ads_hero

Ел рухын көтерген Елорда

Ақжайық.«Ел рухын көтерген Астанаға – 20 жыл» атты ауылдық округ өнерпаздарының кезекті концертін Ақжайық ауылының өнерпаздары ұсынды.

Ауылдық округ әкімі Сайлаубай Дүйсенбіұлы концерт тамашалауға жиналған барша жұртшылықты Елордамыздың 20 жылдығымен құттықтады.

- Баршаңызды көркіне күллі әлем тамсанған әсем Астанамыздың 20 жылдығы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Біз Астананың қалыптасуының куәгерлері және осы ауқымды зор жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін көзбен көру бақытына ие болып келеміз. Елбасының көшелі көрегендігі мен асқан кемеңгерлігі күллі бір ұлтты қайта түлетіп, кемел мемлекет жасақтауына алып келді. Сайын даланың ендігінде, Еуразияның кіндігінде бой көтерген Астана, ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажайыптардың бірі екені шындық. Сұлулығы ұлылығын ұқтырған Ұлы дала ордасы – Қазақ үшін ұлы рухтың нышаны. Осы рухтың нышанындай айбынды, лағыл қала Астанамыздың биылғы 20 жылдық мерекесі құтты болсын, – деді С.Дүйсенбіұлы.

Ақжайықтың өнерлі ұландары мен көрікті қыздары тақырыпқа сай Астана туралы әндерін шырқап, билерін билеп, көркем сөздің көрігін қыздырып, көрерменнің көзайымына айналды. Қалқаман Сариннің «Астана» өлеңін оқып берген Салтанат Гумарова, «Ару қалам Астанам», «Ой жайлау», «Гүл Астана» әндерін шырқаған Ләззат Бағытжанова,Айгүл Тәжібаева,Жанарыс Табылды, Фараби Қамбар өз өнерлерімен тәнті етті. «Конбой» биімен ортаға жан бітірген «Қызғалдақ» бишілер тобы да қалыспады. Оралхан Ғизатов саксафонда екі шығарма орындады. Б.Файзуллаевтың «Ақ Жайықта ауылым» монологі көпке керемет әсер сыйлады.

- Ия, туған өлкемді перзенттік жүрегіммен жақсы көретінім рас. Арғы бетпен бергі бетті бөліп жатқан ақ Жайығымның нәрімен ержеттік. Мөлдірдей аққан суынан ұрттасаң, шөлің қанатын, тереңде балық қоймасы бар, қыста сәл-пәл мызғып алып, көктемде шалқып таситын суы бар осы өлкедегі халықтың өмір көзі, осы өзенім, Ақ Жайығым. Жайығымның түнде ай аунаған айдыныңа қаншама ғашық жастар, ақындар қиыла қарап, сүйсінбеді дейсің. Сенің ағып жатқан арнаңмен бірге өмір де, тарих та ағып жатыр. Тарих деп әріден қозғамай – ақ, кешегі ауданның 80 жылдығынан бергі 10 жылда қаншама ауыл бейнесі өзгеріп, көркейіп кетті десеңізші. Ия,менің де ауылым көркейді, ақ шаңқай үйлер, тақтайдай жолдар, көгілдір отын , халқына қызмет еткен мекемелер бәрі де үйлесім тауып, жаныңды жадыратады. Бірақ та кейде әжелеріміз жаққан түтін иісін сағынып, біреу от жақса «біреу от жағып жатыр» деп көзіңді жұмып, құшырланып иіскеп аласың. Ой өмір-ай, кейде сол түтіннің өзі де қарттардан қалған қазына сияқты болып көрінеді. Осындай бақытты заманда өмір сүргенімізге шүкіршілік етеміз. Ауданым, 90 жасың құтты болсын! Ауылымның түтіні түзу ұшсын. Еліміз аман болсын. Осы тілекті туған жерін сүйген, ауылда аунап-қунап өскен Ақжайық жастарының атынан қабыл алыңыздар, – делінген монологта. Өнерлі ауылдың жастары ұсынған сазды бағдарламаның қорытынды әні «Қазақстаным, ұлы Отаным» әнін Дияр Айтжан әуелете шырқады.

Алға. Алға ауылдық округі өнерпаздарының саздық бағдарламасы «Көркем қыз» би тобының орындауындағы «Қазақ биі» толқынымен басталды. Ауыл өнерпаздарының концертін ашып беру үшін сахнаға көтерілген Алға ауылдық округі әкімі Ғабиден Әбдешев махамбеттіктерді мерекемен құттықтады.

-Қазақстанның жаһандық брендіне айналып, дүниежүзіндегі әсем де жас қала ретінде танылған, Тәуелсіздік перзенті, жаңа әлемдегі Қазақстанның жарқын бейнесі, Азияның ең солтүстігінде орналасқан, «әлем қаласы» атағын алған, 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі болған Елордамыз Астана қаласының құрылғанына 20 жыл толды. Астана күні — бір қаланың ғана емес, бүкіл ел болып атап өтетін жалпыхалықтық мереке.

Себебі, Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет ретінде орнығуы, сынақтардан сүрінбей өтіп, дамудың даңғыл жолына түсуі, бәрі еліміздің бас ордасымен тығыз байланысты. Ел бола аламыз ба, әлде заманның алапат желіне ұшып жоғаламыз ба деген тағдырлы сәтте халықты биік мақсатқа жұмылдырып, болашаққа бастаған Астана — жаңғырған, жаңа Қазақстанның жарқын символы. Биылғы жыл Махамбет ауданының құрылғанына да 90 жыл толғалы отыр. Осынау мерейлі мерекелеріміз құтты болсын! - деді Ғ.Әбдешев.

Ауыл әкімінің құттықтау сөзінен кейін кезек әнге берілді. «Қазақстаным Ұлы Отаным – ай» Мұхамбет Қашқылдықов, халық әні «Әгугай домбыраны» Саяжан Құлахметова, әйгілі «Өз елімді» Сырымжан Тілеген, «Астана» әнін Нұржан Хайроллаев, «Алға, Қазақстанды» Досхан Кәбен, «Тәуелсіз қазақ елін» Жұлдыз Құрманғалиқызы мен Дильназ Жұмашева, «Тәуелсіз ел ұранын» ағайынды Мұхамбет, Асылай Қашқылдықовтар әуелетті.

Махамбет.Ел Астанасының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған ауылдық округтер өнерпаздарының сазды бағдарламасын Махамбет ауылдық округі қорытындылады. Хабарлаусыз ортаға шыққан Әли Төлеуов «Әсем-ай» бишілер тобымен бірге «Ән жүрегім – Астана» әнін орындады. Көңілді ән мен әсем биден кейін мінберге көтерілген Махамбет ауылдық округі әкімі Басерат Мыңбаев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.

-Елордамыз 20 жылдың ішінде дарынды, мақсаткер, еңбекқор, білімді жастардың арман-мүддесін бір арнаға тоғыстырған, барша қазақстандықтарды біріктірген ұлы қалаға айналды. Бүгінде ол татулық пен тұрақтылықтың, жасампаздық пен бейбітшіліктің символы ретінде тұтас Еуразияға, одан қалды, жер жүзіне лайықты үлгі болуда.

Әлемдік деңгейдегі бастамалар мен іс-шаралар Астананы жаһандық оқиғалардың ордасы ретінде паш етті. Осының бәрі — кең-байтақ Ұлы Даланың төрінде Ұлы Мемлекет құрған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дара басшылығы мен шексіз еңбегінің жемісі. Сәні мен салтанатына барша адамзат таңдай қаққан Астанамызды қастер тұту, оны дамытып, көркейте түсу — бәрімізге ортақ парыз.

Еліміздің асқақ рухы мен жасампаздығының жарқын нышаны болған Астананың 20 жылдығымен баршаңызды тағы да шын жүректен құттықтаймын! – деді Б.Мыңбаев. Махамбеттік өнерпаздар бұл күні ауыл аспанын әнге бөледі. Николай Ольденбургтің орындауындағы «Астана», Назерке Хамзина шырқаған «Елбасы», Кенжебай Адыров нақышына келтіре орындаған «Өз елім» әндері көрерменнің көңілін көтерді. Жастардан қалыспай өнерлерін ортаға салған «Қазына» ардагерлер ансамблі «Махамбет – құтты мекен» және «Бейбітшілік сақталады» әндерін тарту етті. Бұл күні дәстүрлі әндер де салтанат құрды. Гүлзира Ихсанованың орындауындағы «Ақ сұр» ат та тыңдарманға ерекше шабыт сыйлады. Ауданға қарасты балабақша қызметкерлері де қалыс қалмай, өзге ұлт өкілдерінің ұлттық билерімен сахнаға шықты. Атап айтар болсақ, «Жауқазын» бөбекжайы қызметкерлері «Корей» биімен, «Нұршуақ» бөбекжайы қызметкерлері «Өзбек» биімен, ал «Алтын балық» бөбекжайы бүлдіршіндері «Текемет» биімен тәнті етті. Кәусар Нұрланқызы «Мен қазақтың қызымын», Нұрмұхаммед Насимов, «Еркем-ай» бишілер тобымен бірге «Астана», Дәурен Сатқан «Мен қазақпын», Альбина Мидар «Туған ел», Данагүл Ағелеуова «Еркемін», Ғали Ізбасаров «Астана» әндерімен көрінді. Әли Төлеуов пен Айтжан Қожантаев та «Сайран» вокалдық ансамблімен бірге көрермен үшін әннен шашу шашты.

Баян СҮЙЕУОВА.

Super User

ads_hero