Ашық есік күнінде маңызды мәселелер қозғалды

Кезекті «ашық есік» күнін аудан әкімінің орынбасары З.Мұқаш жүргізіп отырды.

Алдымен сөз алған Қазақ соқырлар қоғамының Махамбет аудандық филиалының төрағасы Т.Кенжалиев ауданда соқырлар қоғамы көптен бері жұмыс жасап келе жатқанын, алдағы уақытта соқырлар арасында облыстық деңгейде «Есті де ескірмейтін әндер» атты ән фестивалін өткізгісі келетінін, оған әр облыс, ауданнан үш орындаушыдан қатыстыру ойда барын, сонымен қатар «Үлгілі отбасы» байқауын күзде өткізу жоспарын алға тартып, соған демеушілік көмегін тартуға ұсыныс тастады. Оған жауап берген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.Аруев «Сағындырған әндер-ай» атты байқау бұрыннан жоспарда барын, оны қазан айында өткізуді қолға алып отырғанын, тіпті демеуші де табатынын айтып, сендірді. Аудан әкімінің орынбасары С.Аманшиева «Үлгілі отбасы» байқауын өткізу дәстүрлі түрде бұрыннан барын, тек ұсыныс берілуі тиістігін айтты.

Теміржан ағаның жұбайы Майра апамыз отағасының тек Қазақ соқырлар қоғамының жұмысымен келіп, өзіне отбасы мәселесі жүктелгенін, үлкен шаңырақта қызы, інісі, баласы жанұяларымен бәрі бірге тұрып жатқанын, Камила қызының 4 баласы барын, бәрінен қинайтыны пәтерінің жоқтығы екенін айтып, қызына жалдамалы болса да үй берілсе деген ұсыныспен келгенін жасырмады. Аудан әкімінің орынбасары З.Мұқаш үй тек заңға сәйкес берілетінін, көпбалалы аналарға арнап, тағы да үй сатып алу жоспарда барын, 60 пәтерлік үйлер салынып жатқанын меңзеді.

Күміс алқа иегері С.Серікова да баспана мәселесімен келіпті. Өзі бүгінде Махамбетте апаттық жағдайдағы Абай көшесі, 87 үйде тұрып жатқанын, өзі кезекте №259 болып тұрғанын, ал атаулы әлеуметтік көмек алу үшін тұрақты тіркеуге Ақтоғай ауылында тұрғанын, бірақ әлі күнге дейін сол ақшасы қолына тимегеніне ренішін білдіріп, бұл мәселені тез арада шешіп беруді сұрады. Оған уақытша тіркеуге де тұрып, көмек ақша алуға болатыны қаперленді. Алтынбек есімді жігіт баласы екеуі тұрғын үй кезегіне №108 болып тіркелгенінін, төрт жылдан бері үй жалдап жүргендерін, бұрынғы ата-анасының үйіндегі тіркеуден шығып қалғанын, қазіргі уақытта Атырау қаласында жұмыста екенін айтып, тұрын үй кезегі жылжымайтынына ренішін білдірді.

Кәсіпкер Н.Туманова несие алып, өз кәсібін ашқанын, бірақ өзі тұратын М.Ерғалиев көшесінде әлі күнге дейін тасжол жоқтығын, алты жылдан бері әкімдердің берген құрғақ уәдесінен шаршағанын жеткізді. Оған аудан әкімінің орынбасары ұсыныс берілсе де, жобаға кірмегенін, жобада ЖСҚ жоқ көшелер асфальтталмайтынын, себебі, қаражат қаралмағанын түсіндірді. Енді алдағы уақытта жаңадан ЖСҚ жасақталып, қаралатынын ескертті.

Махамбет тұрғыны А.Мүтиева өзі тұратын Тәуелсіздік көшесінде тасжол жоқтығын, әсіресе, жаңбыр жауса, ми балшық қиындық тудыратынын айтып, ол жаққа қашан жол салынатынын сұрады. Оған да бәрі жобаға сәйкес жүргізілетіні қаперленді. Ал Махамбет тұрғыны Ж.Дүйсенбаева әлі күнге тұрғын үй кезегін күтумен келе жатқанын, тіркеуде ата-анасында екенін, бүгінде жұмыс бабымен Атырауға кеткенін, кезегі №29 болса да бір баспанаға қолы жетпей жүргеніне ренішін жасыра алмады. Оған заң шеңберінен ешкім аттап кете алмайтынын, заң тәртібі солай екенін, жалпы мұқтаж адамдарға үй алынып жатқанын, тұрғын үй жобасына сай қаражат берілетінін еске салды.

Береке ауылының тұрғыны А.Тулешова отбасында үш баласы барын, жастар жылында өз кәсібін ашқысы келетінін жасырмады. Шағын дүкен сияқты кәсіп ашудың қандай бағыттары, көмектері барын сұрап, өзі «Бизнес-бастауда» 2018 жылы оқығанын, бірақ несиеге қол жеткізе алмағанын алға тартты. Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры С.Қожрақов оған орталыққа келіп, бағдарламалармен, жеңілдіктермен, несие алу жолдарымен танысуға болатынын ескертті.

Алмалы ауылының тұрғыны А.Парихова жерге берген арызы үшті-күйлі жоғалып кеткенін, өзі көпбалалы ана екенін алға тартты. Кезінде босалқы жерге арыз қабылданғанын, ол жер ауыл шаруашылық мақсатында болғандықтан онда үй салуға болмайтынын халықтың білмегенін, жер кезегінде 4600 адам кезекте тұрғанын, оған қайта барып, округ әкіміне жерге арыз жазу керектігін ескертті. Махамбет аудандық ауруханада жұмыс істейтін Бекзада есімді фельдшер апатты үйде екі баласымен тұрып жатқанын, тұрғын үй кезегінде №19 болып тұрғанын, жұмысқа кеткен сайын балаларын ескі үй құлап, басып қала ма? деп қауіптенетінін жасырмай, қызметтік үй сұрай келгенін жеткізді. Сонымен қатар әлі күнге дейін қоқыс жәшігін қоймағанын ескертті.

Аудан әкімінің орынбасары С.Аманшиева енді оған өз кезегін күтуді, оның жұмысы тікелей облысқа қарайтындықтан қызметтік үй бере алмайтынын қаперледі. К.Габдуллина Ақжайық ауылдық округінің қыр жағынан жер сұрай келген екен. Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғ.Мырзағали жер конкурс арқылы берілетінін, егер ол конкурс бойынша ұтып алса, қай жер ұнайды, сол жерді ала алатынын ескертті.

Махамбет ауылының тұрғыны М.Ақжігітова тұрғын үй кезегінде 2013 жылдан бері тұрып келе жатқанын, кезекте №48-ші болып тіркеліп тұрғанын айтып, бір баспанаға қолы жетпей жүргенін меңзеді.

Ашық есік күніне келген махамбеттік Салима есімді апай медицина саласында еңбек ететін келініне берген үй өте ескі, іші-сырты қоқысқа толы мал қорадан аумағанын, сарайы құлайтын деп тұрғанын көріп шошып кеткенін айтып, ренішін жасыра алмады. Оны тек уақытша тұруға ұсынғанын, егер үйді алмаса онша қыстамайтынын жеткізді. Ашық есік күнін аудан әкімінің орынбасары З.Мұқаш қорытындылады.

А.Текебай

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521