ads_hero

Бітімгершілік комиссиясы құрылды

Махамбет ауданында "Татуласу: сотқа дейін, сотта" пилоттық жоба аясында мекемелердегі дау-жанжалдарды сотқа дейін шешу мақсатында Бітімгерлік комиссиясы құрылды.

"Нұр Отан" партиясы аудандық филиалының ғимаратында кәсіпорын, мекеме басшыларының қатысуларымен өткен жиынды аудандық соттың төрағасы Б.Кадыргалиев ашып, "Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Қ.Асанов сот жүйесінің әрі қарай дамуына жаңа серпін берген «Сот жүйесінің жеті түйіні» жобасының бір бағыты болып табылатын «Татуласу:сотқа дейін, сотта» шеңберінде Махамбет ауданында Билер кеңесі құрылып, олар дауды сотқа жеткізбей, тараптарды татуластыруда зор үлес қосып отырғанына айрықша тоқталып өтті.

Аталған жоба аясында мекемелердегі дау-жанжалдарды шешу бойынша комиссия құруды, оның ішінде банкттерді, нотариустарды, АХАЖ бөлімін, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасын, сақтандыру компанияларын, ірі еңбек ұжымдарын, жария шарт бойынша қызмет көрсететін мекемелерді тарту арқылы комиссия құру керектігін алға тартты.

Сонымен қатар, ауданымызда неке бұзу туралы арыздардың күрт көбеюіне байланысты АХАЖ бөлімін, аудандық Билер кеңесі мүшелерін тарту арқылы даулардың алдын-алу бойынша шаралар қабылдап, тұрғындар арасында насихат жұмыстарын жүргізу, жас отбасылардың қатысуларымен сотқа дейін татуласу жұмыстарын жандандыру (мақсат: отбасы құндылықтарын сақтау, отбасылық дауларды мейлінше татуластыру рәсімдерін қолдана отырып шешу) туралы ойларын ортаға салып,алда тұрған міндеттерді саралады.

Сот төрағасы жиын соңында қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жиынға қатысушы мекеме басшыларының келсімімен Бітімгерлік комиссиясы құрылып, төрағалығына аудандық нотариус А.Саркулова сайланды.

Өз тілшіміз

Кенжегул

ads_hero