Ұлы даладағы думанды дүбір

Биылғы жылы жиын-терінді аяқтап, «балапанды күзде санайтын» ауылшаруашылығы қызметкерлерінің төл мерекелері ауданның 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

Сайын дала төріндегі сахнаға көтерілген аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы жиналған барша жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтады.

-Жыл құсындай жаңалық алып жеткен Елбасының Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауы шаруагерлер мен кәсіпкерлерге тың серпін беретіні сөзсіз. Өйткені, ауылшаруашылығы саласы қызметкерлеріне жасалатын біраз жеңілдіктермен қатар үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр, - деді аудан басшысы.

-Сондықтан бизнес жоспарын жасап, жеңілдетілген несие алып, кәсібін ашамын дегендерге жол ашық. Кейбір салық берешектерін жабу туралы Елбасы ұсынысы да кәсіпкерлерге едәуір көмек болмақ. Бұдан былай өнімді қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі ұсыныстары да кеңінен қолдау табарына еш күмән жоқ. Ең бастысы халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында жалақыны өсіруге батыл шешім алып, қажетті қаржыны есептеп шығарып, құзырлы орындарға нақты тапсырма бергені көңілге қуаныш ұялатады. Осы Жолдаудағы тың тапсырмаларды ойдағыдай орындау жолында бірлесе жұмыстанайық дегім келеді.

Бұдан соң ерен еңбектерімен аудан экономикасын дамытуға үлес қосқан бір топ шаруагерлер аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Олардың арасында «Райхан» шаруа қожалығының жетекшісі С.Бөлеков, Біріккен кәсіпорын «Первомайский» ЖШС директоры Е.Есқариев, «Дастан» шаруа қожалығының басшысы Қ.Ерманов, «Наурыз» шаруа қожалығының жетекшісі Ли Анатолий, «Алмалы құс» ЖШС директоры М.Нақпаев, «Қорған» шаруа қожалығынан Р.Жұмағалиевалар бар. Ел ырысын еселеген дала ерлерінің құрметіне ән шалқыма жолданды.

КӨКПАР ТАРТЫП ҚИҚУЛАП

Ауданның 90 жылдығына және ауылшаруашылығы қызметкерлерінің күні мерекесіне орай ұйымдастырылған көкпарға отызға жуық аттылы қатысты. Таныстырылған ереже бойынша жалпылама бір командаға топтастырылған сайыпқырандар жеке дара өнер көрсетеді.

Сонымен төреші бұйрығын күткен көкпаршылар жапатармағай ат үстінен еңкейіп, серкеге қол созды. Кіші салым, үлкен салым деп белгіленген көкпар тартысы алаңының екі басындағы шеңберге салым салғандар жеңімпаз болып есептеледі. Серкені тақымға басып, қарсыластарынан қара үзіп шыққан шабандоздар алғашқы салымдарын да салып үлгерді. Жеңімпазға сол бойда қолма-қол бес мың теңге үстатады. Бірақ көкпар көз алдымызда сылбырлау өтіп жатты. Олай дейтініміз, серкені іліп алып, атына қамшы басқан жігіттің жолын кесіп, ешкім қарсыласпайды. Құдды бір өзара келісіп алғандай. Шараны ұйымдастырушылар «бұлай болмайтынын» бірнеше рет ескертті де. Көкпаршыларды материалдық ынталандыру мақсатында салым бағасын бес мыңнан он мың теңгеге дейін көтерді. Балғымбаев шаруа қожалығынан қатысып отырған көкпаршылар бірнеше салым салғанын құлағымыз шалды. Бір өзі бірнеше салым салып, қалталарын қампайтқандар да болды. бірде-бір салым салмай, дүрмектің арасында атқа мінгеніне мәз болып, алашапқын болғандар да аз емес. Ал ақтоғайлық ағайынды көкпаршылар Нұрлыбай, Абылай Ұлықпановтар өзгелерден оза шауып, олжа салды. Оңтүстік Қазақстаннан, көршілес қырғыз елінен арнайы ат терлетіп келген көкпаршылар да ара-тұра шаң беріп тұрды. Әрине, Қазақстан телеарнасынан көрсетіліп жүрген көкпардан Қазақстан біріншілігі, халықаралық додалармен бүгінгі алақандай Махамбет ауданындағы көкпарды салыстыруға болмас. Ең бастысы: атқа аяқ артатын намысты ұлдардың қатары көбейгеніне қуандық.

БАҚ ШАБА МА, БАП ШАБА МА?

Аламанда құйрық жалы сүзілген, тұяғымен жер тарпып, ауыздығымен алысқан 21 сәйгүлік сапқа тұрды. Сөреден төреші белгі берген бойда ытырыла жөнелген жүйріктер құйма тұяқтарымен топырақты уыстап лақтырып, әп дегеннен тізгінді жіберді. Аттың жалына жабысып, қара терге малшынған тұлпарларының көзін орамалдарымен сүрткен тұйғындай ұлдардың тірлігіне риза боласың. Бірінші айналымнан бастап, қиқулаған жанкүйерлер топтың алдында басын шұлғып, ауыздығымен алысып келе жатырған сұлу мүсін сәйгүліктен көз жазбауға тырысты. Өйткені, төбесінде құлағы шаншылған тұрқы ұзын маңғыстаулық қарагердің сән мен салтанаты ерекше, шабысы жойқын. Шабандозы тізгінді тартудайын тартып-ақ келеді. Шапқан сайын өршелене түскен текті тұлпар 27 шақырымдық аламанның алты айналымында да алдына қара салмай, мәре сызығынан жеке дара өтті.

-Ал ақтық айналыс, бас қамшыны!,-деген қиқуды құлағы шалған саққұлақ шабандоздар аттың басын жіберді. Бұл кезде біраз жүйріктер жарыс жолынан шығып, біршама іріктеліп қалып еді. Сонымен күздің қара суығы жанарымызды сулап, бір-бірімен құйрық тістесіп келе жатқан үркердей топқа назар тіктеп, әлгі маңғыстаулық қарагерді іздедік. Өйткені, оның бәйгенің басында бірінші болып келетініне ешкімнің күмән, күдігі жоқ еді. Бірақ бұл жолы айды аспаннан бір-ақ шығарып, Қызылқоға ауданының жүйрігі айбоз торы төрт аяғын тең басып, мәреге бірінші болып талассыз жетіп, шабандозы Қ.Баймұратовқа бір миллион теңгенің байрағын сыйлады. Ал, екінші болып, көршілес Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданынан жеткізілген торы қасқа тұлпар мәре сызығын кесті. Ал, жұртшылық жоқтап тұрған маңғыстаулық ерен жүйрік үшінші болып қара көрсетті. Аттың бабын біледі дейтін біреулер: «аттың басын жібермей, жүйріктің мойыны қарысып қалды деп сәуегейлік айтса, енді бірі жануарға көз тиді» десті. Бақ шаба ма, бап шаба ма деген осы.

СПОРТ ДЕГЕН БІР СИҚЫР

Қазақша күреске бура сан, атан жілік жоғары салмақтағы он екі балуан білек түрініп шықты. Бір-бірінен айласын асырғандар да, қапы қалғандар да болды. Сондай іріктеулерден кейін ақтық сында Қабенов Әсет пен Қабешев Сүндет белдесіп, төрешілердің ортақ шешімімен Қабенов Әсет таза жеңіске жетіп, бас балуанға тиесілі құнан қойды еншіледі. Спортқа қойдың қандай қатысы бар екендігін қайдам, соңғы жылдары кір тасын көтерудің орнына қой көтеру сәнге айналды. Бұл жолы да тірілей салмағы 50-60 келі тартатын қойды иыққа салып көтеруден сайысқа түскен жігіттер барынша намысқа тырысып бақты. Сонымен қойды иығына салып, орнынан 35 рет отырып тұрған А.Ақылбеков үшінші жүлдені қанағат тұтса, күші қойды 44 мәрте көтеруге жеткен М.Қайрош екінші орынға лайық деп танылды. Ал, Ә.Ідіріісов қой көтеру санын 54-ке жеткізіп, бәйгеге тігілген бас жүлде-өзі көтеріп, «еңбегі сіңген» қара қойды үйіне арқалап кетті. Сайдың тасындай алты жігіт іріктеліп шыққан арқан тартыс та жігіттердің намысын қайрады. Қарсыластарын қоғадай жапырып, сүйреп ала жөнелетін Махамбет жастары командасы бас жүлдені жеңіп алды. Екінші, үшінші орындарды Бейбарыс. Ақтоғай командалары өзара бөлісті.

Аудан ардагерлеріне, мерекелік салтанатқа қаты- сушы қонақтарға киіз үйлерде дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.

Н.ЕРҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521