«Атырау-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі алғашқы мәжілісін өткізді

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Т. Жұмағұловтың төрағалығымен «Атырау-адалдык алаңы» жобалық кеңсесінің алғашқы мәжілісі өткізілді.

Онда жобалық кеңсе жұмысын одан әрі жетілдіру бағытындағы мәселелер талқыға салынып, нақты жоспарлар жасалды. Мәжілісті ашқан департамент басшысы Т. Жұмағұлов бұл кеңседе әр сала бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасалатынын, кеңседе мемлекеттік қызметкерлермен қатар қоғамдық бірлестік, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бірлесіп жұмыс істейтінін, яғни нақты шаралар осында қабылданатынын атап өтті. Одан әрі Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Ж.Қаражанов «Атырау –адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы жөнінде баяндама жасады:

-Жарғыға сәйкес жобалық кеңсенің жұмысы 2019 жылдың желтоқсан айының 31-не дейін белгіленген, алайда аталған мерзім ұзартылуы мүмкін. Жобалық кеңсенің жұмысы жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қамтиды және тұрмыстық сыбайлас жемқорлық деңгейін азайтуға бағытталатын болады. Бұл жұмыстар өздеріңізге белгілі бұрыннан жасалып келеді. Жобалық кеңсенің басты мақсаты ендігі уақытта осы жұмыстарды жүйелендіру, айқындалған нақты бағыттар бойынша одан әрі жандандыру болып табылады. Жарғыда көрсетілгендей, нақты бағыттар өңіріміздің ерекшелігін, тұрғындардың көп шағым жасайтын салаларын ескере отырып, айқындалған. Оның ішінде облысымызда балық шаруашылығы, жер, білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй мәселесі секілді салалар түйткілді болып тұр.

Бұған қоса жыл сайын осы аталған салаларда қоғамдық жаңғырық туғызатын лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық қылмыс жасап, құрықталу жайттары кездеседі. Бұған мысал ретінде жаңа жыл қарсаңындағы облыстық Білім беру басқармасында орын алған жағдайды атап өтуге болады. Сол секілді жобалық кеңсенің Жарғысында қызметтік міндеттерін тиісінше атқармаған қызметкерлердің жауапкершілік мәселесі көзделген.

Аталған жобалық кеңсенің жұмысы Елбасының жолдауында нақты көрсетілгендігін және Президент Әкімшілігінің бақылауында тұрғандығын ескерсек, жауапкершілік мәселесі жоғары екендігін атап өткен жөн. Дегенмен, осы жобаның жұмысына тікелей әрекет ететін мемлекеттік органдардың басшылары мен қызметкерлерінің жауапкершілік мәселесін дұрыс сезінбеуі байқалады.

Жобалық кеңсенің жұмысының тиімділігі қызметкерлердің сауаттылығына, жұмыстың бағытын білуіне байланысты болғандықтан жоғарыда аталған семинар өткізілген болатын. Алайда, Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан А.Кенжебеков, Ауыл шаруашылығынан Т.Әміров, Балық шаруашылығынан С.Жылқышиева, Өңірлік коммуникациялар орталығынан Р.Жолымбетова мен Қ.Хамза қатыспаған.

Сондықтан, құрметті әріптестер, жобалық кеңсенің жұмысына жауапкершілікпен қараған жөн. Бұл өз кезегінде өздеріңіздің қазіргі уақытта атқарып жатырған жұмыстарыңыздың бір бөлшегі, яғни Сіздер басқа органның жұмысын немесе басқа қызметті атқарып жатырмын деген ой туындамау керек. Тиісінше облыс әкімдігі мен Департамент те жобалық кеңсенің жұмысына белсене араласатын болады. Бұған толық көлемде облыс әкімдігімен пысықталған келісім бар.

Бұдан басқа жарғыда көрсетілгендей, жобалық кеңсенің жанынан қоғам, бизнес, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен тұратын Сараптамалық кеңес құрылады. Өз кезегінде осы сараптамалық кеңестің жұмысына қоғам белсенділерін, үкіметтік емес ұйым өкілдері, кәсіпкерлер мен арнайы мониторингтік топтың мүшелерін кеңінен тарту жоспарланып отыр және бұл үлкен мүмкіндік болып табылады. Осы арқылы жобалық кеңсенің ашықтығын, халыққа жақындығын біз насихаттайтын боламыз. Әрине, жұмыс бағытында туындайтын қиындықтар болады, дегенмен мақсат айқын, Елбасының нақты тапсырмасы бар және бастысы қоғамда мемлекетте өзгерістер енгізуге мүдделілік бар. Сондықтан қиыншылықтарды бірлесіп шеше аламыз деген үміттеміз, - деді Ж.Қаражанов. Б.СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521