ads_hero

«Елбасы – ел тірегі»

Қазақ халқының тарихында тағдырлары ел тарихынан ажырамастай болып кеткен тұлғалар аз болмаған.

Еліміздің бүтіндігін ойлап, барша қазақтың басын қосып, бірлігін сақтаған тарихи тұлғалар – Керей, Жәнібек, Қасым, Есім, Тәуке, Абылай хан, Әбілхайыр хандар, ел ынтымағын жарастырған Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты ақылман билер, халық рухын көтерген Асан қайғы, Қазтуған, Бұхар сынды жыраулар, тәуелсіздік үшін күрескен Кенесары хан, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Райымбек, Жәнібек, Исатай мен Махамбет сынды батырлар, азаттықты армандап өткен Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқайлардың есімдерін тағдыр сынынан өткен соң халық өзі ардақтап, жадында ұстап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келген. Егемен елдігіміздің негізін қалап, Қазақстанның эконо- микалық, саяси, әлеуметтік, мәдени, рухани дамуына зор үлес қосқан, тәуелсіз мемлекетімізді әлемге танытып, іргелі мемлекеттермен терезесін теңестірген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тұлғасы да қазіргі таңда уақыт пен халық сынынан өткен тарихи тұлғалардың қатарында.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назар- баев тұлғасының қалыптасу кезеңдерін көрсету арқылы жастарды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында Махамбет тарихи – өлкетану музейінде Д.Төленов атындағы мектеп – гимназияның 11 сынып оқушыларының қатынасуымен «Елбасы – ел тірегі» атты тәрбие – ашық сабағы өткізілді. Сабақ барысында Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды дамыту мен нығайтудағы зор үлесі, әлемдік деңгейдегі қайраткерлік рөлі туралы баяндалды. Оқушылар Елбасы өмірінің өнегелік тұстарын арнайы дайындалған тақырыптық слайдтардан тамашалап, аталмыш білім ордасының ұстаздары Зоя Елеукенқызы мен Орынгүл Нығметқызының баяндаған дәрістерінен қажетті ақпараттар алды. Өз кезегінде сөз алған оқушылар Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тұлға болуына ықпал етуші тектілік қасиеті, «Туған жер – алтын бесік», «Елбасы және Тәуелсіздік» және Елбасының шығармашылығы тақырыбында ой қозғады. Дөкес Ақтоты «Н.Ә.Назарбаев – тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы» атты арнайы дайындаған баяндамасын оқыды.

Музей экскурсоводы А.Мурсалимова көрмеге қойылған, мұражай қорындағы Елбасына қатысты құжаттар мен кітаптарды таныстырды. Атап айтсақ, Н.Ә.Назарбаевтың сыныптан-сыныпқа көшу табелі, өз қолымен жазған өмірбаяны, «Домна» цехындағы сол кездегі әріптестерінің пікірі және т.б. маңызды құжаттардың көшірмелері. Елбасының көпке танымал шығармаларының бірі, 2001 жылы Астанадағы алғашқы резиденциясында туындаған әні – «Үшқоңырды» тыңдап, сабағымызды қорытындыладық.

Оқушылардың төл тарихымызға оң көзқараспен қарауға бағыт-бағдар беріп, ашық сабағын халық мұрасы сақталған рухани байлығының белгісі – жәдігерлермен байланыстыра өткізуге ықпал жасап жүрген Д.Төленов атындағы мектеп-гимназияның тарих пәнінің ұстаздары Зоя Елеукенқызы мен Орынгүл Нығметқызына музей ұжымы атынан алғысымызды білдіреміз. Мектеп бағдарламасынан тыс оқушыларға қазақ халқының өткені мен бүгіні, қазіргі жаңа өркениетті Қазақстанның тағдырымен байланыстыратын, тарихын білетін, өз елінің салт-дәстүрін құрметтейтін, өткенін зерделеп біліп, болашағын бағалайтын ұрпақ тәрбиелеуде қосқан үлестеріңіз зор деп білеміз. Сонымен қатар аудан көлеміндегі мектеп ұстаздары мен оқушыларын музеймен байланыс орнатып, ашық сабақтар, тәрбиелік іс – шараларды бірге өткізуге шақырамыз.

А.МУРСАЛИМОВА,

тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы.

Super User

ads_hero