Берекеде енді күн сайын мереке

Мерейлі мерекеге орай ауданымызға қарасты Береке ауылында су жаңа мәдениет үйі халық игілігіне берілді. Екі қатарлы, 200 орындық зәулім ғимарат енді берекелік таланттар мен тұрғындар үшін қызмет етеді.

Жаңа мәдениет үйі Атырау облысы құрылыс басқармасының тапсырысымен, «НКОК» компаниясының демеушілігі нәтижесінде салынған. Бас мердігері «Алтим» компаниясы. Мәдениет үйінің ауданы 1267 шаршы метр. Ғимарат құрылысына шамамен 305 миллион теңге қаражат жұмсалыпты. Клубта ауылдық мәдениетті дамытуға барлық жағдай жасалған. Әкімшілік және техникалық жайлар, кең көрермендер залы, кең сахна, реквизиттер бөлмесі, грим жасау бөлмесі, кітапхана және касса орналасқан. Жобаны іске асырған мамандар техникалық қолдауды да ескеріп, екінші қабатта оператор бөлмесін, дыбыстық және жарық беру жабдықтарына арналған бөлмелерді, балкондар мен көркем және үйірме қызметтеріне арналған шеберханалар салуды да ұмытпапты. Ғимарат айналасына жасыл желек отырғызу да қарастырылған.

Осындай керемет үлгіде салынған нысанның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мардан Сейтқалиев ауыл тұрғындарын шын жүректен құттықтады. -Астананың 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп жатырған қуанышты сәтпен баршаңызды құттықтаймын. Енді жергілікті өнерпаздар өз өнерлерін арнайы өнер ордасында шыңдай алады. Ауылымыз көркейе берсін. Осындай зәулім сарайлар көбейе берсін. Әсем ғимаратты салуға демеушілік көрсеткен «НКОК» компаниясына да, құрылыс жұмыстарын жүргізген «Алтим» компаниясына да алғысымыз шексіз, – деді Мардан Жұмахметұлы. Ауыл тұрғындарының атынан жүрекжарды лебізін білдірген Алмалы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самиғолла Зинуллин Береке ауылының әуелден өнер қонған қасиетті мекен екенін, осындай киелі топырақта зәулім өнер ордасының бой көтергені бүкіл ауылға қуаныш сыйлағанын айтты. Ауданымыздың, ауылымыздың мәдениеті өркендей берсін деген ақ тілегін де арнады.

«НКОК» компаниясының әлеуметтік инфрақұрылым жобалары департаментінің менеджері Руслан Әубәкіров те өз кезегінде бір-екі ауыз лебізін білдірді. -Компания Атырау мен Маңғыстау облыстарының түрлі аудандарындағы инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы бойынша көмекке зәру елді мекендерде мәдениет, денсаулық сақтау және білім беру ғимараттарын салуды жалғастыруда. Нысандардың ашылуы дарынды балалардың және белсенді ересектердің бос уақыттарын пайдалы түрде өткізуіне мүмкіндіктерін кеңейтіп, шығармашылық ұжымдарға арнайы тұрақты мекен-жайды қамтамасыз етеді. Бұған дейін осы ауылда 250 орындық мектеп құрылысын аяқтаған болсақ, бүгін 200 орындық мәдениет үйінің кілтін табыстағалы отырмыз, – деді компания менеджері. Келесі кезекте аудан әкімінің орынбасары Мардан Сейтқалиев пен «НКОК» компаниясының әлеуметтік инфрақұрылым жобалары департаментінің менеджері Руслан Әубәкіров нысанның лентасын қиып, тұсаукесер рәсімін жасады. Салтанатты шараны ауыл өнерпаздары әсем ән-күйлерімен әрледі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521