"Соғыс туралы айтқымыз келмейді... "

Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарыла бастағанына 30 жыл толуына орай, аудандық орталық кітапханада «Ауғанстан-жан жарамыз» атты кездесу кеші ұйымдастырылды.

Деректерге сүйенсек, Атырау облысы бойынша Ауған соғысына 718 жауынгер қатысқан. Олардың арасынан 13 сарбаз ұрыс даласында қаза тапса, 1 жауынгер із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Бүгінгі таңда облыс аумағында 500-ден астам Ауған соғысы ардагерлері есепте тұр.

Татар дәмі, көрер жарығы таусылмай, туған жеріне аман-есен оралған жауынгер жерлестеріміз бұл күнде Тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі, жарқын болашағы жолында бейбіт еңбек майданында өз үлестерін қосуда. Олардың қатарында бүгінгі кеш қонақтары Сағындықов Бауыржан Жолдасұлы, Әміров Самат Сирашұлы, Юсупов Нұрлан Төлегенұлы да бар. Олар ұзақ уақыт бойы жабық тақырып болып келген Ауған мәселесіне келгенде тартыншақтайды. Сөзге де тым сараңдау. Шамасы әскери құпияны жария етпеу туралы осындан отыз шақты жыл бұрынғы қатаң талап әбден саналарына сіңіп қалған болуы керек шамасы. Бірақ жан-жақтан сұрақ қойған оқырмандар сұрақтары ауғандық «батырларға» шегінетін жер қалдырмады. Қарулас достардың арасынан бірінші болып, Нұрлан Юсупов сөз алды.

- Түркіменстан жерінде әскери оқу – жаттығудан өттік. Алты айдан кейін бізге беймәлім Ауған жеріне түстік. Айнала қоршаған тау, оның ар жағында жақпар тастардың арасында кім жасырынып жатқанын білмейсің. Шектей шұбатылған жіңішке тау жолдары. Соның бәріне біртіндеп бой үйрете бастадық,-дейді Нұрлан өткен күндерді еске алып. Бұрын-соңды 60-70 градусқа дейінгі ыстықты көрмегендер сапта тұрған жерінде кескен теректей сұлап түскендерін көз көрді. Тіпті өздерін таулықпыз дейтін еңгезердей грузин жігіттері де шыдай алмады. Мақтанғанымыз емес, осы отырған достарым куә, қазақ жігіттері төзімді болды. Күн сайын бес қаруды бойыңа асынып, тауға өрмелеп, 24 шақырым жүгіру-кім-кімге де оңайға соқпады. Сондайда маған жастайымнан спортпен жүйелі түрде шұғылданғанымның пайдасы тиді деп ойлаймын. Өйткені, мен күрестен облыстың, республиканың чемпионы болып үлгерген едім армияға дейін. Жалпы Ауған жерінде жаныңды шүберекке түйіп, өте сақ жүруге тура келді. Біреуден бірдеме сатып алуға болмайды. Қарапайым сағыздан жарылғыш зат шығып, жауынгерлердің жағын соламайымен жұлып түсіргенін де көрдік. Қолға тағатын сағат та уақыты келгенде жарылады. Дұшмандарға кездейсоқ кездесе қалып, ұрыс басталып кетсе, жараланған, қайтыс болған қаруластарымызды жау шебінде қалдыруға болмайды, бұйрық солай. Ал қауіп пен қатер аяқ астында.

- Бізбен бірге Орынбордың қазағы әскери міндетін өтеді. Тілі шорқақтау, қазақшасы тіпті жоқ деуге болады. Соны сөйлетіп, мазақтаймыз. Ол намыстанады. Бірде КСРО-дан келген су жаңа КамАЗдарды Пәкістан шекарасынан аяқтай айдап келуге жұмсады, ішінде мен де бармын,-деп өткенді еске алады Нұрлан Төлегенұлы,-ал әлгі орынборлық қазақты жолбасшы етіп берді. Сонымен 52 машинадан тұратын авто шерудің басында, аяғында қауіпсіздікті сақтау үшін мұздай қаруланған әскери бронетранспортер жүріп отырды. Көз ұшында есекке су таситын фляганы артқан бір елеусіз адам жолды қапталдап жүріп келе жатқанын көрдік, бірақ ешқандай қауіптенген жоқпыз. Сол-ақ екен, ең алдағы бронетранспортерді өткізіп жібергеннен кейін калонна басындағы бірінші КамАЗ лезде отқа оранды. Бесінші нөмірлі КамАЗ қуып жетіп, есекті басып өлтірді, бірақ жер жұтып қойғандай жарылысты ұйымдастырған есектің иесі таптырмады. Сол жердің ұңғыл – шұңғылын жатқа білетін жергілікті адам алдын ала жасырынатын жерін де сайлап қойған болуы керек, шамасы. Тіпті құмның астына батпадай батып кетуі де мүмкін. Ал әлгі күнде әзілдесіп, сені кеткенше таза мұсылман жасаймыз деп әзілдесіп жүретін орынборлық қазақ тіл тартпай кетті. Бұл бір есте қалған ауыр күндердің суреті, енді соғыс болмасын!

Ол сондай-ақ кишлактарда аты аңызға айналған қара майорды да көріп қалып жүретіндерін айтты. Бір Кеңес жауынгерін он дұшманға айырбастап алған кездер де болды. Он бес одақтас республикалардан келген жауынгерлер жат жерде ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Кейіннен Ингушетияның президенті болған Руслан Ауышевпен бірге әскери қызметімді өткергенімді біреу білер, біреу білмес.

Нұрланның қарулас достары да Ауғанстандағы қиын-қыстау күндер туралы аз-кем әңгімелегендері болмаса, ашылып ештеңе айтпады. Ал, біздің ойымызға көшеде сағыз шайнап, селфилетіп жүретін қазіргі жастардың кейбір ерсі қылықтары оралып, іштей салыстырып отырдық. Өйткені, олар мектеп бітіре сала иықтарына қару асынып, отты нүктеден бір шыққан ғой. Кездесудегі сөздің түйіні де әрине, «енді соғыс болмасын!» дегенге саяды. Сириядағы адасып жүрген қандастарымыздың тағдыры да кім-кімді де ойландыруы тиіс.

Кездесу барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Сисенов, аудандық мәслихат депутаты Н.Ерғалиев сөз алып, жастарды отансүйгіштікке, ұлттық патриотизмге баулуда осындай тағылымды шараларды көптеп ұйымдастырудың маңызы зор екендігіне тоқталды. Кешті қорытындылаған аудандық орталық кітапхана директоры Ш.Измағамбетова Ауған соғысы ардагерлеріне ескерткіш сыйлықтар ұсынды. Кеш қонақтарына сазды сәлем жолданды.

Н.ТЕЛЬМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521