ads_hero

Берекенің Бекарысы

Көрнекті жазушы В.А.Сухомлинский атап өткендей, «Отбасы – адамның жақсылық жасауға үйренетін ең басты ортасы».

Шынымен, қара шаңырақтан дарыған қазақи болмыстың арқасында адам бойында қамқор бола білу, үнемі татулықпен, ұйымшылдықпен іс атқару секілді дағдылар қалыптасатыны сөзсіз.

Баланың әрбір сәтті қадамы – отбасы үшін үлкен мәртебе. Ал мәртебесі биік отбасы мәртебесі биік елдің қалыптасуына жол ашады. Осы орайда өзінің қара шаңырағының қасиетін жоғалтпай, оның әрдайым мәртебесін асқақтатуды өзінің алдына қойған үлкен мақсаты ретінде санап, өз отбасын облыс көлеміндегі үлкен байқауда таныстырып, қасиетті қара шаңырақтан алған тәлім-тәрбиенің маңыздылығын дәлелдей түскен Махамбет ауданы, Береке орта мектебінің 11-сынып оқушысы Есенбай Бекарысты атап өткім келеді.

Есенбай Бекарыс 2018 жылдың 8 қыркүйек күні Атырау қалалық жас натуралистер станциясының базасында өткен облыстық «Менің отбасымның бағы – елімнің мәртебесі» атты байқауға қатысып, қала мен аудан мектептерінен келген бақталастарынан оза шауып, жүлделі І дәрежелі орынға ие болып оралды. Ұлтымыздың дәстүрі мен тәрбиесін ұмыт қалдырмай, еркелете отырып ер жігітке тән қасиеттерді бойына дарытқан атасы мен әжесін таныстырып, олардың айрандай ұйыған үлкен отбасы болғандығының бірден бір себепшісі екендігін атап өтті. Әкесі Даниял Есенбайұлының өз ісіне адалдығы мен ерінбейтін еңбекқорлығына тәнті екендігін айтып, отбасындағы әке рөлінің маңыздылығына тоқталды. Мейірімге толы жүрегі мен қамқорлығының арқасында алтын ұяны жылуға толтырып отырған анасын, анасының әрбір ісінен үлкен үлгі алып өсіп келе жатқан өзі мен бауырларын таныстырды. Шара барысында Бекарыс өзінің дауыс мәнерімен, өзіндік жаңашыл ойымен, қазақ ұлдарына сай сабырлы, байсалды мінезімен көрерменді бірден баурап алды. Байқаудың әділқазылар алқасының мүшесі, Атырау облыстық білім беру басқармасы Облыстық әдістемелік орталықтың бөлім басшысы Изтелеуова Зина Керейқызы «отбасы тірегі – әке, ал әке жолын жалғастырушы ұл» дей келе, ұл баланың отбасындағы әке рөлінің маңыздылығын сезініп, облыс көлеміндегі мәреге үлкен жауапкершілікпен қатысуы, әулеттің ізін жалғастырар ұлттық тәрбиені бойына сіңірген ұлдарымыздың өсіп келе жатқандығы көңіл қуантарлық жай екендігін атап өтті.

«Қарты бар ел – қазыналы ел» демекші, әрине, Бекарыстың ұлтжанды ұл болып өсуіне еліміздің береке-бірлігінің бастауы отбасынан басталатынын айтып, үнемі отбасының басын қосып, өзінің әдемі әңгімесімен марқайтып отыратын әжесі Сағадат Керімбайқызының қазақи тәлім-тәрбиесінің арқасы екендігі анық. Бекарыстың отбасында ұстаздық мамандығы ұрпақтар сабақтастығы секілді атадан-балаға дарып келе жатыр. Әулетінде 11 ұрпақ ұстаздық мамандығын таңдаған, Бекарыс – ұстаз болғалы отырған 11-ші ұрпақ. Ол қиындықтан қорықпай, өз мақсатына қарай ұмтылуды, болашақта ұстаз болып, өзінің қайтпас қайсарлығын көрсетіп, ерінбей елі үшін еңбек етуді мақсат етіп қойып отыр. Ал оның шыңдала түсуіне шаңырақтың баланың ең алғашқы ұжымы екенін ұғындыру, ұлттық тәрбиенің рухани-адамгершілік қасиетін аңғарту мақсатында ұйымдастырылған «Менің отбасымның бағы – елімнің мәртебесі» атты байқаудың да өзіндік септігі тигендігі сөзсіз.

Ж.ЖАЗЫҚОВА,

Береке орта мектебі Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Super User

ads_hero