ads_hero

Атырау облысында ілеспе газды өңдейтін ірі зауыт салынады

Атырау облысына жұмыс сапарымен барған үкімет басшысы Асқар Мамин Қашаған кен орнында ілеспе газ өңдеу зауытын салу жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі.

Қаржыландыру мәселесі, мемлекеттік қолдау шаралары, газ теңгерімі мен аталған жобаны іске асырудан күтілетін нәтиже туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, мемлекеттік органдар және ұлттық компаниялардың басшылары баяндады.

Қашаған кен орнында ілеспе газ өңдеу зауытын салу жобасын 2021 жылдың соңына дейін Атырау облысының Мақат ауданында іске асыру көзделген. Зауыт "Болашақ" мұнай-газ қондырғысынан солтүстік-шығысқа қарай 12 шақырым, Ескене темір жол станциясынан оңтүстікке қарай бес шақырым жерде орналасады.

Жобалық қуаттылығы - жылына бір миллиард текше метр. Инвестор - "GPC Investment" ЖШС. Инвестиция көлемі - 860 миллион доллар.

"Қашаған кен орнында ілеспе газ өңдеу зауытын салу еліміз үшін маңызды жоба. Ол кен орнындағы мұнай өндіруді 12 миллион тоннаға арттыруға, құрылыс кезінде 2800 уақытша, ал пайдалануға берілген соң 600 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді", - деді Мамин.

Үкімет басшысы зауыт өнімі ішкі, сыртқы нарықтарға шығатынын атап өтті.

"Өткен жылдың қазан айынан бастап біз аталған жобаны жан-жақты зерделедік. Бүгінгі отырысты зауыт салу туралы шешім қабылдайтын қорытынды жиын ретінде қарастыру қажет", - деді премьер-министр.

Атырау облысына жұмыс сапары аясында Асқар Мамин мұнай-газ саласы үшін жабдықтар мен құрылғылар өндіретін кәсіпорындар - "Каспий Плюс", "International Pipeline Structure Solutions Caspian", "Caspian Contractors Trust Atyrau" ЖШС-терін де аралады.

Дереккөз: Sputniknews.kz

COVID 19

covid

Фотогалерея

Күнтізбе

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 701 666 27 49     +7(7122) 45-85-21