ads_hero

Бұрын тарадық, енді бірігуге зәруміз

Соңғы жылдары еліміз бойынша экономиканы табиғи шикізатқа тәуелділіктен арылтып, оның орнына ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтып, өңдеу, қайта өңдеу арқылы тұтынушыларға сапалы, қолжетімді тауар ұсыну бағытындағы бағдарламалар қабылданып, жүзеге аса бастады.

Бұл орайда, Елбасы ұсынған «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасының да ауылдағы ағайынға берері мол, болашағы зор бағдарлама екендігін айтуға тиіспіз. Қазірдің өзінде оның игілігін ауылдастар көріп отыр десек, артық айтқандық емес. Оның бір жарқын мысалы, облыс әкімдігінің қолдауымен Бақсай ауылдық округіне қарасты Көздіқара, Томан Есмақан елді мекендеріне табиғи газ желісі тартылды. Мұның өзі ауылдағы жұмыссыз жастардың кәсіп ашып, адал еңбектерімен нәсіптерін табуға жол ашары сөзсіз. Жалпы жұмыс істеймін деген шын ниеті бар адамға ауылда да мүмкіндік мол.

Біз де туған ауылымыздың патриоты ретінде ауылшаруашылығын дамыту жөніндегі бастамаларға үн қосып, 2017 жылы «Бақсай» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативін құрған болатынбыз. Жаңа құрылымның Жарғысы, басқа да құжаттары заңдастырылды. Аудан әкімінің қолдауымен бизнес жоспарларымызды жасақтап, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» (Басшысы Г.Шалагулова) арқылы 23 млн. теңге жеңілдетілген несие алдық. Сол қаражатқа жиналмалы, құрастырмалы шағын мал сою цехын, тоңазытқыш, Газель автокөлігін сатып алдық. Өз күшімізбен цех жанынан мал өнімдерінің сапасын тексеретін зертхана тұрғызылып, электр желісі тартылды.Санитарлық талапқа сай құдық, кәріз, су жүйелері іске қосылды. Алынған қаржының елу пайызы Үкімет есебінен субсидияланды. Бұл біз үшін үлкен көмек болды.

Бастаған ісімізді тезірек аяқтап, іске кірісу үшін аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы да мүдделілік танытып, қолдан келген көмегін аяған емес. Өндіріс орнына газ тартып беруді құзырлы орындарға тапсырып, өз бақылауында ұстап отыр. Мұндай қамқорлығы, қолдауы үшін аудан басшысына алғысымыз шексіз. Өйткені, осы өндірістік кооператив шаруасымен талай лауазымды тұлғалармен бетпе-бет келдім. Олардың қай-қайсысы да сөзге келместен, шаруамды оң шешіп берді. Аудан әкімінің қолдауымен кооператив жұмысын жүргізу үшін қажетті жеті гектар жер телімін өзіміз қалаған жерден алуға қол жеткіздік. Картадан қарап, «сайрап» отырған аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғибрат Мырзағалиевтың өз ісін жетік білетіндігіне, алғырлығына таң қалдық. Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Олжас Мырзабаев та кооперативтің қаз басып, қалыптасуына аз еңбек сіңірген жоқ. Ал, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Мұратбек Сидеғалиев, аудандық ветстанса бастығы Айтқали Төлегеновтер коопертив малын түрлі ауруларға қарсы екпеден өткізіп, мал-дәрігерлік жұмыстарды жүйелі жүргізу, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау жөнінде кәсіби маман ретінде үнемі кеңестерін беріп, практикалық көмектерін көрсетіп келеді.

Бір ескеретін жайт, алғашында кооперативке өз еріктерімен өтініштерін жазып, жарнасын төлеп дегендей, 35 адам мүшелікке өткен еді. Бірақ уақыт өте келе бірден жұмыс нәтижесін көре алмағасын шыдамсыздық танытып, көпшілігі мүшеліктен шығып, өз жөндеріне кетті. Күні бүгін «осы бастаған ісімізді аяғына жеткізбей тынбаймыз, кездескен қиындықтарға төтеп береміз» деп өзара серттескен сегіз жігіт өндірістік кооперативті күзге салым іске қосуға жұмыла жұмыстануда. Уақыт өткен сайын Тәуелсіз еліміз гүлденіп, өркениетке бір табан жақындап келеді. Бұрындары бір үйде соғым сойылатын болса, әлекедей жаланған 5-6 жігіт ірі қараны екі сағат шамасында бұтарлап, соңынан асықпай ыссы қуырдаққа қалып, күні бойы соғымды «тойлап» жүретіні баршаға аян. Ал, ертең цех іске қосылғанда соғым малын бізге әкеліп, жаңа технология көмегімен сапалы сойғызып, үстіне тиын-тебенін төлеп, ішек-қарынын да аршытып, жуып-тазалатып алуларына мүмкіндіктері бар. Күні бүгін өз мәселемізді өзіміз шешу мақсатында кооператив мүшелері болып ақылдаса келіп, банктерден несие алуға бел буып отырмыз. Мұндай тәуекелдің кооператив үшін көп шығын әкелетінін де сеземіз, бірақ басқа амал жоқ. Сондықтан алға қарай заңдылығын қарап, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы сияқты ірі қаржылық институттар арқылы 50-100 млн. теңге мөлшерінде қайтарымды несие алуға жәрдемдесетін жан табылса, нұр үстіне нұр.

Данияр МУРЗАКАЕВ, «Бақсай» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы

Кенжегул

ads_hero