«Интернет дүкен» алаяқтарынан абай болыңыздар!

Бүгінгі заманның маңызды дүниесіне айналған ғаламтордың ғаламатын сөзбен айтып жеткізе алмаспыз. Қыр мен қиыр да, батыс пен шығыс та жүрген жақыныңнан жылдам хабар алғызатын ғаламтордың пайдасын көріп жүргенімізбен, кейде зиянды тұстарынан жапа шегіп қалып жататынымыз жасырын емес.

Рас, қазіргі таңда халықтың сұранысына орай интернет арқылы саудамен айналысушылар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап кетті. Оның ішінде көптің көңілінен шығып, халық арасында танымал болғандары да, сапасы сан соқтырып, алаяқ атанғандары да жетіп артылады.

Жуырда мен podi-chay.club сайтынан ерлерге арналған ыңғайлы әрі сапасы жоғары деп көрсетілген «JEEP» атты кеудешесін көріп, ұялы телефон нөмерімді қалдырған едім. Бірер минуттардан соң сайт операторы хабарласып, тапсырысымды рәсімдеді. Негізгі бағасы 35 620 теңге тұратын кеудешені акциямен 17 240 теңгемен алатынымды айтты. Мен бір оқпен екі қоян атқаныма, ал ол мені сөзіне сендіргеніне мәз болып телефон байланысын үздік.

Екі күннен кейін жергілікті «Қазпошта» мекемесінен ешбір мекен жайы көрсетілмеген, менің аты-жөнім ғана жазылған қорапты қолыма алып, ақшасын қолма-қол төледім. Үйге келіп сонау Алматыдан тапсырыспен алдыртқан кеудешімді тіпті танымай қалдым. Биттің қабығындай ғана, құны базарда 2000 теңгеге татитын дүние болып шықты.

Бастапқыда сөйлескенде кері қайтарғыңыз келсе байланысқа шығатын бірегей желі нөмерін берген. Оған қайта-қайта қоңырау шалып, байланыса алмадым. Ақыры, алаяқтың арбауына түскенімді түсіндім. Маған дейін де мұндай алаяқтарға жем болып, ақшасынан айырылғандар жетіп артылатын шығар. Көрінгенді құрығына түсіріп, алаяқтықпен айналысып жүрген интернет дүкендеріне тосқауыл қояр күн туар ма екен?

Менің басымдағы жағдай өзгелерге сабақ болады деген сенімдемін. Интернет арқылы сауда жасарда абай болыңыздар дегім келеді.

М.АҚЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521