Мас жүргізушілер азаймай тұр

Аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы және сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отыры­сында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, отбасындағы зорлық-зомбылықты ауыздықтау, тұрғын үй-коммуналдық сала­сында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және жұмыссыз сотталғандарға әлеуметтік көмек көрсету бағытында аудан көлемінде жасалған жұмыстар, сондай-ақ болашақта атқарылатын шаралар қаралды. Оған аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев төрағалық етті.

Жол-көлік оқиғаларының салдарынан қаза болу мен жарақаттанудың санын азайту, алкоголь ішіп, масаң күйде көлік басқарумен күрес нәтижелері жөнінде аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орын­басары Н.Кенжегулов баяндама жасады.

- Махамбет ауданына қарасты тас жолда 4 дана қызметтік автокөлік, оның ішінде 1-і «КИ­БЕР ШЕРИФ» борттық аппараты орнатылған Хун­дай Элантра бақылау жүргізуде. Жылдың басы­нан бастап тоқсандық жоспар кестесі жасақталып, әртүрлі рейдттік, профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, «Автобус, «Қауіпсіз жол», «Сіздің жолаушыңыз–бала» акцияларымен жедел профилактикалық іс-шаралары кезең-кезеңімен жоспарға сай өткізіліп отыр. Іс шаралар бары­сында патрульдік полиция тобы, учаскелік по­лиция инспекторлары мен әкімшілік полиция қызметкерлерімен аудан бойынша қылмыстармен құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында бірлескен жо­спар бойынша бірқатар жұмыстар жасалды және осы аталмыш іс-шаралар өткізу кезінде бөлімнің қызметкерлер тарапынан заң бұзушылық фактілері немесе азаматтар тарапынынан келіспеушілік фактілері орын алған жоқ. Махамбет ауданы поли­ция бөлімі ЖПҚб-нің патрульдік полиция тобының қызметкерлерімен ағымдағы жылдың 2 айымен көлікті мас күйінде басқару, белгіленген жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығу сияқты әр түрлі құқық бұзу фактілері бойынша барлығы 289 (2023-136) әкімшілік хаттамалар толтырылды. Орын алған жол-көлік оқиғаларының барлығы дерлік жүргізушілердің кінәсінен болады. Көбінесе автокөлікті белгіленген жылдамдықтан асыру, қарсы бағытқа шығу және метеорогиялық жағдайларды ескермеу, жолда жүру ережесінің 10.1 пунктінің талаптарын бұзу жиі кездеседі. Жол-көлік оқиғалары орын алатын жер­лерде соның ішінде Атырау –Индер тас жолының 89-91 шақырым тұстары аралықтарына 60 шақырым жылдамдық шектеу белгілері мен « Сиыр» малының макеті және 1.24 яғни мал айдап өту жол белгісі қойылған. Одан басқа бөлімнің әлеуметтік желідегі парақшаларында жолда жүру қағидаларын сақтау, балалардың жарақаттануының алдын алу туралы ескерту-түсіндірме жұмыстары жүргізілуде,-деген Н.Кенжегулов одан әрі тас жолдар мен елді мекендерде «Жүргізуші жылдамдықты асырма», «Қауіпсіздік белдігін тағыңыз!», «Жолаушылардың өмірі – Сіздің қолыңызда» тақырыбында билбордтар орналастыруға, балалармен болатын жол-көлік оқиғаларын болдыр­мау мақсатында тәуліктің қараңғы уақытында және жеткіліксіз көріну жағдайларында, қолайсыз ауа райы кезінде «жарық шағылыстырғыш» элементтерді киімдеріне бекіту үшін, мектеп оқушылары үшін ар­найы дайындап, тегін таратуға, осындай шараның маңыздылығын үй жануарларының иелеріне түсіндіруге, азаматтардың жаппай көп жиналатын орындарында, аудан орталығында тұрғындар мен қонақтарды кең көлемде ақпарттандыру мақсатында бейнероликтер мен жарнамалар жариялау үшін «LED» экран орналастыру қажеттігі туралы ұсынысын білдірді. Сонымен қатар, елді мекендерде орын ала­тын жол-көлік оқиғаларын алдын алу мақсатында белгіленген жылдамдық режимін асырған құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу үшін ин­теллектуалды бейнебақылау, талдау және болжау жүйесін, яғни «СЕРГЕК» орнату да кезек күттірмейтін мәселе екенін алға тартты.

Келесі кезекте отбасындағы тұрмыстық қарым- қатынас саласындағы құқық бұзушылықтарға тоқталған Н.Кенжегулов ағымдағы жылдың 2 айында отбасы-тұрмыстық саласындағы әйелдерге қатысты жасалған құқық бұзушылықтар бойынша бөлімнің кезекші бөліміне барлығы 21 хабарлама тіркеліп, оның ішінде отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер үшін ҚР ӘҚБтК- нің 73 бабымен – 21 (2023 жылдың 2 айында-14) әкімшілік хаттама жасақталып, аудандық сотқа жолданғанын айтты. Оның ішінде әкімшілік қамаққа алынғандар саны – 2, ескерту берілгендер саны – 3, тараптардың татуласуына байланысты қысқартылған істер саны –10, өндірісте 6 іс қаралған. Қорғау нұсқамасына алынған тұлғалар саны -25. Аталған қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 461- бабы 1 бөлігімен 1 азаматқа хаттама толтырылған. Аудандық соттың шешімімен 4 тұлғаға ерекше талап белгіленген.

Бөлім бастығының бұйрығына сәйкес, жүргізілген «Тұрмыс», «Есептегі адам», «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы мен аптаның жұма - жексенбі күндері ұйымдастырылған «Рейдтік» іс- шаралар кезінде отбасы-тұрмыстық қылмыстың ал­дын алуға және жолын кесу мақсатында учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, әкімшілік аймақтар бойынша «алкоголик», «жайсыз отбасы» са­наттарында есепте тұрған және қорғау нұсқамасы мен ерекше талап берілген тұлғаларды мекен-жайынан тексеріп, олармен профилактикалық әңгімелесулер жүргізілген. Жанұя жанжалы жиі болатын отбасылар бақылауға алынған. Ауданда әйелдерді заңсыз қамау, ұстау, сату және заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тарту деректері тіркелмеген.

-Жәбірленуші әйелдерге көмек көрсету үшін Аты­рау облысында орналасқан Дағдарыс орталығының мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылуда. Осы орталықтың қызметкерлерімен бірнеше рет «дөңгелек үстелдер» мен семинарлар өткізілуде. Аталған орталық Атырау қаласы, Алмагүл мөлтек ауданы, 4 үй астында орналасқан. Орталық 20 төсек-орынға арналғанымен, көбіне зардап шеккен әйел адамдардың көптеп көмекке жүгінуі кезінде орталыққа орналастыруға мүмкіндік болмай отыр. Осыған орай, Махамбет ау­данына дағдарыс орталығын ашуды, «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбымен, жады­нама және ауылдық округтерде 102, 111, 2-11-32, 8-702- 902-29-20 сенім телефондары көрсетілген билборд орналастыруды, құқық бұзушылар мен жәбірленуші әйелдермен жеке психологиялық жұмыс жасау үшін психолог маман бөлуді ұсынамын. Бұған қоса жедел профилактикалық іс-шара аясында әлеуметтік желіге видеоролик жариялау үшін мобилограф маманның қажеттігін қаперге беремін,-деді баяндамашы.

Аудандық пробация қызметі тобының аға инспек­торы А. Молдашеваның айтуынша, Пробация қызметі тобының есебінде қазіргі уақытта 29 тұлға бар. Оның ішінде 44 бап аясында бас бостандығын шектеу жаза­сына сотталғандар 20, 63 бап бойынша шартты түрде пробациялық бақылау белгіленген сотталғандар – 6. 50 бап негізінде белгілі бір қызметтерді атқаруға не­месе белгілі бір іс-әрекетпен шұғылдануға тыйым салынған сотталғандар – 3.

Сотталғандарға, әлеуметтік көмек көрсету бойынша - 18 тұлғаға психологиялық көмек көрсетілген. Есепте тұрған жұмыссыз сотталғандарды тұрақты жұмысқа орналастыру қажет.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы С.Кенжебаев бөлім қызметкерлері ара­сында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары бойынша жауапкершіліктері туралы 2 жиын өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Бөлімнің қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында «Ашық бюджет» және «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» веб-сайттарында ақпараттар уақытылы орнатылған. Сенім телефон­дары әлеуметтік желілерде жарияланып, бөлімде сыбайлас жемқорлық фактілеріне төзбеушілікті на­сихаттаушы жадынамалар таратылып, жарнама­лар орналастырылған. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаларын дәріптеу мақсатында аудан әкімдігімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі түрде ұйымдастырылып жүрген «дөңгелек үстелдер», семинарлар, дебаттарға қатынасып келеді.

-Бөлімде ақпараттық-түсіндіру жөніндегі жиналыс өткізіліп, мемлекеттік қызметшілер сыйлық алғандығы үшін ғана емес, мемлекеттік қызметшіге заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін жеке тұлғалар да әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығы ескертілді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер арасында қызметтік әдеп нормаларының сақталуын, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін қатаң түрде сақтау тапсырылды. Қазіргі таңда, мемлекеттік қызметшілердің этикалық норма­ларды сақтамаған фактілері бойынша азаматтардың өтініштері болған жоқ.Бөлімдегі сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау, оның алдын алуға бағытталған шаралар жоспарлы түрде жалғасын табатын болады және Қазақстан Республикасы заңнамаларының орындалуы қатаң бақылауда ұсталатын болады,-деді С.Кенжебаев.

Комиссия отырысын қорытындылаған аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев атқарылған жұмыстарға қатысты ойын ортаға салып, аталған ұсыныстар бойынша жұмыстануды тапсырды.

Б.СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521