ads_hero

Мәңгілік ел ұланымыз!

Қ.Ахмедияров атындағы орта мектепте «Мәңгілік ел ұландары апталығы өтті. Апталықтың салтанатты ашылуынан соң «Зерде» күніне орай 6 сынып оқушылары арасында «Рәміздерім — мақтанышым» бинго ойыны ойналды.

«Жеті жарғы» күніне байланысты «Құқығым мен міндетім» деген тақырыпта пікірталас 9-10 сынып арасында өтіп, оны құқық пәнінің мұғалімі М.Хамиев жүргізді. «Салауат» күнінде эстафеталық ойындар ойналды. Ойынды дене тәрбиесі пәні мұғалімі К.Наубаев ұйымдастырып, қызықты етіп өткізді. Ойынға 10 сынып оқушысы Д.Аралбай да атсалысып, бірге жүргізгені көкейге қонымды болды. «Еңбек» күнінде жас ұландар «Еңбек адамының бір күні» шарасында кітапханашы К.Сағындықованың 30 жылдық іс-тәжірибесімен слайд арқылы танысып, онымен кездесу өткізді. Кітапханашы Күнсұлу апай 1988 жылдан бері Таңдай ауылындағы кітапханада үздіксіз жұмыс жасап келе жатқанын айтты. Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінде «Мәңгілік ел ұландары» онкүндігі аясында апталық өткен-ді. «Зерде» күні бастауыш сынып мұғалімі А.Көптілеуова 4 сыныптар арасында «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық ойынын өткізді. «Экоәлем» күні биология пәні мұғалімі Н.Тауова «Табиғатпен біргеміз» атты экологиялық жобалар байқауын 9 сыныптар арасында өткізген-ді.

«Еңбек» күні «Еңбек адамының бір күні» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды. Оны кітапханашы З.Карашина жүргізіп отырды. Онда мектеп директоры М.Мұханбетов еңбектің адам өмірінде алатын маңызы зор екенін айтып, оқушыларды еңбек күнімен құттықтады. Ол жұмысшы мамандықтарының мәртебесі, оны игерудің артықтығы жоқтығын, елімізге электрик, дәнекерлеуші, электромонтаждаушы, құрылысшы, сылақшы, аспаз сынды мамандықтар әлі керектігін айтып, жұмысшы мамандығын меңгеруге шақырды. «Салауат» күнінде дене тәрбиесі пәні мұғалімі М.Аменов 2 сыныптықтар арасында «Жас қыран, алға!» спорттық сайысын өткізсе, ал «Руханият» күнінде оқушылар ақын-жыраулар өлеңдерін жатқа айтудан жарысқа түсті. Олар Бұқар, Ақтамберді, Үмбетай, Шалкиіз жыраудың өлеңдерін мәнерлеп оқуымен есте қалды. Әсіресе, 10 сынып оқушысы А.Қадір оқ бойы озық шығып, жүлделі І орынға ие болды. «Отан» күнінде «Менің елім — Қазақстан» этнографиялық сайысы өтіп, оқушылар топқа бөлініп, сауалдарға жауап беріп, постер қорғады. «Жеті жарғы» күнінде 9-10 сынып оқушылары арасында «Құқығым-менің міндетім» пікірталасы өтіп, қатысушылар заң, құқық саласы бойынша біраз мағлұмат жинап, ой-орамдарымен бөлісті. ГҮЛДЕНГЕН ӘЛЕМ Қосарал орта мектебінде «Жеті жарғы» күнінде география пәні мұғалімі Э.Изтелеуова 10-11 сынып арасында «Сыбайлас жемқорлық әдет пе, әлде мұқтаждық па?» дебат кешін өткізді. «Руханият» күнінде есімдері жадымыздан ұмытыла бастаған би-шешендердің сөздерін, Қобыланды, Алпамыс, Ертарғын батыр жырларынан үзінді оқып, оларды еске алды.

«Экоәлем» күнінде оқушылар «Мектеп аумағы-гүлденген әлем» атты үлкен науқан өткізген екен. Мектеп ауласында 1-4 сынып оқушылары гүлзарлар жобасын жасап, барлық оқушылар көшеттер, гүлдер, көкөністер отырғызды. «Еңбек» күнінде «Еңбек адамының бір күні» еске алу шарасында музыка пәні мұғалімі С.Сатқанғалиеваға арналды. О.Шонаев атындағы орта мектепте «Зерде» күнінде «Білгірлер бәйгесі» интеллектуалдық сайысы өткен-ді. Онда 8-10 сыныптан 5 оқушы өзара сынға түсті. «Жеті жарғы» күнінде жасөспірім инспекторы А.Елешова «Жалын» жас тәртіп сақшылары тобымен дөңгелек үстел ұйымдастырып, қойылған сауалдарға жауап берді. «Отан» күнінде «Менің елім-Қазақстан» этнографиялық ойын-сайыс өтіп, сайыскерлер салт-дәстүр, ұлттық киімдер, ұлттық саз аспаптары, ұлттық тағамдар туралы айтып, өзара сынға түсті. «Руханият» күнінде дауылпаз ақын, халық батыры Махамбеттің рухты өршіл жырларын оқудан, күйлерінен сайыс өтіп, сайысқа қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Т.Ибрашева, саз мәні мұғалімі Р.Даулетиярова қазылық етіп, жеңімпаздар марапатталды. Мұнда үйден оқитын мүмкіндігі шектеулі бала Ә.Құбайдуллин да қатысып, Махамбет батырдың өршіл рухты өлеңдерін тебірене оқыды. «Экоәлемде» биология пәнінің жас мұғалімі Қ.Қасенова «Табиғатпен біргеміз!» шарасын өткізіп, жобаларын қорғаған оқушылар қолдан жасаған бұйымдарынан көрме ұйымдастырды.

А.ТЕКЕБАЙ.

Super User

ads_hero