"Дәрі-дәрмектің тізімі 162 позицияға жаңаланды"

Жаңа жүйенің жаңалығы.

Ауданымызға ат басын бұрып, медициналық мекемелердің міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне дайындығына бақылау жасаған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Атырау облыстық филиалының директоры Сәбит Құралбек енді аудан халқының тегін дәріден тапшылық көрмейтінін айтты.

-2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап елімізде Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Медициналық мекемелер бұл жүйеге екі жыл бойына тыңғылықты дайындалды. Дайындықтың деңгейін нақтылау мақсатында министрліктің тапсырмасымен өңірлер бойынша республикалық штаб құрылған болатын. Осы штаб мүшелері желтоқсан айында барлық өңірдің дайындығын тексеріп шықты. Біздің бүгінгі іссапарымыздың мақсаты жаңа жүйені іске асыру барысында туындаған мәселелерді жедел шешу болып табылады. Ең маңызды мәселе тегін дәрі-дәрмектің науқастарға уақтылы берілуі.

Махамбет аудандық ауруханасы бойынша бұл мәселеде қиындық туындамайды деп ойлаймын. Өйткені, тапсырыс бойынша берген дәрілері аурухана қоймасына келіп түсті. Енді тарату ғана қалып тұр. Электронды жүйемен бірге кірігіп жатқан оң өзгеріс тегін берілетін дәрі-дәрмектің тізімі 162 позицияға жаңаланды. Консултативтік диагностикалық қызметтер, яғни қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейтін компьютерлік томография, магниттік резонанс, мамография сияқты компьютерлік зерттеулер үшін үлкен қаржы бөлінуінің нәтижесінде азаматтарға бұл қызметтер тегін көрсетіледі. Өңірлердегі медициналық мекемелерді аралап, дайындығымен танысу нәтижесінде біз ел бойынша жаңа жүйеге көшуге дайынбыз деген шешімге келіп отырмыз, – деді ол.

Денсаулық сақтау министрлігі, денсаулық сақтауды цифрландыру департаментінің директоры Бейбіт Есенбаев та өңірлердегі емханалардың амбулаторлық деңгейде де, стационарлық деңгейде де жаңа жүйеге дайындығы жоғары екенін мәлімдеді.

Б.СҮЙЕУОВА

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521