Атырау облысында жаңбыр суын сору жұмыстары тәулік бойы жүріп жатыр

Атырау қаласында толассыз жауған жаңбыр суын сору жұмыстары бүгін екінші күні жалғасуда. Апаттық-құтқару қызметінде Атырау қаласы әкімдігі, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары күн-түн демей еңбек етуде.

Төтенше жағдайлар департаменттің берген мәліметі бойынша, бүгін, яғни 28 наурыз күнгі түске дейін жалпы көлемі 1479 текше метр жаңбыр суы сорылған. Ал кеше төтеншеліктердің күштерімен қала аумағында 4420 текше метр жаңбыр суы тазартылған болатын. Соңғы екі тәулікте облыс орталығында бір айлық нормадан астам жауын-шашын мөлшері түскені тіркеліп отыр. Негізінен судан тазарту жұмыстары Атырау қаласындағы Сарықамыс, Өркен, Жұмыскер, Балауса, Жұлдыз, Мирас елдімекендерінде және қала көшелері мен әлеуметтік нысандардың маңында жүргізілуде. Зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға аула тазарту жұмыстары бойынша көмек көрсетілуде.

Бұл бағытта өтінімдер қалалық әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшалары мен «109» бірыңғай нөмірі арқылы қабылдануда. Қала халқы мөлшерден тыс жауын-шашын салдарынан әбігерге түсіп жатса шалғай ауылдарда да көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстары тоқтаусыз жүруде. Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов іссапармен Қызылқоға ауданына барып су тасқынының алдын алу бағытында жасалып жатқан жұмыстармен танысты.

Қазіргі таңда Ойыл өзені арнасынан асып, жайылмаға шығып жатыр. Алдағы су тасқынынан қорғану үшін «Сағыз-Миялы-Қарабау» тас жолының Миялы ауылы тұсындағы айналма жолға жағалай топырақ төгілді. Сондай-ақ, күнбатыс бетіндегі бөгеттер көтерілуде. Жасалынып жатқан жұмыстарымен танысқан аймақ басшысы көктемгі келетін су көлемінің көптігіне баса назар аударып, аудан басшылығына тапсырмалар берді. Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына сәйкес, биыл Жайық өзенінен мол су келуі болжанып отыр. Су деңгейінің көтерілуі туралы 112 желісі арқылы тұрғындарға хабарлама да таратылды.

Сол үшін қазірден бастап жергілікті атқарушы органдармен дайындық жұмыстары ұйымдастырылуда. Атырау облысы ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бас маманы азаматтық қорғау капитаны Ербол Ғабитовтың айтуынша, су тасқыны жағдайын реттеу үшін 1153 адам жұмылдырылды. 303 бірлік техника, 16 бірлік жүзу құралы және 107 бірлік мотопомпа пайдаланылуда. Сондай-ақ облыс аумағында орналасқан 191 қабылдау пункттерінің жағдайы тексеріліп, эвакуациялау маршруттары мен автокөліктердің дайындығы пысықталды.

Көктемгі су тасқынынан қорғану жұмыстары тек Қызылқоға ауданында емес Мақат, Құрманғазы, Индер, Махамбет, Жылыой, Исатай ауданында да дайындық жоспары бекітіліп, жауапты мамандар тиісті тапсырмалар бойынша нақты жұмыстарға кіріскен.

Нұргүл Насыр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521