Зейнетақы калькуляторы жайында білесіз бе?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту мақсатында инновациялық қызмет іске қосылған. Соның көмегімен әрбір салымшы өзінің дербес зейнетақы жоспарын Қордың enpf.kz сайтының «Электрондық қызмет көрсету» - «Зейнетақы калькуляторы» бөлімінде жүзеге асыра алады.

Қор сайтында екі зейнетақы калькуляторы орналастырылған. Оның бірі – «Ағымдағы зейнетақы калькуляторы» деп аталады. Ол таяу жылдары зейнеткерлікке шығуға дайындалып жүрген азаматтарға арналған. Ай сайын берілетін зейнетақының болжамды мөлшерін анықтауға болады. Екіншісі, «Болжамдық зейнетақы калькуляторы». Сол арқылы зейнетке шығуға дайындалып жүрген азаматтар да, бүгінгі жас мамандар да болашақта алатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептей алады. Сонымен қатар бұл калькулятор зейнетақының қандай төлемдерден құралатындығын, табыстылық пен инфляция өзгерген жағдайда оның болжамды көлемінің қандай болатындығын көрсетіп береді. Болжамды калькуляторға болашақ зейнетақыны есептеу үшін: туған күні, жынысы, еңбек өтілі, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі, жинақтардың ағымдағы сомасы және айлық жалақы мөлшері секілді барлық қажетті деректерді енгізу қажет. Содан кейін «Есептеу» түймешігін басамыз.

Таяуда enpf.kz сайтының «Зейнетақы калькуляторы» бөлімінде «Жинақтарды өмірді сақтандыру бойынша компанияға аудару» деп аталатын жаңа қызмет іске қосылды. Сол арқылы өмірді сақтан- дыру бойынша компаниямен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін шоттағы зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті сомасын есептеуге болады. Сіз тиісті бағанда жынысыңызға қатысты мәліметті белгілеген соң, шарт жасасуға қажетті жас мөлшері автоматты түрде көрсетіледі. Ол ерлер үшін – 55 жас, әйелдер үшін биыл – 51 жас. Одан әрі кепілді мерзімді белгілейсіз. Бұл осы мерзім ішінде сақтандыру компаниясынан төлемдерді тұрақты алып тұруға ниет білдіргеніңізді көрсетеді. Әрі қарай калькулятор ағымдағы жыл бойынша ең төменгі зейнетақы мөлшерін ескере отырып, зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін зейнетақы жинақтарының сомасы қандай болу керектігін есептейді. Қазіргі уақытта зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін әйелдердің шотындағы зейнетақы жинақтарының сомасы кемінде 13 млн. 580 мың теңге, ал ерлерде кемінде 9 млн. 710 мың теңге болуы керек. Бұл әрине, ағымдағы күнтізбелік жылға арналған болжамды сома. Ал нақты соманы сақтандыру ұйымынан білуге болады.

БЗЖҚ баспасөз қызметі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521