ads_hero

Ақын, журналист Қ.Қазымбекұлының 60 жылдығы аталып өтілді

Өңірімізге белгілі ақын, журналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Қадыржан Қазымбекұлының 60 жылдығына арналған «Бедел биігіндегі белес» кеші «Өнерпаз» мәдениет үйінде өтті.

Жыр алыбының мерейтойын белгілі қаламгер, қарымды жазушы Тарас Наурызәлі жүргізіп отырды. Алдымен жиналғандар Қадыржан туралы «Өнер-білім інжу-маржан» бейнесюжетін көрді. Қарымды қаламгерді аудан әкімі атынан мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.Аруев құттықтап, ізгі тілегін арнап, мерейгердің иығына шапан жауып, «Алғыс хат» пен түрлі түсті теледидар ұсынды. Одан әрі «Махамбетім» өлеңімен өрілген бейнебаянда қаламгердің Таңдай өңірінің Пешной жерінде өмірге келіп, әжесі Күнсұлудың тәрбиесін көргенін, 1967 жылы Таңдай орта мектебінің табалдырығын аттағанын, мектепте жүріп-ақ «Келе қалсаң, Таңдайға!» сықақ өлеңін жазғанын білдік. Оның 1977 жылы «Нарын таңы» газетінде корректор болып, алғашқы еңбек жолын бастап, тілші, ал 1979-1992 жылдары Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болып, қызмет атқарғанын білеміз. Газетте жүрген кезінде ол М.Аташев, Б.Көшербаев, Ж.Дүсіпов сынды ардагер журналистерден тәлім-тәрбие алды.

qadirjan2901202

Мерейгерді кезінде Алматы қаласында ҚазМУ-де бірге оқыған курстасы Нұржамал Тұрсынбай бейнежолдаумен құттықтап, Қадыржанның сабырлы да салиқалы жігіт болып,топта сыйлы да беделді болғандықтан «Қария» деген бүркеншік атты иемденіп, әдемі күлкісімен есте қалғанын айтты. Қаламгер 1980 жылы «Алтыбақан» ойын-сауық кешін ұйымдастырып, «Телағыс» кітабын шығарған-ды.

Ауданда «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына белсене араласып, белгілі айтыскер ақын Бала Ораздың 155 жылдығы атап өтіліп, кесенесі салынды. Сонымен қатар Қ.Қазымбекұлы үш рет ақындар айтысына қатысып, Махамбет ауданының 80 жылдығына орай «Өнегелі өмір» энциклопедиясын шығаруға атсалысты. Слайдта индерлік айтыскер ақын М.Талас та тілегін арнап, өз өлеңін оқыпты. Қадыржан Қазымбекұлы 1992 жылдан Таңдай мәдениет үйін басқарып келеді. Ол 2017 жылы «Үздік қызметкер» атанса, Тәуелсіздіктің 20 жылдығында ҚР Президентінің «Құрмет» грамотасымен, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың да «Алғыс хат», «Құрмет» грамотасына ие болды. Қаламгер ағамыз туған жер, өз ауылы туралы кезінде «Сопақ үй» деген сын мақала жазып, біраз ұрыс естіп, кейін ол үй бұзып тасталғанын әңгімеледі. Ұлттық киімдегі Д.Дүсіпова мен Ж.Қадыржанқызы ақынның «Туған ауыл Таңдайым» өлеңін мәнерлеп оқыса, домбыра-сырнаймен Т.Изимов пен Н.Тұрланұлы «Ауылым жайлы» әнін әулете шырқағаны да көптің көңілінен шықты.

q

Мерейгерге Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі М.Өтеғалиев, жазушы М.Бектенов, Атырау облыстық  халық шығармашылығы орталығы шығармашылық бөлімінің басшысы Д.Арыстанғалиева, «Атырау» газетінің шолушысы Д.Аруев та ақжарма тілектерін арнады. Ақынның «Дана қарттар» өлеңін С.Құжырбаев мәнерлеп оқыса, Ө.Нәжімеденов «Біздің елдің жігіттері» әнін шырқауымен есте қалды.

Сонымен қатар ақ тілегін Бақсай ауылдық округінің әкімі Қ.Мажиев, ақын А.Есенғалиев, мәдениет саласынан С.Қайырова, Ө.Нәжімеденовтер де жолдап, құттықтады. Белгілі өнер майталманы,жезтаңдай әнші Ғ.Құрманғалиевтың «Сүйген жар» әнін Қ.Жұмашевтың орындауында тыңдалды. Ақынның «Бала күннің досына хат» өлеңін Н.Жалмұханова мен Е.Ғұмаровтың көрініс түрінде бергені көкейге қонымды болды. Белгілі ақын М.Шахановтың «Сүймегендер сағынбайды» әнін Е.Ғафуров беріле шырқаса, ал «Жетпеулік», «Өзгеру» өлеңдерін Б.Нұрғалиев, Н.Баяхмет мәнерлеп оқыды.

Кеш соңында мерейгер Қадыржан Қазымбекұлы сөз алып, ризашылығын білдірді. Мерейтой Н.Баяхметтің орындауындағы «Қаламгерлер» әнімен өз мәресіне жетті.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

COVID 19

covid

Фотогалерея

Күнтізбе

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 701 666 27 49     +7(7122) 45-85-21