Оба – қауіпті дерт

Фото: bbc.com

Бұл қатерлі ауру туралы естімеген адам жоқ шығар. Бірақ көпшілік обаны бұрынғы кезде болған ойранды індетпен байла­ныстырады. Шынында да солай. Әйтсе де, адамдардың обамен ауруы Қазақстанда қазір де болып тұрады. Осындай жағдайда шұғыл күрес шаралары алынғандықтан ғана індет қаумаламайды. Бұл біздің республика жерінде ежел­ден обаның табиғи ошақтары болумен байланысты.

Табиғатта обаны ұдайы тасымалдай­тын түрлі кеміргіштер болып табылады. Кеміргіштер обамен ауырып, одан өледі, індетті біріне-бірі тікелей жанасқанда немесе өздерінің үстінде көп болатын бүргелердің шағуы арқылы жұқтырады. Оба көп жылдар бойы сарышұнақтар мен құмтышқандар арасында көршілес Ақтөбе облысында табылып келеді. Соңғы кезге дейін оба Шалқар, Ырғыз, Байғанин, Ойыл, Темір аудандарының құмдары мен қырларында тіркелді. Әзірге табиғатта оба індетін толық жойып, құртудың ұтымды жолы әлі жоқ, сол себепті адамның онымен зақымдану қаупі бүгінге дейін сақталып отыр.

Елімізде оба ауруының қатерлі табиғи ошақтары әлі де болса кездесіп қалады. Оба ауруына дер кезінде шаралар қолдану үшін, бұл ауру қалай, қайдан пайда бо­латынын жазатайым ауру кездессе істейтін шараларды дәрігерлерден басқа көпшілік халықтың да біліп жүргені аб­зал. Оба ауруын өте кішкентай микроб­тар қоздырады. Оны бірнеше мың есе үлкейтіп көрсететін микроскоп арқылы ғана көруге болады.

Оба микробтары ауырған адамның, малдың, тышқандардың қақырық, сілекей нәжістерінде болады. Оны та­ратушылар – бүрге, бит, кене, қандала сияқты қансорғыштар болып табылады. Бұлардың ішінде үлкен орын алатыны – бүрге.

Оба ауруы қалай жұғады?

Далада жұмыс жасаған кезде, аңға барғанда, пішен шапқанда, мал баққанда дала тышқандарынан бүрге арқылы обаны жұқтырады. Тышқан аулап, оны сойғанда, ауырған түйелерді жілікке сойған жағдайда қолдың терісіне немесе көздің кілегей қабығы арқылы жұғады. Обамен ауырған адам жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде. Обадан өлген адамның денесін жуғанда немесе оның қақырығы, сілекейі жұққан киімдерін ұстағанда.

Оба кенеттен басталады. Бас ауырады, қалтырайды, қызуы бірден көтеріледі, қолтық, шап аймағында ісік ұлғаяды. Кей ретте кеуде ауырып қанды қақырық бөлінетін күшті жөтелге ұласады. Сырқаттың жай-күйі нашарлайды. Ал егер ем жасалмаса, тез арада өліп кетуі мүмкін. Егер де жоғарыда айтылғандай ауру кездессе тездетіп дәрігерге көріну керек.

Обамен ауырған түйені сау түйелерден жеке ұстау қажет. Ауру түйені дереу мал дәрігеріне көрсеткен дұрыс. Мал дәрігерінің рұқсатынсыз ауру түйені союға болмайды. Обадан өлген түйені сою үшін мал дәрігерімен қатар міндетті түрде оба ауруына қарсы күресетін адам дәрігерінің де рұқсаты болуы керек. Обамен ауырған немесе өлген түйемен араласқан түйелерге жедел обаға қарсы вакцина ектіру керек.Обадан өлген түйенің еті, жүн терісін жағып, өртеп жіберулері тиіс. Обамен ауырған түйені қараған адамдар белгілі мерзімге дейін дәрігерлердің бақылауына алынады.

Далада тышқандар ініне жақын орналаспаңыз, уақытша баспана, киіз үй тіккенде кеміргіштер жоқ жерді таңдаңыз. Азық - түлікті тышқандар жолай алмайтын жабық ыдыста сақтаған жөн. Тұрғын үй жайыңызды, оның маңайын таза ұстаңыз. Обаға қарсы күрес мекемесі мамандарының үйіңіздегі кеміргіштер мен бүргені жоюына кедергі келтірмеңіз, оларға көмектесіңіз. Шыбын-шіркейлерден та­зартып отырыңыз. Мал дәрігерлерінің рұқсатынсыз ауру түйелерді соймаңыз. Қызу көтеріліп, жалпы көңіл-күй нашарлаған жағдайда, кенет сырқаттанып қалғанда шұғыл дәрігерге қаралу керек. Егер емдеуді уақтылы ба­стаса, обадан сауығуға болады.

А.БАЗАРОВА,

аудандық обаға қарсы күрес бөлімшесінің дәрігері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521