірін тигізді. Бұрынғы мекен-жайдың тіркеуімен тапсырсақ, сол үйдегі анамның зейнетақысы қосылып, табыс көзі артық шықты. Мән-жайды анықтамақ болып, алдымен ХҚКО-ға бардым, олар үйдің құжаттарын табыстаушы құрылыс бөліміне нұсқады, ал құрылыс селолық округке барып, анықтауды өтінді. Осылайша, 1 айдың үстінде уақытым зая кетті. Амалым таусылған соң аудан әкімінің қабылдауына кіріп, осы мәселені айтқан едім. Жәрдемғали Бахуұлы тиісті мамандарға менің мәселемді 1 апта мерзімінде шешіп беруді тапсырды. Айтқандай-ақ 3 күнде арнайы базадан кеткен ақаулықты ХҚКО-ның басшысы дұрыстап, үлкен көмегін тигізді,-дейді өз үйіне өзі тіркеле алмай, әуреге түскен көпбалалы әке. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің басшысы А.Қабдолованың айтуынша АӘК-ге құжат тапсыру үшін, үй қожайынынан тіркеуге тұрғызуды өтініп жүрген аналар ауданымызда жетіп артылатын көрінеді.

БЕЛГІСІЗ 12 АДАМДЫ КІМ ТІРКЕДІ?

Тіркеу төңірегінде туындап жүрген көп мәселенің бұл бірі ғана. Махамбеттік тұрғындар уақытша тіркеле алмай жүрсе, алмалылық тұрғын Зинайда Жұмағалиева өз үйінде тіркеуде тұрған белгісіз адамдарды тіркеуден шығара алмай, әлек болған.

-Өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында коммуналдық төлем шығындарының көбейіп келе бастағанын байқадым. Сөйтіп, түбіртекті қарасам, 1 адам тіркеуде тұрған үйге 4 адамды белгілеп қойыпты. Себебін анықтау үшін аудандағы ХҚКО-на барған едім, ол жерден дәл сол мекен-жайға 4 емес, 12 адам тіркелгенін анықтадық. Тең жартысы сол көшенің бойында тұратын көршілерім, ауыл тұрғындары болып шықты. Бір қызығы, олар өздерінің үйлерінде де тіркеліп тұр. Белгісіз себептермен менің үйімде тіркеуде тұрған ол адамдарды шығару оңайға түскен жоқ. Аудандық көші-қон полициясына барған едім, ол жердегі мамандар құрылыс бөліміне сілтеді, құрылыстан мүлікті жекешелендіру орталығына барып, мәселем шешілген болар десем, қайтадан көші-қон полициясына жұмсады. Ең ақыры аудан әкімінің орынбасарына кіріп, осы мән-жайды түсіндіріп, зейнеткер ретінде көмек сұрадым. Аудандық полиция бөлімінің басшысы А.Базарғалиұлының тапсырмасымен мамандар заңсыз тіркеуде тұрған 11 адамды шығарып тастады,- дейді біраз әуре-сарсаңға түссе де, дер кезінде көмек көрсеткен мамандарға алғысын айтуды ұмытпаған З.Жұмағалиева.

БАРЛЫҚ ОПЕРАЦИЯ ХҚКО-ҒА БЕРІЛДІ

«Азаматтарға арналған Үкімет»МК КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалы Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Бақтыбек Мұхамбетқалиевтың айтуынша:

Тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркеу кезінде мына негізгі үш себептен:

Тұрғын үй құжаттарының толық мемлекеттік тіркеуден өтпегені;

Мекен-жайдың қайталанып кетуінен;

Тұрғындардың немесе құзіретті органдардың ақпаратты қате беруінен мәселе туындайды екен. Көше бойындағы үйлерді нөмірлеу барысында қателіктер кетіп жататынын ауылдық округ әкімі Б. Мыңбаев та растады. Демек, бір көшенің бойындағы бірнеше адамның бір үйде тіркеуде тұруына бұл да себеп болуы әбден мүмкін.

Жоғарыдағы кейіпкерлеріміз секілді әр мекеменің есігін тоздырып, тіркеудің мәселесімен аудан, ауыл әкіміне дейін бармас үшін 2019 жылдың қараша айында шыққан Үкімет қаулысына сәйкес азаматтарды тұрғылықты немесе уақытша мекен-жай бойынша тіркеудің барлық операциялары ХҚКО-на ауысқанын қаперлеріңізге береміз.

ТҮЙІН

Тіркелу мәселесін зерделей келе түйгеніміз тұрғылықты жер бойынша тіркелу бүгінгі таңда мемлекеттен алатын жәрдемақыға, жұмысқа орналасуға тікелей қатысты қажетті басты құжаттың бірі болып отыр. Ал пәтерін жалға беретін адамдар өзін жеке кәсіпкер ретінде көрсетпесе, жалға алушыны тіркеуге отырғызбағаны үшін жауапкершілікке тартылмайды. Бұл АӘК алу үшін тіркеу талап етіп жүрген отбасылар мен жалғызбасты аналардың мәселесі жалға берушінің адамгершілік қасиетіне байланысты ғана шешімін табатынын көрсетеді.

«БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ !»

Күнделікті өмірде ай сайынғы төлейтін коммуналдық қызметтерге қатысты түбіртекті тексеріп қарамай, көрсетілген соманы төлей саламыз. Бұл салғырттық па, әлде қызметін ұсынушы мекемеге деген сенім бе? Жалпы сол түбіртекте үйдегі адам саны не себепті көрсетіліп тұрады? Оның төлемге қандай да бір әсері барма? Бұл сұрақтың да жауабын іздеп көрдік. Алдымен жергілікті «Атырау-Жарық» мекемесіне қоңырау шалдық. Ондағы есепші мамандар ай сайынғы төлемге тұрғындар санының тікелей әсер ететінін, сол арқылы жалпы соманы шығаратынын айтты.

Ал «ҚазТрансГазАймақ» мекемесінің мамандары түбіртектегі цифрлардың төлемге түк те әсер етпейтінін, үйдегі адам саны қате ме, дұрыс па тексерілмейтінін ескертті. Себебі ,газдың шығыны арнайы есептегіш құралы көрсеткішімен немесе үйдің жалпы аумағымен есептеледі екен.

Айнұр САТАЕВА

Жарнама

antikorruptsiya

Фотогалерея

Күнтізбе

Редакция

 
Cүйеуова Баян- бас редактор

Cүйеуова Баян
- "Жайық Шұғыласы" газетінің бас редакторы

Сапарова Балнұр

Сапарова Балнұр - бас редактордың орынбасары -жауапты хатшы

Сатаева Айнұр-ІІ снатты маман

Сатаева Айнұр
- ІІ санатты маман

Майбасова Кенжегүл-сайтқа жауапты редактор

Майбасова Кенжегүл
- сайтқа жауапты редактор

Қисина Гулфара-бет құрушы

Қисина Гулфара
- бет құрушы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 701 666 27 49     +7(7122) 45-85-21

ads_hero