Болсайшы әкімдердің бәрі осындай!

Қазақта «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деп жатады. Сондай көргенді, ізетті, білімді қашанда халықпен қоян-қолтық араласып, ауыл тұрғындары үшін жанын салып, көптің тілін тауып, бірге жұмыс жасап жүрген ауылдық округ әкімдерінің бірі де бірегейі -Бақсай ауылдық округінің әкімі Қайыржан Мәжиев дер едік.

Ол кісі ауылымызға әкім болып, қызметке кіріскелі көп нәрсе өзгерді. Мектепке, мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа нысандар бой көтерді. Ауыл халқы «Ақ бұлақтың» таза ауыз суын тұтынып отыр. Көше тазалығына да мән беріп, тыным таппай, барлық жерді жаяу аралап жүргені. Мекеменің жанына болсын тал-терек егіп, ауылдың жасыл желекке бөленгенін қалайды.

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, ауыл ақсақалдарымен үнемі ақылдасып, ұйым-мекемелермен араласып жүреді. Мектеп пен балабақшаға да жиі бас сұғады. Ауылда жүріп жатқан қай құрылыс болсын басы-қасынан округ әкімін жиі көреміз. Ол құрылыс мердігерлерінің бұл іске араласпауын қанша өтінсе де, ауыл тұрғындарының уақытша болса да жұмысқа алынуын сұрап жүргені. Қай адам алдына көмек сұрап барса да меселін бір қайтарған емес. Қолдан келген көмегін аямайды. Ол тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдап, қамқорлық танытады. Ауылымызға қаншама адам әкім болса да дәл Қайыржан ағадай іскер әкімді көрмеппіз. Қай мәселені де оң шешіп, әділдік танытады. Көптен бері көшеаралық сайыстар, елді мекендерде іс-шаралар өтіп жүр.

Аудан орталығында өткен сайыс, байқау, фестивальдардан қалған емеспіз. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне барып, ауыл кәсіпкерлері өз өнімін аудан халқына ұсынып жүр. Ауданда өткен қайырымдылық кешінде бақсайлық науқас бүлдіршін А.Бақтығалидың еміне қаражат жиналғанынан да хабардармыз. Ол кісі адамгершілігі мол, қарапайым, кішіпейіл, ізетті жан. Көрген жерде бәрімен емен-жарқын амандасып, хал-жағдайын сұрап жатқаны. Қай іске де шын ниетпен кірісіп, жанашырлық танытып жүреді. Ауылда біраз жұмыстар атқарылды, әлі де атқарылу үстінде. Біз барлық істің басы-қасында іскер әкім Қайыржан ағамыз жүргеніне бек ризамыз. Осындай жан-жақты, іскер әкімнің барына шүкіршілік етіп, онымен мақтанамыз.

М.Ерғалиев, Қ.Ахмедияров атындағы орта мектептің мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521