Мектепке жол: «ЕмбіМұнайГаз» ұжымы балаларды қуантты

Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. «Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» деген халқымыздың игі дәстүрін ұстанған «Ембімұнайгаз» АҚ мекемесі төрағасы Ануар Жақсыбеков ауданымызда болып, «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік жағынан демеушілікті қажет ететін отбасы балаларына қайырымдылық көмегін ұсынды.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында өткен қайырымдылық шарасы барысында сөз алған «Ембімұнайгаз» АҚ мекемесі төрағасы Ануар Жақсыбеков ел көлемінде жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол» республикалық акциясына «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлері де атсалысуды жөн көріп, өздерінің жалақыларының есебінен қайырымдылық жасап отырғандарын айтып өтті. -«Ембімұнайгаз» АҚ ұжымы жалақылары есебінен қаржы жинап қайырымдылық көмек көрсетуді қолға алғалы бері көптеген игі істердің ұйытқысы болып келеді.

k

2015 жылы мұнайшылардың жинаған қаржысына Атырау қаласында тұратын мүмкіндігі шектеулі баласы бар төрт отбасының пәтеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса жалғызбасты зейнеткерге тұрғын үй салынып берілді. 2016 жылы ембіліктердің қолдауымен баласы ауыр науқасқа шалдыққан тағы бір отбасы баспаналы болды. 2018 жылы табиғи апатқа ұшыраған Шығыс Қазақстан облысының Зыряновскі ауданының тұрғындарына көмек ретінде компания қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударып, соның нәтижесінде 7 отбасы пәтермен қамтамасыз етілді. Биыл қасиетті Рамазан айы қарсаңында Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға, Мақат, Жылой аудандарында тұратын әлеуметтік жағдайы төмен 8 отбасыға пәтер кілті табыс етілді. Сонымен қатар Арыс қаласының тұрғындарына қолдау көрсету мақсатында, қаладағы 16 мектептің 400 оқушысына мектеп формасы алып берілді. «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында Атырау облысына қарасты 7 аудандағы көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына да мектеп формасын табыс етуді көздеп отырмыз. Бүгінгі Махамбет ауданына келген себебіміз де бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарына қолдау көрсету, көңілдеріне қуаныш ұялату болып табылады. Балалар біз сіздерге қолдау көрсетуге қашанда дайынбыз, тек сіздер сабақтарыңызды жақсы оқып, ата-аналарыңыздың үмітін ақтаңыздар – деп сөзін аяқтаған Ануар Еркінұлы алты оқушыға мектеп формасын табыс етті. Өз кезегінде төрт баланың анасы Назгүл Жалмұқанова «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымына аналық алғысын жеткізді.

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521